Барлық денең мүшесі
Мақсат пен міндет
Білімділік
Денсаулық — адам баласының асыл қазынасы, ең үлкен байлығы әрі өмір тірегі екенін түсіндіру.
Дамытушылық
Оқушыларды салауатты өмір салтына баулу, жас ұрпақты зиянды әдеттер мен зиянды заттардан аулақ болуға үйрету.
Тәрбиелік
Жеке бас гигиенасын сақтау ережелерін қалыптастыру: қол жуу, тіс күтімі, көзді қорғау, дене бітімін дұрыс ұстау; сондай-ақ күн тәртібін дұрыс сақтау дағдысын орнықтыру.
Өту барысы
«Тілек шоғы» шеңбері
Гүл ұстаған балалар шеңберге отырып, бір-біріне жылы лебіз айтып, денсаулық тілеп, гүл ұсынады. Гүл шоқтары бірте-бірте көбейіп, жылы тілекті бастап айтқан баланың өзіне қайта оралады — бір құшақ «тілек шоғы» болып жиналады.
Мұғалімнің түйіні: «Өзгелерге денсаулық тілеп, жақсылық жасасаң, ол өзіңе қайта оралады».
Әңгіме: Денсаулықтың мәні
Мұғалім денсаулық туралы әңгіме қозғайды: «Денсаулық» сөзі — деннің саулығы, яғни ауру-сырқаудан аман, қайратты, жігерлі, көңіл-күйі көтеріңкі болу дегенді білдіреді.
Дене мүшелерінің не ішкі ағзалардың бірі ауырса, адамның жалпы жағдайы нашарлап, көңіл күйі түседі, еш нәрсеге зауқы болмайды. Сондықтан халқымыз «Денсаулық — зор байлық» деп бекер айтпаған: денсаулықты ешнәрсемен теңестіруге болмайды.
Дені сау адам көбіне көңілді жүреді, жүзінен шаттық нұры төгіледі. Сол себепті әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, оны сақтауға міндетті.
Оқушы өлеңдері
Денсаулық — ол күлуің,
Көңіл-күйің жадырай.
Денсаулық — ол жүруің,
Ешбір жерің ауырмай.
Денсаулық — ол шыныққан,
Барлық денең мүшесі.
Денсаулық — ол тыныққан,
Жүйке-тамыр жүйесі.
Күн тәртібі және тазалық дағдылары
Деніміз сау әрі күшті болып өсу үшін күн тәртібін сақтау маңызды: уақытында ұйықтау, ұйқыдан тұрған соң төсек жинау, жуынып-тазалану, таңғы жаттығу жасау, таза жүру және өз-өзіңді күте білу.
Тіс күтімі ережелері
- 1Тісті күніне екі рет тазалау.
- 2Тамақтан кейін ауызды шаю.
- 3Ыстық тамақтан соң суық нәрсе ішпеу.
- 4Жаңғақты тіспен шақпау.
- 5Дер кезінде тіс дәрігеріне көріну.
- 6Тәттіні шамадан тыс көп жемеу.
- 7Әркімнің жеке тіс щеткасы болуы.
Сахналық көрініс: «Тіс ауруы мен кәмпит»
Бір күні тәттіге өте құмар қолтырауын күнде көп кәмпит жеп жүріп, тісін қатты ауыртып алады.
Қолтырауын
Ой, тісім қатты ауырып, қақсап барады. Жанымды қоярға жер жоқ…
Тоты құс
Балалар, қараңдаршы, мына бір сұмдықты! Қолтырауынға не болған? Кім оны ренжітті? Қолтырауын, саған не болды? Жылама!
Маймыл
Не болды, жасыма, айтшы өзің,
Неліктен ісінген бас-көзің?
Әлде, сен біреумен күресіп, жеңіліп,
Тұрмысың намыстанып, қорланып, егіліп?
Қолтырауын
Жоқ, мен ешкіммен күрескен жоқпын. Тісім өте қатты ауырып тұр. Енді не істеймін?
Маймыл мен тоты құс
Айболит атаны шақырайық!
Айболит
Кәмпитті көп жесең, тісің мазалайды.
Не жесең де, күніне екі рет тісіңді жуып-тазала.
Айболит дәрігер қолтырауынның тісін емдеп береді.
Хат: дәрігер Салауаттың ескертуі
Мұғалім сынып есігі қағылғанын айтып, келген хатты оқиды. Хатты дәрігер Салауат жолдаған екен.
Ертегі
Ертеде кір-қожалақ бір қыз өмір сүріпті. Оның ең жек көретіні — қолын жуу және жуыну екен. Сол себепті қолы мен аяғындағы микробтар денесіне тарап, ауыз арқылы ішке енген микробтар қызды ауруға шалдықтырады. Дәрігер қызды тексеріп, ауруды жеңетін ғажайып затты ұсынады.
Ғажайып зат — сабын мен су. Сабын мен су — нағыз достар. Қолды күніне бірнеше рет жуу қажет.
Жұмбақтар
1-жұмбақ
Дымқылдап күнде сен,
Қолыңа сүйкесең.
Кетіп кір-ласың,
Тап-таза боласың.
Жауабы: Сабын
2-жұмбақ
Шомылған баланы,
Аймалап алады.
Сүртеді қолын да,
Сүртеді жонын да.
Жауабы: Сүлгі
3-жұмбақ
Аузы жоқ, көзі жоқ,
Тілі жоқ, өзі жоқ.
Бірақ та тісі бар,
Басыңмен ісі бар.
Жауабы: Тарақ
4-жұмбақ
Біз едік, біз едік,
Отыз екі қыз едік.
Қатар-қатар тізілдік,
Кезек-кезек үңілдік.
Жауабы: Тіс
Мақал-мәтелдер
- Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің.
- Дені саудың — жаны сау.
- Тазалық — денсаулық кепілі.
- Тазалық — саулық негізі, саулық — байлық негізі.
Ойын: «Иісіне қарай ажырат»
Бұл ойында 3 оқушы алға шығады. Олардың көзін байлап, алма, апельсин және пияздың иісін иіскетеміз. Оқушылар иіс арқылы затты тауып, атын атауы керек.
Дәрумендер туралы түсінік
Денсаулыққа қажет маңызды нәрсенің бірі — дәрумендер. Құрамында әртүрлі дәрумені бар тағамдарды жүйелі түрде тұтыну қажет.
Жеміс-жидек пен көкөністер дәрумендер мен пайдалы заттарға бай. Олар бойдың өсуіне, ағзаның дұрыс дамуына және көз көруінің жақсаруына көмектеседі.
Дәрумендер тек өсімдік тектес тағамдарда ғана емес, жануар тектес өнімдерде де кездеседі: сүт тағамдарында, етте, балықта. Сондықтан күнделікті ас мәзірінде дәруменге бай тағамдардың болғаны маңызды.
Қорытынды
Не туралы сөйлестік?
Денсаулық.
Нені есте сақтау керек?
Жаман әдеттен аулақ болу.
Қандай азамат болып өсу керек?
Дені сау, ақылды, білімді, адал азамат.
Нақыл сөз
«Сау дене, азат ақыл, адал көңіл — үшеуімен бақытты болады өмір» деген нақыл бар.
Ендеше, дені сау, құрыш білекті, батыл жүректі, салауатты өмір салтын ұстанатын ұрпақ болып өсейік. Ешқашан ауырмай, денсаулықтарыңды күтіңдер!
Тұжырым
Тәуелсіз елдің тірегі — дені сау, санасы уланбаған, саналы ұрпақ.