Сендерге қарасам, бәрің өнерлі балалар сияқтысыңдар
Мерекелік карнавалға шақыру
«Қош келдің, Жаңа жыл!» — жүргізушінің дауысы сырт жақтан естіледі.
Жүргізуші: Тезірек, тездетіп мұнда жиналыңдар! Басталады Жаңа жылдық карнавал: маска да бар, би де бар — асығыңдар! Шырша жанында қонақты қарсы алайық. Шырша тойының иелерін қошеметпен қарсы алайық!
Балалар екі-екіден әуенмен залға кіреді.
Жүргізушінің құттықтауы
Жүргізуші: Армысыздар, құрметті әріптестер, ата-аналар, сүйкімді балалар!
Жаңа жыл — жаңа қадам, жаңа бағыт, болашақ сыйлайтындай жаңа бақыт. Мешін жылы келіп жетті ортамызға, жақсылықпен жалғассын жаңа уақыт.
Құтты болсын Жаңа жыл, барша халық! Қуанышқа, шаттыққа тамсанайық. Бір-бірімізге шынайы тілек тілеп, бар әлемге бақытпен жар салайық!
Бүгін бәрің сәнді киініп, ерекше әдемі болып кетіпсіңдер. Шырша тойына орман аңдары да, сүйікті кейіпкерлер де келіпті.
Сұрақ-жауап
Жүргізуші: Балалар, бүгін қандай мереке?
Балалар: Жаңа жыл мерекесі!
Жаңа жыл — әлемдегі ең кең тараған әрі ең керемет тойланатын мерекелердің бірі. Бұл күні қуанбаған жан қалмайды: бәрінің жүзінде күлкі мен шаттық. Әлемнің әр түкпірінде отшашулар атылып, жаңа жылдық шыршалар бой көтереді. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін бақыттың құшағында жүргендей күй кешеді.
Санта Клаустың тарихына қысқаша шолу
Ерте заманда Кіші Азия деп аталған, қазіргі Түркия аумағында Николас есімді шіркеу қызметкері өмір сүрген деседі. Ол шамамен 255–257 жылдары дүниеге келіп, ата-анасынан ерте айырылған. Николасты шіркеуде қызмет ететін көкесі тәрбиелейді.
Николас ата-анасынан мол мұраға ие болады. Сол кезде Кале қаласының маңындағы Ликий өңірінде мал-мүлкінен айырылған, үш қызы бар бір кісі өмір сүріпті. Қыздарын тұрмысқа беру үшін жақсы жасау қажет болғандықтан, әкесі шарасыздықтан үлкен қызын күңдікке сатпақ болады.
Үлкен қыздың оқиғасы
Әкесі мән-жайды түсіндіргеннен кейін, үлкен қыз пеш жанына шұлығын қойып ұйықтап қалады. Таңертең шұлықтың ішінен сыңғырлаған тиындардың дыбысы естіледі. Қыз қуанышпен әкесіне жүгіріп келеді. Осылайша, ол күңдіктен құтылады.
Ортаншы қыздың құтқарылуы
Ортаншы қыз күңдікке сатылуы тиіс түнде де дәл сондай жағдай қайталанады. Ол да азапқа толы тағдырдан аман қалады.
Кіші қыз және құпияның ашылуы
Кезек кіші қызға келгенде, әкесі жақсылық жасап жүрген жанды анықтау үшін түнде ұйықтамай аңдиды. Ол Николасты танып, қатты қуанып алғысын білдіреді. Николас болса бұл жайды ешкімге айтпауды өтінеді.
Осылайша, Николас мұқтаж жандарға жасырын көмектесуді жалғастырып, адамдарға мейірім мен қайырымдылықтың жарқын үлгісін көрсеткен. Оның есімі халық жадында сақталып, уақыт өте келе адамдар Николасты Санта Клаус, яғни киелі Николас деп атай бастайды.
Әр елдегі атаулар
- Ресейде — Дед Мороз
- Францияда — Пэр Ноэль
- Жапонияда — Сегацу-сан
- Қазақ халқында — Аяз Ата
Балалар жыл сайын Жаңа жылды да, Санта Клаусты да асыға күтеді. Өйткені Жаңа жыл — сыйлық беру мен сыйлық алу уақыты.
Құттықтау және мерекелік бағдарлама
«Жаңа жыл — қайсарлық пен жүректілік, баратын болашаққа білек түріп. Әдемі тілектерге қол соғамыз, әлемге жақсылықтар тілеп тұрып», — дегендей, алғашқы құттықтау сөзді «Айгөлек» балабақшасының директоры Атшыбаева Айгүл Нұржаубайқызына береміз.
Жүргізуші: Жаңа күнде ән қылып, тек жүреміз сән құрып. Көңілдердей қартаймай, шырша тұрар мәңгілік!
Олай болса, әсем шыршамызды айнала «Саура» тобының «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты ертеңгілігінің алтын қақпасын «Шырша жыры» әнімен айқара ашайық!
Жұмбақ қорап және Жұлдызшының келуі
Жүргізуші: Балалар, қараңдаршы, шыршаның түбінде бір нәрсе тұрған сияқты… Мәссаған, мынау үлкен қорап қой! Қызық, ішінде не бар екен? Мүмкін, қорап сыйлыққа толы шығар. Ашып көрейін.
Қораптың ішінен Жұлдызшы шығады. Жүргізуші қорыққандай кейіп танытады.
Жұлдызшы: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен де сендердің мерекелеріңе келдім. Сендерге жетем дегенше, орманнан өтіп бара жатып, жолдан бір кебіс тауып алдым (балаларға көрсетеді).
Жұлдызшы: Балалар, кебісті кім жоғалтып алуы мүмкін? Мүмкін, біреуіңдікі шығар?
Балалар: Жоқ, біздікі емес.
Жұлдызшы: Сендерге қарасам, бәрің өнерлі балалар сияқтысыңдар.
Жүргізуші: Иә, дұрыс айтасың. Біздің балалардың бәрі өнерлі: әсем шыршаны айнала ән айтып, би билеп, өлең шумақтарын да мүдірмей айта алады.
Орманға сапар және көңілді би
Жүргізуші: Жұлдызшы, сен кебісті орманнан таптың ба? Ендеше, орманға бару керек. Жол табу керек. Барлық індерді, апандарды қарап шығайық. Орманға біз шаңғымен барамыз.
Балалар жұп болып қатарға тұрып, шыршаны айналады. Кейін орындықтарға отырады. Әуен ойнайды.
Жұлдызшы: Қазір мен сендерді орман гномдары мен шыршаларға айналдырамын.
Жұлдызшы таяқшасымен балаларды гномдар мен шыршаларға «айналдырады».
Би нөмірі
«Аяз ата мен шыршалар»
Жұлдызшы: Жарайсыңдар, балалар! Керемет би биледіңдер. Бірақ, өкінішке қарай, кебістің сыңары әлі табылған жоқ.