Қоршаған ортаны аялауға үйрету

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Бұл сабақтың негізгі мақсаты — оқушыларды қоршаған ортаны аялауға үйрету, табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

Сабақтың міндеттері

  1. Оқушыларға экологиялық білім беру.
  2. Ауызекі сөйлеу тілін дамыту.
  3. Табиғатқа немқұрайды қарамауға баулып, табиғатқа деген сүйіспеншілікті нығайту.

Ұйымдастыру және формат

Әдісі
Сөздік, практикалық.
Формасы
Жеке, топпен, сыныппен.
Пәнаралық байланыс
Орыс тілі, экология.
Ұйымдастыру
Оқушыларды түгендеу, сабаққа бейімдеу; тақырып пен мақсатты түсіндіру.

Сөз басы

Ей, Қазақстан ұланы, Болғайсың дала қыраны. Жер-суын қорғау бабаңның — Емес пе еді басты ұраны?!

Талқылауға сұрақ

Табиғат туралы қандай мақал-мәтелдер білесіңдер?

Осы бөлімде қоршаған ортаның суреті арқылы ой қозғауға болады.

Мәтінмен жұмыс

Оқу тәртібі

  • Мұғалім мәтінді оқиды.
  • Оқушылар түсініксіз сөздерді белгілеп отырады.

Негізгі мәтін

Қоршаған ортаны қорғау — қазіргі кездегі ең өткір мәселелердің бірі. Өйткені бүгінгі таңда адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасы күрделене түсті. Адам санасының өсуі, өнеркәсіптің өркендеуі, ғарышты игеру қоршаған ортадағы тепе-теңдіктің бұзылуына әкеліп соғуда.

Көптеген аймақтар экологиялық апат аймақтарына айналды. Жер шарындағы халықтың 40–45%-ы экологиясы нашар өңірлерде тұрып жатыр. Жыл сайын атмосфераға 20 млрд тонна көмірқышқыл газы тарайды.

Соңғы он жылда теңіз жануарларының мыңға жуық түрі, өсімдіктердің 24 мың түрі, жабайы жануарлардың 106 түрі жойылып кеткен.

Иә, табиғат — адамның күнкөріс көзі. Бірақ оны есепсіз, ысыраппен пайдалануға болмайды. Жер шарының қай түкпірінде болмасын адамның өмірі мен қызметі, өзінің және ұрпағының бүгіні мен ертеңі басатын жерге, жұтатын ауаға, ішетін суға тікелей байланысты.

Демек, адам баласы болашақты ойласа, барды күтіп-аялап сақтаумен қатар, табиғатты қалпына келтіруге және көркейтуге де мән беруі керек.

Сөздік жұмысы

Қазақша

  • Өткір мәселе
  • Тепе-теңдіктің бұзылуы
  • Санасының өсуі
  • Көмірқышқыл газы
  • Игеру
  • Күнкөріс көзі

Орысша

  • острая проблема
  • разрушение равновесия
  • рост сознания
  • углекислый газ
  • освоить
  • источник жизни

Мәтін бойынша сұрақтар

  1. 1 Адам санасының өсуі, өнеркәсіптің өркендеуі, ғарышты игеру неге әкеп соғуда?
  2. 2 Жер шарындағы халықтың қанша пайызы экологиясы нашар жерлерде тұрып жатыр?
  3. 3 Жыл сайын атмосфераға қанша тонна көмірқышқыл газы тарайды?
  4. 4 Соңғы он жылда нелер жойылып кетті?
  5. 5 Адам табиғаттан бөлек өмір сүре ала ма?
  6. 6 Ендеше табиғатты қорғау үшін қандай жұмыстар жүргізу керек?

Тапсырмалар

1) Тәуелдік жалғауы бар зат есімдерді табу

Мәтіннен (орындарында) тәуелдік жалғауы бар сөздерді белгілеңдер.

қарым-қатынасы санасының пайызы экологиясы газы жануарларының жер шарының өмірі қызметі ұрпағының баласы

2) Сөз тіркестері мен сөйлем құрастыру

Екі бағанда берілген сөздерден сөз тіркестерін құрастырып, одан ауызша сөйлемдер жасаңдар.

A бағаны

  • Апатты
  • Қоршаған
  • Табиғатты
  • Таза
  • Адамның

B бағаны

  • орта
  • сақтау
  • ауа
  • денсаулығы
  • аймақ

3) Карточкалармен жұмыс (4 оқушы)

Берілген сөздерден сөйлемдер құрастырыңдар.

Карточка 1

Қоршаған, біз, жауаптымыз, үшін, орта.

Карточка 2

Өздері, мәселелерге, адамдар, экологиялық, кінәлі.

Карточка 3

Болу, таза, қоршаған, керек, орта, дені, адамның, сау, үшін.

Карточка 4

Дүниежүзілік, қоршаған, қорғаудың, ортаны, күні, 5 маусым.

4) Сурет бойынша әңгіме

Суретке сүйеніп, қоршаған орта жайында қысқаша әңгіме құрастырыңдар.

5) Венн диаграммасы

Таза ауа мен лас ауаның айырмашылығы мен ұқсастығын белгілеп жазыңдар.

6) Сөйлем мүшелеріне талдау

«Табиғатпен ортақ тіл табылған жағдайда ғана адамзат өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алады.»

— Ш. Айтматов

Сөз соңы

Ей, адамдар! Күн мен гүлден жаралған. От сезім мен мейірім содан тараған. Тіршілік иесі — Жер-Анаға қараңдар! Зор қайғыдан күрсінгенде Аһ ұрады дүние. Жаратылыс заңдылығы бұзылса, Сонда болар кім ие?

Бағалау

Оқушылардың қатысуы, жауаптарының нақтылығы және тапсырмаларды орындау сапасы бойынша бағаланады.

Үй тапсырмасы

«Адам — табиғат перзенті» тақырыбында эссе жазу.