Интернеттен ақпарат іздеу

Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қапал ауылы. Есболған Жайсаңбаев атындағы орта мектеп.

Информатика пәнінің мұғалімі: Исаев Абылай Есетұлы

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік

    Оқушыларға ауқымды компьютерлік желі, желідегі серверлердің атқаратын қызметі, Интернет желісі және электрондық пошта туралы түсінік беру. Интернеттен ақпарат іздеу және алу, электрондық поштамен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру.

  • Дамытушылық

    Интернетте ақпарат іздеу, электрондық байланыс арқылы хабар жіберу және қабылдау мүмкіндіктерін түсіндіру арқылы алған білімдерін толықтыру, ой-өрісін дамыту.

  • Тәрбиелік

    Оқушыларды ұқыптылыққа және жинақылыққа тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Компьютер
  • Интерактивті тақта

Сабақтың түрі

Аралас сабақ

Сабақтың барысы

  1. 1

    Ұйымдастыру

  2. 2

    Өткен материалды қайталау

  3. 3

    Жаңа сабақты түсіндіру

  4. 4

    Компьютермен жұмыс

  5. 5

    Үйге тапсырма

  6. 6

    Сабақты бекіту

Өткен материалды қайталау сұрақтары

  • Компьютерлік желі дегеніміз не?

  • Жергілікті желінің қызметі қандай?

  • Корпоративтік және аймақтық желілер деген не?

  • Шлюз деп нені атайды?

  • Желілік құрылғыларға не жатады?

  • Желілік адаптердің қызметі қандай?

  • Интернетке қандай анықтама беруге болады?

Жаңа сабақты түсіндіру

Ауқымды компьютерлік желі

Бір немесе бірнеше желіні өзара байланыстыру желілер арасындағы байланыс немесе ауқымды желі деп аталады. Ауқымды желі қала, аймақ, ел, тіпті бүкіл Жер шарын қамтуы мүмкін.

Көп жағдайда құнды ақпарат сақталатын ұйымдардың компьютерлері ауқымды желіге қосылғанымен, сыртқы пайдаланушыларға ішкі желіге тікелей қосылуға рұқсат берілмейді. Мұндай кезде шлюздік компьютерлер қорғаныс қызметін атқарады. Олар брандмауэр (firewall) деп аталады: әкімшілік рұқсат еткен ақпарат қана осы құрылғы арқылы өтеді.

Интернет және серверлер

Миллиондаған компьютердің байланысынан құралған ақпараттық кеңістік Интернет деп аталады. Ең қарапайым анықтамасы — «желілердің желісі».

Интернетке тұрақты қосылған және желінің басқа бөліктерімен ақпарат алмасуға қатысатын компьютерлер серверлер деп аталады.

TCP/IP хаттамалары және IP-адрес

Серверлер TCP/IP стандартты хаттамалар жиынын қолданады. Бұл — екі бөлек хаттаманың бірлескен жұмысы:

  • TCP ақпаратты пакеттерге бөледі және қабылдаушы жақта қайта жинауға жауап береді.

  • IP пакеттердің желі арқылы берілуін және адресатқа жетуін басқарады.

IP-адрес үлгісі

198.137.240.100

Компьютерді Интернетке қосу үшін оны тұрақты IP-адресі бар компьютермен байланыстыру қажет.

Провайдер (Internet Service Provider)

Интернетке қосылуға мүмкіндік беретін ұйымдар Интернет қызметін жеткізушілер немесе сервис-провайдерлер деп аталады.

Мысалдар

Nursat, S&Communications, Parasang, Ducat, Қазақтелеком, Тарлан және т.б.

Интернеттің негізгі қызметтері

Интернет поштасы

Интернетке қосылған әрбір пайдаланушыға электрондық пошта адресі беріледі. Провайдер серверінде пошта жәшігі құрылады. Хабарлар адресат серверге қосылғанға дейін сол жәшікте сақталады.

