Оқулықтан Төл сөз бен төлеу сөз деген тақырыпты оқу
Сабақ тақырыбы
Төл сөз бен төлеу сөз (слайд арқылы)
Сілтеме
- Электронды оқулық
- Бейнежазба тыңдату
Көрнекіліктер
- Интерактивті тақта
- Кеспе парақшалар
- Электронды оқулық
Жалпы мақсат
Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын сабақ мазмұнымен байланыстыра отырып, оқушыларға төл сөз бен төлеу сөз туралы ұғымды және олардың тыныс белгілерін меңгерту.
Оқу нәтижелері
- Төл сөз бен төлеу сөзді ажырата біледі.
- Электронды оқулықтағы даналар сөзі арқылы (Мұқағали шығармашылығына қатысты пікірлерді негізге алып) жаңа тақырыпты ашады.
- Төл сөзден кейін қойылатын тыныс белгілерін мысалдармен дәлелдеп түсіндіреді.
Түйінді идеялар
Электронды оқулықтан ақпарат тыңдатып, диалогтік оқыту тәсілі арқылы сабақтың мақсатын бірлесіп айқындау. Сыни тұрғыдан ойлауға бағытталған әртүрлі тапсырмалар арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту.
Бірлескен жұмысқа негізделген тәсіл
І топ
Берілген шығармадан төл сөздерді теріп жазу.
ІІ топ
Берілген төл сөзді сөйлемдерді төлеу сөзге айналдыру.
ІІІ топ
Мәтінді оқып, соның негізінде диалог құрастыру.
Мұғалім жазбалары
Жаңа сабаққа кіріспе (қызығушылықты ояту)
Бүгінгі сабағымызды Блум таксономиясы бойынша бағалаймыз. Тақырыпты анықтау үшін бейнежазбаны мұқият көріп, тыңдаңыздар (1 минут).
Сұрақтар
- Біз не тыңдадық?
- Мұқағалидің рөлін сомдаған кім?
- Ол Мұқағали туралы не айтты?
- Драматург-жазушы Серік Тұрғынбекұлы Мұқағали өмірін қалай баяндайды?
- Шәмші Қалдаяқов Мұқағали шығармашылығын қалай сипаттайды?
Назар аудару
Сабақта лексикалық тақырып (Мұқағали туралы ойлар) пен грамматикалық тақырып (төл сөз, төлеу сөз) өзара байланыста қарастырылады.
Мағынаны тану: «Ұлылар сөзі»
«Егер мен туралы білгің келсе, түсінгің келсе, менің өлеңдерімді рет-ретімен оқы», — деген болатын Мұқағали өз күнделіктерінде.
«Өлгеннен кейін дәріптеп отырмыз ғой. Мұқағали, шын мәнінде, ақындар арасындағы мықты ақын. Айналасындағыларға риза болмай кетті», — дейді қазақ вальсінің королі Ш. Қалдаяқов.
«Мұқағали өмірінің ерекшелігі — тұнып тұрған драма. Көшеге шықса, милицияға соқтығып қалады. Жиналыста әкім-қаралармен соқтығысып қалады. Отбасында туралық айтып, әйеліне жақпай қалады», — дейді әйгілі драматург-жазушы Серік Тұрғынбекұлы.
Талқылау сұрақтары
- Айтылған сөздің авторлары кімдер? (Ш. Қалдаяқов, С. Тұрғынбекұлы)
- Авторлар кім туралы айтты? (М. Мақатаев)
Негізгі ұғымдар
- Автор сөзі — сөйлеушінің өз сөзі, яғни төл сөздің кімге тиесілі екенін, кімге қаратылып айтылғанын және қандай жағдайда айтылғанын білдіретін бөлік.
- Төл сөз — біреудің сөзін бұлжытпай, өзгеріссіз беру.
- Төлеу сөз — біреудің сөзін сөйлеуші тарапынан өзгертіп, негізінен мазмұнын ғана сақтап жеткізу.
Мысал (төлеу сөз)
Серік Тұрғынбекұлы Мұқағали өмірінің ерекшелігі тұнып тұрған драма екенін айтқан болатын.
Тыныс белгілері
Төл сөз бен автор сөзі жазуда тыныс белгілері арқылы ажыратылады. Жиі қолданылатын белгілер: қос нүкте (:), үтір (,), сызықша (—), тырнақша (« »).
Байланыстырушы көмекші етістік: де (деді, деп, дейді, деген, дегендей).
Түсіну: үлгі сөйлемдер
- Мұғалім былай деді: «Абай — қазақ халқының мақтанышы, сүйсінерлік адал ұлы».
- — Сізге әдейі амандасқалы келдім, — деді Сәбит.
- Киізі қырық жамау күркесіне келіп, Жиренше: «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім», — деді.