Балалардың пікірін білу үшін сұрақтар қою

Мақсаты мен міндеттері

Сабақтың мақсаты

Оқушылардың бақыт, сыйластық, махаббат құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.

Сабақтың міндеттері

  • Қуаныш сезімінің адам өміріндегі мәнін түсіндіру.
  • Өзара жағымды қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту.
  • Мейірімділікке тәрбиелеу.

Сабақ барысы

Шаттық шеңбері

Оқушылар Әйгерім Қалаубаеваның «Көңілді күн» әнін үнтаспаға қосылып, бірге орындайды.

Әңгімелесу

Ән мен өлең арқылы қуаныш сезімі туралы ой қозғап, сабақтың тақырыбына кіріспе жасалады.

Сұрақтар

  • Бұл өлеңде не туралы айтылған?
  • «Қуаныш» дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Сендер үшін туған күн — қуанышты күн бе? Неліктен?

Қуанышпен айтылған ән адамның көңіл күйін көтереді. Осы сабақта қуаныш сезімі мен оның адам өміріндегі маңызы туралы әңгімелесеміз.

Қуаныш сыйлаған жан: Сара Алпысқызы Назарбаева

Бүгінде балаларға қуаныш сыйлап жүрген тұлғалардың бірі — Сара Алпысқызы Назарбаева. Ол — балажан, мейірімді жан. Бала үшін қолындағы қаражатын да, бойындағы қажыр-қайратын да аямай жұмсауға дайын. Сәбидің риясыз күлкісін қадірлейтін аналық махаббат оны қайырымдылыққа жетеледі.

Сара Алпысқызы 1941 жылдың 12 ақпанында Қарағанды облысы, Қызылжар ауылында дүниеге келді. 1962 жылы Н. Ә. Назарбаевқа тұрмысқа шықты. Үш қызы, немерелері мен шөберелері бар.

Ол аурудың мұңын, жетімнің зарын тыңдап, құқығын қорғайтын «Бөбек» қорының негізін қалады. Панасыз балаларға қамқор болып, талай науқас сәбиді шетелге дейін жіберіп емдетуге көмектесті. Балалар үйлеріне қолдау көрсетіп, тіпті түрмелерді аралап, жасөспірімдермен кездесіп, аналық ақылын айтты.

Көрсету материалы

Слайд көрсету арқылы тақырыпты визуалды түрде нақтылау ұсынылады.

Мәтінмен жұмыс: «Балалардың көз қуанышы»

Мәтін оқылып, оқушылардың түсінігін анықтау үшін сұрақтар қойылады.

  • Кішкентай бала табиғаттың сұлулығын неліктен байқамады?
  • Сенің ойыңша, қарт балаға не айтуы мүмкін?
  • Айналадағы әсемдікке көңіл аударуына не әсер етті?

Түйін

Бала жылап тұрғандықтан, айналасындағы табиғаттың сұлулығын байқамады. Қуаныш сезімі жүрегіне ұялаған сәтте жан-жағының бәрі әсем болып көрінді: адамдар да, табиғат та, бүкіл әлем де бірге қуанып тұрғандай сезілді. Баланы қуанта білген қарттың өзі де бақытты. Біз де өзгелерге қуаныш сыйлауды үйренуіміз керек.

Ойын-жаттығу: «Көршіңе қуаныш сыйла»

Оқушыларға қатты қағаздан жасалған әдемі кескіндер (гүл, жүрекше, көбелек) таратылады. Олар екінші бетіне қатар отырған сыныптасын қуантатын сөздер жазып, дауыстап оқиды да, сыйға тартады.

Өлеңмен жұмыс

Оқушылар өлеңді мәнерлеп оқып, жағымды қарым-қатынас құру туралы ойларын ортаға салады.

Талқылау сұрағы

Адамды, айналаңды қай уақытта, қандай жағдайда болмасын қуантуға бола ма?

Сергіту сәті

Интерактивті тақтадағы бейне арқылы биді қайталап билеу ұйымдастырылады.

Дәптермен жұмыс және қорытынды

Дәптермен жұмыс

Дәптердегі күннің шуақтарына өздеріңнің есіңде ұзақ сақталған қуанышты күндерің туралы жазыңдар.

Қорытындылау

Күлімдеу және адамдарға қуаныш сыйлай білу — өзіңнің де, өзгенің де өмірін нұрландырады, денсаулыққа да жақсы әсер етеді. Барлық адаммен күліп амандасу, үнемі ақжарқын жүру, мүмкіндігінше айналаңа қуаныш сыйлау — асыл қасиет.

Жүректен — жүрекке

Балалар жұптасып, дөңгеленіп тұрады. Бәрі қол ұстасып, қолдарын жоғары көтеріп күннің шуағын бейнелейді. Барлығы қосылып төмендегі өлең жолдарын айтады:

Ән саламыз күнде біз,

Шаттық толы іргеміз.

Біз мәңгілік достармыз,

Біз мәңгіге біргеміз.