Содан Қожа ақынға бұрылып

Қожа баласын тәрбиелеу туралы

Бір күні Қожанасыр баласының қолына қыш құмыра ұстатып, суға жібермек болыпты. Сосын: «Маған қара, қолыңдағы құмыраны сындырып алма!» — деп, шапалақпен тартып жіберген екен.

Мұны көрген Қожаның әйелі ашуланып: «Баланы неге ұрасыз? Құмыраны сындырған жоқ қой!» — дейді.

Сонда Қожа: «Сен ештеңе түсінбейсің. Құмыраны сындырып болған соң, ұрудың қажеті бар ма?» — депті.

Бұзақы туралы әңгіме

Қожаның тұратын ауданында елге тыныштық бермейтін бір бұзақы болыпты. Ол кез келген жазықсыз адамға тиісіп, сабай береді екен.

Бір күні әлгі бұзақы келе жатқан Қожаны таспен бір ұрып, басын жарып жіберіпті. Қожа айқай-шу шығармай, ешкімді көмекке шақырмай, бұзақыны қасына шақырып алып, қолына бір теңге ұстатыпты.

Бұзақы таңданып: «Неге маған ақша бердің? Мені мазақ етіп тұрсың ба?» — дейді.

Қожа: «Жоқ. Мен сені аядым» — деп жауап береді.

Бұзақы: «Несі үшін?» — деп қалады.

Қожа: «Мен секілді бейшараның біреуі ақша беруі үшін сен тас лақтыруға қанша күш жұмсадың? Бай-манаптардың біріне тас атсаң, олар сенен мазасыздықтан құтылу үшін он теңгесін де қимас еді?» — депті.

Бұзақы осыны ести сала жұмыр тас алып, атпен келе жатқан ел ағасын таспен бір ұрыпты. Оны дереу ұстап алып, жүз рет дүре соғып жазасын беріпті.

Әдеби шығарма жайлы әңгіме

Қожанасыр туған қаласына қыдырып келіп, сол жерде тұратын көркем өнердің білгірі, танымал ақынның үйіне бас сұғыпты.

Ақын ұзақ уақыт бойы Шығыс шайырларының өлеңдерін оқып, олар туралы талай қызықты әңгіме айтыпты. Ал Қожанасыр ұзақ отырып, әбден қарны ашса да, үй иесі дастарқан жаятын түр көрсетпепті.

Содан Қожа ақынға бұрылып: «Сұрауға рұқсат етіңіз» — дейді.

Ақын сыпайы жымиып: «Әрине, рұқсат. Сұраңыз, сұраңыз» — депті. Ол әдебиетке қатысты терең сұрақ болар деп ойласа керек.

Қожа болса: «Сіз айтып отырған сондай тамаша ақындар тамақ ішті ме екен? Ішсе, қандай тамақ жеген? Соның өзін айтып бермейсіз бе?» — деген екен.

Тісі жоқ хор қыздары

Бір күні мешіт имамы адамдарға жұмақтың ғажайыптары туралы уағыз айтып отыр екен: «Жұмақ бақшасында өсетін анар ерекше: оның ішіндегі әрбір дәні — нағыз лағыл» — дейді.

Бұған таң қалған Қожа: «Сіз не айтып кеттіңіз? Нағыз лағыл дейсіз бе? Сонда жұмақтың хор қыздарының ауызында тіс жоқ па? Қандай ұсқынсыз!» — деп қалады.

Имам түсінбей: «Несі ұсқынсыз?» — дейді.

Қожа: «Бейшара қыздардың тісін лағыл тастар сындырып, бәрі түсіп қалған ғой» — деген екен.