Адал дос және Амал дос

Сабақтың мақсаты

Оқушыларға дос туралы, достық қарым-қатынас туралы түсінік беру; адал дос пен амал достың айырмашылығын ашып көрсету; адалдыққа, сыйластыққа тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Дос туралы нақыл сөздер, өлеңдер, мақал-мәтелдер, суреттер, үлестірме материалдар және т.б.

Сабақтың түрі

Тәрбие сағаты.

Сабақтың әдістері

Әңгімелесу, баяндау.

Сабақтың барысы

1) Тақырыпты ашу

  • Ребус шешу (сабақтың тақырыбын табу).
  • Оқушылармен сұрақ-жауап.

Оқушыларға қойылатын сұрақтар

  • «Дос» сөзін қалай түсінесіңдер?
  • Шын дос қандай болу керек?
  • Достық дегеніміз не?

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Балалар, сендер дос туралы ойларыңды және өз достарың туралы айтып жатырсыңдар. «Досы көптің жаны семіреді, асы көптің тәні семіреді» дегендей, достықтың мәнін терең түсініп, өмірде сыйлас та сырлас дос таба білсін деп, бүгінгі сабағымызды осы тақырып төңірегінде өрбітеміз. Алдымен дос, достық туралы ұлы адамдардың сөздерін, мақал-мәтелдер мен өлеңдерді еске түсірейік.

2) Достық туралы нақылдар мен өлең жолдары

(Оқушылар жаттаған өлеңдері мен мақал-мәтелдерін оқиды.)

  1. Нұрғали

    Екі ердің достығы, асулардан асырар,
    Екі елдің достығы, ғасырлардан асырар.

  2. Мөлдір — Мұса Жәлел

    Шын дос үшін қалайда
    Тік қатерге басыңды.
    Айыра біл алайда
    Досың менен қасыңды.

  3. Асан — Әбу Насыр әл-Фараби

    Өрге жүзген өнегелі ісімен,
    Таңда адал дос өз теңіңнің ішінен.

  4. Гүлнұр

    Ағайын жат та болса көзге тәуір,
    Өкпем жоқ, кеудемдегі бәрі — бауыр.
    Жауымның дәлдеп салған найзасынан,
    Досымның саусағымен шерткені ауыр.

  5. Нұрбибі — Шалкиіз Тіленшіұлы

    Ақылсыз достан, ақымақ дұшпан артық.

  6. Айдын

    Нағыз дос бір-біріне тарылмайды,
    Жуырда түрткеніңе жарылмайды.
    Жақсы-жаман айтар деп елемейді,
    Бақ-дәулет сол адамнан арылмайды.

  7. Нұргүл

    Білімдімен дос болсаң, сасқанда ақылын айтар,
    Білімсізбен дос болсаң, топ ішінде бетің қайтар.

  8. Гүлнұр — М. Өтемісұлы

    Жақсымен дос болсаң, алдыңнан шығар елпектеп,
    Жаманмен дос болсаң, сыртыңнан жүрер өсектеп.

  9. Саламат — М. Әуезов

    Дос таппаған ер азар, басшы бақпаған ел азар.

  10. Гүлзира — Бұқар жырау

    Екі жақсы дос болмас — сірне үстінде хаты бар,
    Ежелгі дұшпан ел болмас — көңілінде кір, даты бар.

  11. Мерей — А. Құнанбаев

    Жақсы дос — білген сырын сыртқа жаймас.

  12. Олжас — Асан қайғы

    Күніңде «өзім болдым» деп — кең пейілге таласпа,
    Артық үшін айтысып — достарыңмен санаспа.

  13. Ақбілек

    Жақсымен дос болсаң — күнде базар,
    Жаманмен дос болсаң — көңілің азар.

  14. Әйгерім — А. Құнанбаев

    Жаман дос — көлеңке: басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың; басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың.

3) Адал дос пен амал дос

Достыққа қарама-қайшы сезім — дұшпандық пен сатқындық. Дос екіге бөлінеді: адал дос және амал дос.

Адал дос

  • Досына адал болады.
  • Қиындықта қасыңнан табылады.
  • Жанашыр, шынайы қолдау көрсетеді.

Амал дос

  • Уақытша дос.
  • Қызғаншақ, өтірік айтуы мүмкін.
  • Өз пайдасын, өз басын ғана ойлауға бейім.

Тапсырма

Адал дос пен амал достың ортақ және айырмашылық белгілерін Венн диаграммасы арқылы сипаттаңдар.

4) Тренинг: «Мен қандаймын?»

Мақсаты — өзін тану, қоғамдағы өз орнын түсіну, жеке көзқарасын қалыптастыру.

Берілген парақтағы кестені толтырыңдар: бірінші бағанға — «Мен қандаймын?» деген сұраққа өз жауабың, екінші бағанға — ата-анаңның сен туралы пікірі, үшінші бағанға — достарың (сенің ойыңша) қандай жауап берер еді — соны жазасыңдар.

