Ардагер ұстаздар
Іс-шара туралы
Тақырыбы
«Қош бол, ұстаз, алтын ұя мектебім»
Өтетін орны
Мектеп алаңы
Безендірілуі
Жалаушалар, шарлар, лозунгтар, гүлдер
Шақырылған қонақтар
- Қырбалтабай селолық округінің әкімі — А. С. Темешев
- Ардагер ұстаздар
- Қырбалтабай ауылының кәсіпкерлері
Жүргізушілер
- Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары — С. Ускенбаева
- Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі — Г. Қапалбаева
Дәйексөз
«Еліміздің бүгіні мен ертеңі — болашақ жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры — ұстаздардың қолында».
Кештің ашылуы
1-жүргізуші
Армысыздар, құрметті қонақтар! Ұлағатты ұстаздар, ардақты ата-аналар және мектеп бітіруші түлектер! Бүгінгі «Қош бол, ұстаз, алтын ұя мектебім» атты аттестат тапсыру кешіне қош келдіңіздер!
2-жүргізуші
2015–2016 оқу жылында 18 шәкіртіміз білім нәрімен сусындап, алтын ұя мектебімен қоштасқалы тұр.
1-жүргізуші
Бүгін — мектеп тарихында да, түлектер жүрегінде де мәңгі сақталатын күн. Оқу жылының қорытындысы бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуде оқушыларымыз үмітімізді ақтап, орташа 75,5 балл жинап, мектептің, ұстаздың және ата-ананың мерейін үстем етті.
2-жүргізуші (өлең)
Бүгін қандай шаттық толы кеш еді,
Көңіл шіркін тасып-толып өседі.
Ұл кешегі жігіт болып қалыпты-ау,
Бойжетіпті бантиктегі қыз кешегі.
Жүздеріңнен көрем шаттық арайын,
Болсын солай әрбір күнің, әр айың.
Тойларыңыз құтты болсын, ата-ана,
Тойларыңыз құтты болсын, ағайын.
1-жүргізуші (шақыру)
Ұшқалы тұр ұядан қанат жайып,
Дүрсілдеген жүректері әр сәт сайын.
Арман қуған 18 балапанға:
«Қабыл алғай өмір бізді құшақ жайып!»
Алғашқы ұстазымен қол ұстасып,
Жетекшімен қимай-қимай қоштасып,
Келеді бітіруші түлектерің —
Ақ бантигі өздеріне жарасып.
Ортаға мектеп бітіруші түлектерді шақырамыз.
2-жүргізуші
Сынып жетекшісі — Кистауова Зауре Алиевна. (Түлектер сынып жетекшілерімен бірге әуенмен ортаға шығып, қойылған орындықтарға жайғасады.)
Түлектерге сипаттама
Бұл бөлімде әр оқушының мінезі, қызығушылығы мен қабілеті ерекше аталып, көпшіліктің ыстық ықыласына ұсынылады.
Сайлау
Спортты сүйеді, салауатты өмір салтын ұстанады. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді — сыныптың жүрегі.
Серікболсын
Математиканы сүйеді. Қиын есептің өзін лезде шешеді. Сабырлы, жайсаң мінезді.
Камила
Сыныптастары сыйлайтын, орны бөлек құрбы.
Тимур
Ер жүрек, алғыр. Компьютер тілін меңгерген, жан-жақты танылған жүйрігіміз.
Ниязбек
Шежірелі тарихтың сырларына үңіліп, кітаптан бас алмай оқитын ақылды ұл.
Еламан
Намысы биік, әрдайым алға ұмтылатын сегіз қырлы, бір сырлы жігіт.
Жазира
Сынып басшысы. Өткірлігімен, ер мінезімен ерекшеленетін көшбасшы.
Ербосын
Географияға жақын: картадан кез келген жерді мүдірмей тауып, өлкенің жер-су аттарын жақсы біледі.
Мағжан
Ұқыпты, көрікті, көптің қошеметіне лайық жігіт.
Арай
Қандай игі іс болса да, жанынан табылады. Гүл жайнаған жауқазындай нәзік те жарқын.
Шыңғыс
Биологияға қызығушылығы жоғары. Биікке самғауды мақсат еткен алғыр, зерек, талапты жан.
Ади
Көркем шығарманы сүйіп оқиды, білім бәйгесінде алдына жан салмайды.
Бауыржан
Ақжарқын, көппен тез тіл табысатын, жақсылықтың жаршысы.
Айым
Ортамыздың ажары, ерке де нәзік қыз. Әр қылығын көтеріп, еркелете береміз.
Азамат
Көпшіл, алғыр, әдепті. Ән айтуды еркін меңгерген өнерлі жігіт.
Ақерке
Биязы мінезді, байсалды. Күлімдеген келбетін достары әрдайым қолдайды.
Олжас
Жібектей мінезді, мектептің жарық жұлдызы. Дарындылығымен ортаны нұрландырады.
1-жүргізуші
Қараңыздаршы: кеше ғана осы мектептің табалдырығын тарыдай ғана болып аттаған кішкентай бүлдіршіндер, міне бүгін бір-бір шоқ жұлдыздай жарқырап тұр. Ал бәрін бірге қоссақ — жарық жұлдызға айналады.
2-жүргізуші
Бүгінгі кеш — сіздер үшін, қымбатты түлектер! Бүгінгі айтылар тілек, орындалар ән мен күй, ыстық құрмет пен дуылдата соғылған шапалақтың бәрі сіздерге арналады.