Тайкелтірдің төрелігі
Күнделікті сабақ жоспары (Әдебиет, 5-сынып)
Тақырып: «Шешендік сөздер. Тайкелтірдің төрелігі» (№4 сабақ үлгісі)
- Пән
- Әдебиет
- Сынып
- 5
- Күні
- 14 қараша
- Тоқсан
- ІІ
- Мұғалім
- Р. Қалматаева
Оқу мазмұны және мақсаттары
Білімділік
Оқушыларға шешендік сөздер туралы түсінік беру, «Тайкелтірдің төрелігі» мәтінімен таныстыру және мазмұнын меңгерту.
Тәрбиелік
Адамгершілікке, ізгілікке баулу; бірлікке, татулыққа, сыйластыққа және елжандылыққа тәрбиелеу.
Дамытушылық
Әдеби дүниетанымды кеңейту, пәнге қызығушылықты арттыру, мәнерлеп оқу және талдау дағдыларын дамыту.
Сабақтың сипаттамасы
- Типі: аралас сабақ
- Түрі: дәстүрлі сабақ
- Әдіс-тәсілдер: мәнерлеп оқу, әңгімелеу, талдау
Ресурстар және байланыс
- Көрнекілік: «Шешендік сөздер» кітабы
- Пәнаралық байланыс: тіл, тарих, география
Негізгі бөлім: Шешендік сөздер туралы түсінік
Қазақ ауыз әдебиетінің маңызды салаларының бірі — шешендік сөздер. Шешендік сөздер деп елге белгілі тұлғалардың белгілі бір оқиғаға, дау-дамайға немесе әлеуметтік жағдайға байланысты айтқан тапқыр, мәйекті, өткір ой-тұжырымдарын айтамыз.
Мұндай сөздер әсерлі болғандықтан халық арасына тез тарап, ауыздан ауызға көшіп, ұрпақтан ұрпаққа сақталып отырған. Шешендік сөздер көбіне екі адамның сөз жарысында, даулы мәселені шешу барысында туындайды. Ал мұндай дауларды негізінен билер шешкен. Сондықтан шешендік сөздердің негізгі айтушылары — билер мен шешендер.
Дегенмен шешендік сөздер тек дау-тартыспен шектелмейді. Ол бата-тілек, насихат, нақыл түрінде де кездеседі. Шешендік сөздерден халықтың бастан кешкен оқиғалары, ақыл-ойы, арман-тілегі көрінеді; тілдің байлығы мен оралымдылығы айқын аңғарылады.
Тәрбиелік мәні
Шешендік сөздер адамды жақсы мінезге баулиды, бірлікке, татулыққа, сыйластыққа шақырады.
Мәтін: «Тайкелтірдің төрелігі»
Төле би Тайкелтірдің болашағын болжайды. Бір күні Төле би атқосшы жігітін шақырып: «Қонақ үйдегі екі кісіні таласып жүрген ер-тұрманымен осында әкелші!» — дейді.
Сосын Тайкелтірге қарап: «Балам, мына ер-тұрманға екі адам таласып отыр. Екеуі де риза болатын бітім айтып бер», — деп тапсырма береді.
Тайкелтір керегеде ілулі тұрған Төле бидің қамшысын қолына алып, ортадағы ерге жақындайды да, қамшымен бір тартып жібереді. Содан соң есік алдында тұрған Төле бидің жігітіне ерді ұстатады.
Дауласқан екі адам ердің Төле бидің атқосшысына берілгеніне риза болады.
Сабақ барысы (құрылымы)
I. Ұйымдастыру кезеңі
- 1 Оқушылармен сәлемдесу.
- 2 Сабаққа қатысымды тексеру.
- 3 Зейінді сабаққа аудару.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Жиреншенің хан сынағына түсуі» туралы аңызды әңгімелеу.
III. Білімді тексеру (сұрақ-жауап)
- 1) Хан Жиреншеге қырық сиыр беріп, қалай сынады?
- 2) «Біздікіне келгенде жолмен де жүрмесін, жолсызбен де жүрмесін» деген сөзге Жиренше қалай жауап берді?
- 3) «Сексен еркек қой беріп, көктемде қоздатып кел» деген тапсырмаға ол қандай айла тапты?
IV. Жаңа сабаққа дайындық
- 1 Сабақ тақырыбын тақтаға жазу.
- 2 Сабақ мақсатын түсіндіру.
V. Жаңа тақырыпты түсіндіру
Шешендік сөздердің анықтамасы, таралуы, пайда болу жағдайлары және тәрбиелік мәні түсіндіріледі. Одан кейін «Тайкелтірдің төрелігі» мәтіні оқылып, мазмұны талданады.
VI. Түсінікті тексеру (сұрақ-жауап)
- 1) Шешендік сөздер деген не?
- 2) Шешендік сөздер қандай сөздерден құралады?
- 3) Шешендік сөздердің тәрбиелік мәні неде?
- 4) Төле би Тайкелтірді қалай сынады?
- 5) Тайкелтір даукестерге қандай төрелік айтты?
VII. Жаңа сабақты бекіту
Оқулықпен жұмыс: Тайкелтірдің тапқырлығын білдіретін үзіндіні мәнерлеп оқыту.
Шығармашылық тапсырма: Өздерің білетін Төле бидің төрелік сөздерінен мысал келтіру.
VIII. Сабақты қорыту
- Бағалау: оқушылардың жауаптары мен белсенділігіне қарай.
- Үй тапсырмасы: «Шешендік сөздер. Тайкелтірдің төрелігі» тақырыбы бойынша мазмұндау, толық нұсқасын оқу.