Қазақ тілінен екінші зерттеу сабағымыздың тақырыбы
Lesson Study зерттеуінің қорытынды анықтамасы
Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясында қазіргі заманғы технологиялар арқылы оқушылардың алған білімін тек меңгеріп қана қоймай, оны орынды қолдана білуге мектеп жасынан тәрбиелеу және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды еркін меңгерту қажеттігі атап өтіледі (Н. Назарбаев, 2012).
Өзіме жүктелген міндет бойынша әріптесімнің тізбектелген сабақтарына қатыса отырып, сынып оқушыларымен жүргізілетін жұмыста жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оқушы бойында метасананы қалыптастыруды мақсат еттім.
Негізгі бағдар
Білімді өмірде қолдануға бағыттау
Басымдық
Ынтымақтастық пен диалогтік оқыту
Нәтиже өлшемі
Белсенділік, тілдік қор, өзін-өзі реттеу
Бірінші бақылау: бастапқы көрініс
Алғашқы зерттеу сабағында мұғалім оқушыларға тілек айтқызып, кейін оларды топқа бөлді. Бұл кезеңде кейбір оқушылар бірлесе жұмыс жасап, ынтымақтастыққа үйренсе, кейбіреулері өз ісімен айналысып, сабаққа белсенді араласпай отырды. Атап айтқанда: Тимур, Хасар, Абырой және т.б.
Бірлесіп жұмыс жасаудың өзінде диалогтік оқыту элементтері (бірін-бірі бағалау, сыни сұрақтар қою) толық қалыптаспай, танымдық тапсырмалардың толық орындалмауы байқалды. Бұл оқушылардың тілдік қорының жеткіліксіздігі және ойды кеңінен өрбіту дағдысының әлсіздігімен байланысты болды.
Түйін
Ең алдымен ынтымақтастық атмосферасын құрып, сыныпқа кірген сәттен бастап қарым-қатынасты жақсарту қажет. Сонда сабақтың сапасы да артады.
Жоспарлау: бірлескен кәсіби әрекет
Алғашқы зерттеу сабағынан кейін өз тәжірибемді ортаға салып, Тойгүл апаймен және әріптестермен бірлесе отырып (Асылхан ағай, Асель, Шолпан апай және мен — Ақмарал) екінші зерттеу сабағын жүйелі әрі қызықты етіп жоспарладық. Әр тапсырма оқушының өз бойынан өткізіп түсінуіне мүмкіндік беру басты бағдар болды.
Сабақтың тақырыбы
Қазақ тілі: «Болжалды келер шақ»
Оқыту форматы
Жұптық жұмыс және қызықты тапсырмалар
Сабақты ұйымдастыру кезеңінен бастап қорытындылау мен бағалауға дейін оқушылардың қызығушылығын арттыратындай етіп құрдық.
Зерттеуге алынған оқушылар (A–B–C деңгейі)
A оқушы — Лесова Ақгүл
Үлгерімі жақсы, сынып көшбасшыларының қатарында. Оқу озаты, қоғамдық өмірде белсенділігі байқалады.
B оқушы — Нұрлыбеков Нұрасыл
Үлгерімі екпінді, сабақта жауапкершілігі жоғары: жиі қол көтеріп жауап береді. Алайда сыныптастарымен қарым-қатынаста біршама алшақтау байқалды, сондықтан динамикасын бақылауға алдым.
C оқушы — Аманжол Тимур
Үлгерімі төмен, сабаққа ынтасы әлсіз. Сабақ үстінде жан-жағына жалтақтап, өз орнын таппағандай әсер қалдырады.
Бақылау нәтижесі: жұптық жұмыстың ықпалы
Сыныпты бақылау барысында жұптық жұмыстың ынтымақтастықты арттыруға айқын ықпал ететінін байқадым. Өйткені оқушылар тапсырманы орындауда тек өзіне ғана емес, жұбына және топтың нәтижесіне де жауапты екенін сезінеді. Бұл қасиет әсіресе тізбектелген сабақтардың үшінші сабағында анық көрінді.
Оқытудағы өзгеріс: белсенділік пен сенім
Жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану оқушылардың оқуға қызығушылығын арттырып қана қоймай, оқу ынтасын да күшейтетіні байқалды. A және B оқушылары сабақта белсенділік танытып, өз ойларын еркін айтып, көршісімен пікір алмасып, мұғалім сұрағын мұқият тыңдап, тапсырмаларды орындап отырды.
C оқушы бастапқыда қиналып, өзіне сенімсіздік танытты. Алайда A және B деңгейіндегі оқушылардың қолдауы арқылы ол да сынып ырғағына ілесіп, біртіндеп белсенді бола бастады. Алғашында «жауабым дұрыс болмай қала ма?» деген қорқыныш сезімі болды. Топ ішінде қолдау көріп, теріс пікір естімеген соң, ойын еркін айтуға және ізденуге қызығушылығы артты.
Қолданылған әдістер: ойын арқылы талдау
Зерттеу барысында оқушылардың топпен және жұппен жұмыс әрекеттерін сырттай бақылап, әртүрлі әдіс-тәсілдердің тиімділігін салыстырдым. Мысалы, «доп лақтыру» әдісі арқылы жай етістікті түріне қарай талдап, бір-біріне лақтырып орындағанда оқушылардың қызығушылығы айқын артты.
Ойын түріндегі тапсырмалар
- «Картоп егу»
- «Қайталау — оқу анасы»
- «Кім жылдам?»
