Король сөзі

Тілашар тойы

Мақсаты

Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің алғашқы айдағы жетістіктері мен жеңістерін мерекелеу. Өткен күндердің нәтижесін көрсетіп, алдағы уақытқа нақты мақсат қою. Ата-аналар мен ұстаздармен қуанышты бірге бөлісу.

Өту форматы

Іс-шара өткен ғасырға саяхат түрінде ұйымдастырылады: ХХ ғасырдағы хандықтар мен корольдіктер әлеміне саяхат сабағы, корольдіктегі балл бейнесінде өтеді.

Өтілу барысы

1) Мұғалімнің құттықтау сөзі

Адам болар баланың, Қайтармайық талабын. Мектепті алғаш аттаған, Құтты болсын қадамың.

Музыка ойнайды (фанфары).

Балалар екі-екіден, маска тағып, қыздардың қолын ұстап залға кіреді.

2) Жүргізушінің сөзі

Жол беріңдер! Атақты Әліппе королі келеді!

Музыка ойнайды.

Король кіреді. Балалар бас иеді. Король сөз сөйлейді.

3) Әліппе королінің сөзі

Құрметті ханымдар мен мырзалар, Әліппе корольдігінің Тілашар балына қош келдіңіздер! Мен — Әліппе королі. Сіздерге жарты жыл бойы басшылық етіп, өз білгенімді үйретіп, әрдайым ақыл-кеңес беріп, бағыт көрсетіп отырамын. Сендердің міндеттерің — айтқанымды тыңдап, мұқият құлақ асу!

Ұрпақпен ұласады мұрат-арман, Бәйтерек бой көтерер құба талдан. Тойлаңдар, қуаныңдар, ағайындар, Шалқып қайт, шаттық тойы — Тілашардан!

Ән

«Мектебім» — балалар хормен орындайды.

4) Әліппе королінің жарлығы

Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Әліппе королінің бұйрығын тыңдаңыздар!

Қазанның 30-ы күнінен бастап корольдіктегі барлық оқушыларға төмендегіні бұйырамын:

  • Көп оқып, білімді болу.
  • Күн сайын жақсы баға алу.
  • Тәртіп бұзбау.
  • Белсенді болу.
  • Мектеп ережесін сақтау.
  • Басшыны тыңдап, бағыну.
  • Дәптерді таза ұстау.
  • Кітапты жыртпау.

Бұйрық бүгіннен бастап орындалсын! Кімде-кім бұйрыққа бағынбаса, ережені бұзса — жаза қолданылсын!

5) Есеп-қисап бөлімі

Корольдің сұрағы

Есеп-қисап жағынан не дейсіңдер?

Жауап

Құрметті Әліппе королі, корольдікте 16 оқушы бар: 11 ұл және 5 қыз. Сыныпта 3 парта, 2 кітап сөресі, 1 тақта бар. 9 оқулық және 13 жұмыс дәптерімен жұмыс жасаймыз.

Король: Жақсы, жақсы! Бір ай бойы есеп-қисапты жақсы меңгеріпсіңдер. Ендеше, серілер, алдарыңда айдай сұлу қыздарым өз өнерін көрсетпек. Сендер де жауаптарыңды қайтарыңдар.

6) Әдеби монтаж (қыздар)

Қолға кітап аламын, Маржан сүзіп табамын. Жарқыратып кеудеме, Жұлдыз етіп тағамын. Мен мектепке барамын, Өмірімнің көктемін. Сенде өтеді деп келдім, Алтын ұям — мектебім! Армандарым көп менің, Атқарамын деп келдім, Асыл анам — мектебім! Ақылшым — асыл ұстазым, Жолымды айқын нұсқадың. Қасыма келіп қаншама, Қамқор боп қалам ұстадың. Жақсы кітап — «Әліппе», Үйретеді әріпке. Қуыршақпен қоштастым, «Әліппемен» достастым. Мектеп деген — білім кені, жыр кені, Мектеп деген — ғылымның ең үлкені. Мектеп деген — тәрбиеші адамға, Мектеп деген — даналардың мекені.

Король: Жарайсыңдар, жұлдыздарым! Ендеше келіп тапсырма алыңдар: мына сөздерден мақал құрастырып, мағынасын түсіндіріңдер.

Ән

«Ұстазым» — қайырмасында ұлдар қосылады.