Соңғы тыныштық сәті

Жақсы сөз – жанға қуат

Өзін-өзі тану пәні (4-сынып) сабағына арналған жоспар. Бұл сабақта оқушылардың сөз және бақыт құндылықтары туралы түсінігі кеңейтіледі, ал жылы сөздің адам өміріндегі рөлі нақты мысалдармен бекітіледі.

Сабақ мақсаты

Оқушылардың сөз және бақыт құндылығы туралы түсініктерін кеңейту.

Міндеттері

  • Жақсы сөздің адам өміріндегі маңызын түсіндіру.
  • Жылы, ізгі сөздерді қолдана білу дағдыларын дамыту.
  • Ізгілікке, ізеттілікке тәрбиелеу.

Сабақ барысы

Төмендегі бөлімдер сабақ құрылымын рет-ретімен ұсынады: ұйымдастыру, тыныштық сәті, үй тапсырмасын тексеру, дәйексөзбен жұмыс, әңгімелесу, шығармашылық тапсырмалар және қорытынды рефлексия.

1) Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылармен амандасу, сынып тазалығын және оқу құрал-жабдықтарын тексеру.

2) Тыныштық сәті (жетелеу мәтіні)

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестету

Күн нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Ол нұрдың әсерімен баяу ашылып келеді.

Балғын әрі таза әсем гүл әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашады.

Нұр сәулесі бойыңызға ақырын тарай бастайды. Ол біртіндеп күшейеді. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз: қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашады. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі.

Нұр аяқтарыңызға тарайды: аяқтарыңыз сәуле шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады, нұр мен махаббат құралына айналады.

Нұр аузыңызға, тіліңізге тарады: тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздерді айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз: құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді естиді.

Нұр көздерімізге жетті: көзіміз тек жақсыға қарап, әр нәрседен жақсылық көреді. Басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, санаңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.

Нұр бірте-бірте күшейіп, денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз.

Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз — олардың жүрегі де нұрға толсын.

Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын. Ғаламның түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз.

Ойша қайталау

«Мен нұрлымын... Нұр менің ішімде... Мен — Нұрмын...»

Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз. Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осы әсем қалыпта сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.

3) Үй тапсырмасын тексеру

43-бет: С. Мәуленовтің «Мен елімді сүйемін» әңгімесін оқу.

Сұрақтар

  1. «Туған жерсіз адамның күні жоқ» деген сөзді қалай түсінесіңдер?
  2. Сендерге өз елің несімен ыстық?
  3. Өз еліңді сүйетініңді қалай дәлелдей аласыңдар?

4) Дәйексөз

«Жүректен шыққан сөз жүрекке жол табады»

Науаи

Дәйексөздің мағынасын талқылау: жүректен, шынайы ниетпен айтылған сөз тыңдаушының жүрегіне тез жетеді, сенім ұялатады, қарым-қатынасты жұмсартады.

  • Мағынасын ашу, түсіндіру.
  • Хормен қайталау.
  • Дәптерге жазу.

5) Әңгімелесу: «Сыпайы қоян» (Мексика ертегісі)

Бір күні мейірімді әрі сыпайы қоян көрші бақшада қырыққабатқа тойып алып, үйіне қайтуға жиналады. Кенет ол түлкіні көріп қалады. Қоянның жүрегі зу ете түсті: қашу керек, бірақ қайда?

Ойланбастан ол бір үңгірге кіріп кетеді. Қоян өте тәрбиелі еді: үңгірге рұқсатсыз кіргеніне ыңғайсызданып, амандасу керек екенін түсінеді.

Қоянның сөзі

«Сәлеметсіз бе, мейірімді үңгір. Сенің кеңдігің мен тыныштығың жанға рақат сыйлағандай. Маған кіруге рұқсат етші».

Үңгірдің түпкірінде жылан мекендейтін. Ол қоянның дауысын естіп, шақырады. Жыланның үнінен оның жегісі келіп тұрғанын сезген қоян:

Қоянның жауабы

«Сізді мазалағаныма кешіріңіз, мені Ана-қоян күтіп отыр. Сау болыңыз», — деп қаша жөнеледі.

Жылан өкініп қалады: «Осы бір сиқырлы сөздер-ай! Қоян маған жақсы сөз айтпағанда, мен оны ұстап алар едім».

Талқылау сұрақтары

  • Қоянның жылы сөздері оған қалай көмектесті?
  • Жақсы сөз адамдарға қалай әсер етеді?

6) Шығармашылық жұмыс (топтық жұмыс)

Оқулықтағы суреттерге қарап, олардың қайсысы мақтау, құттықтау, амандық сұрау, алғыс сөздеріне жататынын анықтап, айтып беріңдер.

7) Тапсырма: диалог құрастыру

Жақсы сөздерді пайдаланып, төмендегі жағдаяттар бойынша қысқа диалог құрастырыңдар:

  1. Сабаққа кешігіп келген оқушы мен мұғалім арасындағы әңгіме.
  2. Әжесі мен немересінің бір-біріне айтқан жылы сөздері.
  3. Емханаға келген науқас пен дәрігер арасындағы диалог.

8) Үй тапсырмасы

Өздерің жиі қолданатын жылы сөздерді жазып келу.

9) Соңғы тыныштық сәті

Баяу әуен қойылады. Оқушылар денесін тік ұстап, көзін жұмып отырады.

Әрқайсымыз оң қолымызбен жүрегімізді ұстап көрейік. Жүрегіміздің жылуын сезініп, сол жылуды адамдарға, айналамызға жеткізу үшін іштей жақсы тілектер тілейік.

Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық!

Бүгінгі сабақтан алған әсерлеріңізді жүректеріңізге түйіп алыңыздар. Рахмет. Көздеріңізді ашуға болады.

Ақпарат

Мекеме

Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Х. Есенжанов атындағы ЖОББМ

Пән мұғалімі

Нигметова Айсулу Жиенбаевна