Жуан және жіңішке сұрақтар стратегиясы
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
Мақсаты
Оқушылардың халық арасында ежелден қолданылып келе жатқан металдар туралы білімін толықтыру: олардың қасиеттері, адамға қажеттілігі және қолданылу аясының кеңдігі.
Міндеттері
- Сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы арқылы өзіндік жұмысқа дағдыландыру, талдау мен сараптауды қалыптастыру.
- Логикалық ойлау қабілетін және тұлғалық қасиеттерін дамыту.
- Өз бетінше және бірлесе жұмыс істеуге, өзгенің пікірімен санасуға тәрбиелеу.
Сабақ форматы
- Сабақтың түрі: сайыс сабағы
- Қолданылған технология: СТО жобасының элементтері
- Әдісі: іздену-зерттеу
Көрнекілік
- Металдар жиынтығы, дидактикалық кестелер, металл бұйымдарының түрлері.
- Металға бай тағамдардың суреттері.
- Қ. Сәтпаевтың нақыл сөзі жазылған плакат.
Қ. Сәтпаев: «Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген азамат, бөгде жердің алтын тасын да мақтап жарытпақ емес».
Сабақтың барысы (жоспар)
1) Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылардың танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру, сыныпты үш топқа бөлу.
2) Қызығушылықты ояту
«Ой қозғау» стратегиясы: Қ. Мырзалиевтің «Менделеев кестесі» өлеңін тыңдай отырып, өлеңде қанша металл элементтің атауы аталғанын анықтау тапсырмасы беріледі.
Өлең үзіндісі
Балалықпен байқамаппын, ол кездерде аңғалмын,
Менделеев кестесіне қарап тұрып таңғалдым.
Таңғалдым да ойға шомдым, жасырамын несіне,
Химия емес, осы кесте салды өмірді есіме.
Кім ойлаған формулалар қозғайды деп шеріңді,
Ұядағы әр элемент бір тағдыр боп көрінді.
Анау емес, мынау емес – титан болу сырың ба?
О, жасаған! Титан неге жиырма екінші орында?
Темірдей деп мақтаушы едік, темірдің де кезі өткен,
Кезі өтпесе, тұрар ма еді жиырма алтыншы кезекте?
Былқ етпейтін сабырлы да салмақты болғасын,
Тоғызыншы қатарға әрең ілігіпті қорғасын.
Ал орнын сұрама сен, айтуға оны ұялам,
Сығалайды ол бейшара ақырғы бір ұядан.
Элементтер ішінде де қатты сірә қақтығыс,
Шылапшындық мысыңнан да тұр кейіндеу ақ күміс.
Күміс дейміз, күмістің де өмір емес өмірі –
Екінші емес, үшінші емес – қырық жетінші нөмірі.
Қалай саған, ұнай ма бұл? Ұнаса егер, ал тыңда:
Жүлделі орын тимей қалған платина алтынға!
Жетпіс сегіз, жетпіс тоғыз – екеуінің кезегі,
Екеуі де жаратқаннан бір қиянат сезеді.
Тас-талқанын шығарғысы келгендей бір шетінен,
Платина сұп-сұр болып, қаны шыққан бетінен.
Құрметті төр тимесе, егер шын асылда бар ма айып?
Өз орнын күте-күте кеткен алтын сарғайып.
3) Мағынаны тану
«Джиксо» стратегиясы: оқушылар берілген тапсырмалар бойынша жұмыс істеп, кеңінен қолданылатын металдар туралы мағлұмат жинақтайды.
I топ
Адам ағзасындағы металдардың биологиялық рөлі (натрий, йод, кальций, алтын, селен, қорғасын және т.б.).
II топ
Металдардың адам өміріндегі маңызы: өнеркәсіп, техника, шаруашылық және күнделікті тұрмыста қолданылуы.
III топ
Құрамында металдар бар тағамдар туралы мәлімет (алма, банан, алмұрт, құрма, киви, анар, сүт өнімдері, қырыққабат, балық, жұмыртқа, қара нан және т.б.).
4) Ой толғаныс
«Жуан және жіңішке сұрақтар» стратегиясы негізінде сайыстық тапсырмалар орындалады.
A) «Кім жылдам?» ойыны
Әр топқа 5 сұрақ беріледі. Жауап қысқа, нақты және шапшаң болуы тиіс.
I топ сұрақтары
- Жеңіл балқитын металл: цезий.
- Тез магниттелуге және магниттік қасиетін жоюға бейім металл: темір.
- Электр шамының қылын жасайтын, ең қиын балқитын металл: вольфрам.
- Тыңайтқыш ретінде қолданылатын сілтілік металл: калий.
- Негізгі топша металдары: s- және p-элементтер.
II топ сұрақтары
- Неліктен темір «аспан тасы» деп аталған? Метеорит құрамында темір болғандықтан.
- Сүйекті қаптайтын элемент: кальций.
- Периодтық жүйедегі металдардың пайыздық мөлшері: 80%.
- Металдар мен олардың қосылыстарының қоршаған ортамен әрекеттесіп бүлінуі: коррозия.
- Тайқазан 7 металдан құйылған. Олар: темір, мырыш, қалайы, қорғасын, күміс, алтын, мыс.
III топ сұрақтары
- Бастапқы буыны палуанға тән, екінші буыны өнерпазға тән элемент: күш-ән (күшән).
- Германиядағы облыс атауымен аталатын элемент: магний.
- Дүние бөлігінің атымен аталатын элемент: европий.
- Ең қатты металл: хром.
- Пышақпен кесуге болатын металдар: натрий, кальций.
B) «Жеті жұрттың тілін біл»
Химиялық элементтерге жұмбақ жасырылады. Тапқан элементтің атауын қазақша, орысша және латынша айту қажет.
1) Өзі ауыр металға жатады, балалар осы металл құйған сақамен ойнайды.
Жауабы: қорғасын — свинец — plumbum
2) Аспандағы айды осы элементпен теңестіреді, салмақты адамды мақтау да соған лайық.
Жауабы: күміс — серебро — argentum
3) Машина мен трактордың жаны, қара металлургияның наны.
Жауабы: темір — железо — ferrum
4) «Ел іші — ... бесік».
Жауабы: алтын — золото — aurum
5) Батыр майданда шыңдалады, ... қайнауда шыңдалады.
Жауабы: темір — железо — ferrum
C) «Металл мәнін кім біледі?»
Әр топ тағам суреттерін пайдаланып, өздері дайындаған мәтіндерін және қосымша хабарламаларын таныстырады.
5) «Тірек сөздер» стратегиясы
Мұғалім тірек сөздер береді, оқушылар сол сөздерді қолданып сөйлемдер құрайды.
Тірек сөздер
және, кепілі, өте, қойнауы, техниканың, одан, бай, Отанымыздың, дамуының, металдар, мен, әрі, қазіргідей, жетуінің, дәрежеге, ғылым, жер, металдарға, бірден-бір.
Үлгі сөйлем: «Отанымыздың жер қойнауы металдарға өте бай. Металдар — ғылым мен техниканың қазіргідей дәрежеге жетуінің және одан әрі дамуының бірден-бір кепілі».
Қорытындылау және бағалау
Сабақ соңында оқушылардың танымдық қабілеттері мен тақырып бойынша меңгерген білімдері бағаланады.
Үй тапсырмасы
«Металдар бейбіт заманға керек» тақырыбында эссе жазу.