Өз ойым Ата-анамның ойы Достарымның ойы (меніңше)
«Мен қандаймын?» «Мен қандаймын?» «Мен қандаймын?»

5) Жағдаят талдау: «Сыныптың сатқыны»

Ауылдық жерде болғандықтан, сыныбымызда небәрі алты оқушы бар: төрт ұл, екі қыз. Аз болғанымызға қарамастан, өте ұйымшылмыз — не істесек те бірге істейміз. Кейде сабақтан қашып кететін кездер де болады.

«Үйге қайтайықшы» деп қашуды көбіне сыныбымыздағы өте жақсы оқитын екі оқушының бірі — Асхат ұсынады. Ол мақтаншақ, пысық оқушы. Бірақ біз түсінбейтін бір жағдай бар еді: сабақтан қашқаннан кейінгі күні мұғалім бесеуімізді тұрғызып ұрсады да, Асхатқа ештеңе демейді. Ондайда ол партасында үлгілі оқушыдай кітабын ашып, оқып отырады; жүзінде риза болғандай сыңай байқалады. Біз Асхаттың қашуды өзі бастайтынын мұғалімдерге ешқашан айтпағанбыз. «Жақсы оқитын болғандықтан ұрыспайтын шығар» деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, мәселе басқада екен.

Бір күні алты сағат сабақ болды. Соңғы сабақ — тарих. Мұғалім бір сөйлесе көп сөйлейді, бізден де көп сөйлеуді талап етеді. Үй тапсырмасы да көп берілген, ал бесеуіміз дайын емеспіз. Мұғалімді күтіп отырғанда Асхат: «Бәрібір дайын емеспіз. Неғып отырмыз? Ұрыс естігенше қашып кетейік», — деді. Біз де құптадық. Тез жиналып, ешкімнің көзіне түспей, аяқтың ұшымен басып, мектептен шығып кеттік. Бір ерлік жасағандай мәз болып, үйлерімізге тарадық.

Айдана екеуміз (екі қыз) бірге қайтатынбыз. Жолда келе жатып, спорт киімі салынған пакетімізді сыныпта ұмытып кеткеніміз есімізге түсіп, мектепке қайта оралдық. Үшінші қабатқа көтеріліп келе жатқанымызда тарих мұғалімінің дауысын естіп, кілт тоқтадық.

Диалог

Мұғалім: Қай сыныпта отырсыңдар?

Асхат: Мұғалім, бәрі қашып кетті. Мен ғана қалдым.

Мұғалім: Неге қашады?

Асхат: Білмеймін…

Асхат: Мұғалім, бір өзім ғана отырмын. Қайта берейін бе?

Мұғалім: Бір өзіңмен қалай сабақ өткіземін? Қайта ғой.

Асхат: Мұғалім, ертең «мен болды» деп айтпаңызшы. Патриот сияқты болып, бөлектеніп қаламын.

Мұғалім: Жарайды. Сау бол.

Мұғалім мұғалімдер бөлмесіне кіріп кетті. Асхат мәз болып төмен түсіп келе жатқанда бізді көріп, ыңғайсызданып тұрып қалды. Біз одан мұндай сатқындықты күтпеген едік. Ренішімізді жасыра алмай: «Сыныптың сатқыны. Ертең бұл тірлігіңді басқаларға айтамыз», — дедік.

Ол қып-қызыл болып, кешірім сұрады. Екінші рет мұндай жасамайтынын айтып, ешкімге айтпауымызды өтінді. Біз кешірдік. Ертеңінде оны аяп, ешкімге тіс жармадық. Тарих пәнінің мұғалімі қашқандарды тұрғызып ұрысты. Айдана екеуміз көз қиығымызбен Асхатқа қарадық: ол партасында басын салбыратып, қып-қызыл болып отыр екен.

Талқылауға сұрақтар

  1. 1 Қыздар неге Асхаттың іс-әрекетін сыныптастарына айтпады?
  2. 2 Асхаттың «екінші рет қайталамаймын» дегеніне сенесіңдер ме?
  3. 3 Сендер осындай жағдайда не істер едіңдер?

Қорытынды

Досым, саған сенемін, сеніп өтем,
Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен.
Достық деген адамның көрігі екен,
Достық деген ақылдың серігі екен, — деп М. Мақатаев жырлағандай, достық — адам өміріндегі ең қымбат сезімдердің бірі.

Ендеше, әрқашан достықты бағалай білейік. Бүгінгі көңіл күйімізді күнге теңейік: жап-жарық күннің шуақтарына «шын дос қандай болу керек?» деген жауап ретінде жақсы қасиеттерді жазып ілейік.

Барлығымыздың бойымыздан осы аталған игі қасиеттер табылып, осы күндей жарқырап-жайнап жүре берейік! Достарымыз әрқашан көп болсын!