Телеконференциялар

Поштаның дамуы нәтижесінде қалыптасқан қызмет. Көбіне жаңалықтар тобы (newsgroups) деп те аталады.

World Wide Web (WWW)

Ең кең тараған қызмет. Әдетте Web деп қысқартылады. Интерактивті түрде жұмыс істеуге, ақпаратты жылдам табуға және жинауға мүмкіндік береді.

WWW негіздері: HTML және гиперсілтемелер

WWW қызметін пайдалануда екі негізгі ұғым бар: HTML құжат пішімі және гипермәтіндік сілтемелер.

HTML құжаттары

HTML — компьютерлік желіде тасымалданатын мәтіндік құжаттарды пішімдеуге арналған арнайы тіл. Web-құжаттар басып шығаруға емес, негізінен экранда көруге арналған.

HTML құру бағдарламалауға ұқсайды: автор кәдімгі мәтінге арнайы кодтарды енгізеді. Бұл кодтар тегтер деп аталады.

Гипермәтіндік сілтемелер

Гиперсілтеме — мәтіннің немесе суреттің басқа Web-құжаттың желілік адресімен байланысқан бөлігі. Әдетте ол астын сызу немесе басқа түспен ерекшелену арқылы көрінеді.

Пайдаланушы гиперсілтемені шерткенде, басқа серверде немесе басқа құрлықта орналасқан компьютердегі Web-параққа жылдам ауысу орындалады.

Web-парақ адрестері және браузерлер

Әрбір Web-парақ — жеке Web-құжат. Олардың кең тараған кеңейтімі: .htm немесе .html.

HTML пішіміндегі құжаттарды оқу үшін арнайы бағдарлама керек. Мұндай бағдарламалар браузерлер деп аталады. Кең тарағандары: NetScape Navigator және Internet Explorer.

Интернеттен ақпарат іздеу

Гиперсілтемелер арқылы Web-парақтар арасында шексіз ауысуға болады. Ал нақты ақпаратты жылдам табу үшін арнайы іздеу серверлері пайдаланылады.

Іздеу серверлерінің негізгі екі түрі бар:

  • Іздеу каталогтары — ақпаратты тақырыбы бойынша іздеуге арналған.

  • Іздеу индекстері — алфавиттік көрсеткіш және түйінді сөздер арқылы жұмыс істейді. Белгілі бір сөзді немесе сөз тіркесін енгізу арқылы сол термин кездесетін құжаттарды тез табуға болады.

Электрондық пошта (E-mail)

Электрондық пошта Electronic mail немесе қысқаша E-mail деп аталады. Пошталық адрес @ белгісімен бөлінген екі бөліктен тұрады:

  • сол жақ бөлігі — пайдаланушының жергілікті аты (логин)
  • оң жақ бөлігі — домен аты

@ белгісі күнделікті тілде «ит» немесе «маймыл» деп те аталады.

Мысал

Егер адрес school12_gim@mail болса, онда school12_gim — пайдаланушы аты, ал mail — домен.

Пошталық бағдарламалар

Әртүрлі операциялық жүйелерге арналған пошталық бағдарламалар: Microsoft Exchange, Outlook Express, Microsoft Outlook, Internet Mail, Eudora, Exchange Mail және т.б.

Компьютермен жұмыс

1) Желіде жұмыс істеу

Желілік ортада ақпарат алмасу, байланыс мүмкіндіктерін қолдану.

2) Электрондық поштамен жұмыс

Хабар құрастыру, жіберу, қабылдау және пошталық жәшікті басқару.

Сабақты бекіту сұрақтары

  • Ауқымды желі дегеніміз не?

  • Брандмауэр дегеніміз не?

  • Интернетке қандай анықтама беруге болады?

  • TCP/IP хаттамалары қандай қызмет атқарады?

  • Провайдер дегеніміз не?

Үйге тапсырма

8.5–8.6 тақырыптарын оқу.