- «Қоржыннан сұрақ, бізден жауап»
- «Көзбен көру, іспен көрсету»
Негізгі нәтижелер: 7 «А» сыныбындағы өзгерістер
7 «А» сыныбында «Келер шақтың түрлері» тақырыбы аясында диалогтік әңгімелесу арқылы оқушылардың сөздік қоры қалыптасып, өз бетімен жұмыс жасау дағдысы күшейді, көшбасшылыққа ұмтылысы артты. Сонымен қатар формативті бағалауға үйреніп, оқушылар арасында ынтымақтастық ортасы орнықты.
Ынтымақтастық
Оқушылар бір-біріне көмектесіп, нәтижесін бірге көрсетуге ұмтылды; ортақ шешімге келу дағдысы қалыптасты.
Бағалау мәдениеті
Критериалды бағалауға талпынып, формативті бағалаудың білімнің шынайылығын ашатынын түсінді.
Тілдік даму
Тіл байлығы мен сөйлеу мәдениеті жақсарды; сабақта ойын дәлелдеп айту тәжірибесі артты.
Кері байланыс
Оқушылар сабақтан алған әсерлерін стикерлер арқылы қорытындылап, өз жетістіктеріне қуанды.
Іс-тәжірибеге енгізілетін өзгерістер
Жоспарланған бағыттар
- Сабақ үстінде оқушылардың тапсырманы орындау сапасын жүйелі бақылау
- Бағалауға деген көзқарасын қалыптастыру және нақтылау
- Оқушылардың өзін-өзі реттеу дағдысын дамыту
- Топтық жұмыс арқылы ынтымақтастықты нығайту
- Lesson Study тәсілін жүйелі іске асыру
Мұғалім үшін сұрақ және жауап
Оқушылардың тапсырманы орындауы үшін нені өзгерту керек?
- Сабаққа «жеті модульді» тапсырмалар арқылы кіріктіру
- Сыни тұрғыдан ойлау мен диалогтік оқыту арқылы тапсырма орындауға үйрету
Lesson Study арқылы байқалған өзгерістер
-
1) Тапсырманы бірлесіп түсіну
Оқушылар алдымен өзара сөйлесіп, тапсырманың мазмұнын нақтылап алып, содан кейін орындауға көшті.
-
2) Жұптасып-топтасып жұмыс арқылы даму
Топқа бөлініп, жұптасып жұмыс жасау нәтижесінде ынтымақтастық артты. Сабақ айту мәнері өзгеріп, оқушылар тек оқулықпен шектелмей, өмірмен байланыстырып, постер қорғау арқылы жеткізуге машықтанды. Жұптық-топтық жұмыстың мағынасын тереңірек түсінді.
-
3) Ортақ шешім және толық қатысу
Бірлесіп жұмыс жасауға, ортақ шешімге келуге үйренді. Топтық жұмыста ешкімнің оқшауланып қалмауы және әр оқушының толыққанды қатысуы қажет екенін ұғынды.
-
4) Бағалауды түсіну
Формативті бағалау арқылы білімнің шынайылығы айқындалатынын, ал жиынтық бағалау арқылы оқу нәтижесінің бағаланатынын түсінді. Бағаны «сабақ айтқаны үшін» ғана емес, оқу үшін алатынын сезінді; не үйренгенін жинақтауда бағалау маңызды екенін қабылдады.
Оқушы пікірлері (кері байланыс)
«Менің сабаққа қызығушылығым артты, ізденуге, оқуға талаптандырды. Көп нәрсе үйрендім».
«Бағалаудың бірнеше түрін үйрендік: смайликпен, фишкамен өз-өзімізді және бір-бірімізді бағаладық. Қызықты ойындар арқылы, “Білемін — Білдім — Білгім келеді” кестесімен қорытындылауды меңгердік».
«Постер жасап қорғау, семантикалық карта, жұптық жұмыстағы үлестірмелі суреттер ұнады. Тақтадағы жұмыс азайып, бірлескен жұмыс көбейді. Ынтымақтастықта бір-бірімізді оқытып, үйреткеніміз қызық болды».
«Бұрын мұндай сабақтар болмаған. Сіздер қатысқалы күнде бір жаңалық болды. Басында қатты ұялатынмын, достарым күле ме деп қорқатынмын. Осы соңғы сабақтардан кейін достарым маған жақсы қарап, көмектесе бастады. Тағы да осындай сабақтар болса екен…»
Қорытынды
Жаңа форматтағы сабақтарға оқушылардың көзқарасы оң екенін байқадым. Бұрынғы оқыту тәсілімен салыстырғанда қандай өзгеріс болғанын, өздеріне не ұнағанын және қандай жаңалық үйренгенін ашық айтып, өзара пікір алмасты. Сонымен қатар жас мұғалім Тойгүл апай да сабақтарының едәуір өзгергенін, алдағы уақытта сабақтарын түрлендіріп өткізетінін жеткізді.
Қорыта айтқанда, сыныптың ұйымшылдықпен жұмыс істей алатынына, бірін-бірі әділ бағалауға талпынатынына, ізденіп, білгенін көрсете білетініне, білмегенін мұғалімнен және сыныптастарынан сұрап өзін ынталандыра алатынына сенімім мол. Оқушылардың жоғары деңгейдегі көшбасшылық қасиеттері одан әрі нығаяды деп ойлаймын.
Құжат түрі: қорытынды анықтама
26.01.2017