Әліппе келмепті
Мәлімет
Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы, «Сымбат» жеке мектебі. Бастауыш сынып мұғалімі: Макуова Нуршат Аманқосовна.
Тақырыбы
«Қош, сүйікті әліппем!»
Түрі
Ертеңгілік
Көрнекілігі
Нақыл сөздер, суреттер, әріптер, безендірілген сахна, оқушылардың шығармашылық жұмыстары және т.б.
Мақсаты
- Оқушылардың білімдерін бекіту, сауат ашу пәні барысында алған білімдерін тиянақтау.
- Өз өнерлерін ата-аналарға көрсету, эстетикалық талғамдарын тереңдету.
- Шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұқыптылық пен жинақылыққа тәрбиелеу.
І. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылардың дайындықтарын қадағалау.
- Назарларын ертеңгілікке аудару.
ІІ. Негізгі кезең
Жүрісімен таныстыру
- 1 Мұғалім сөзі.
- 2 «Білім шаһарына саяхат».
- 3 Әдеби-музыкалық монтаж.
1) Мұғалімнің кіріспе сөзі
Армысыздар, құрметті ата-аналар, ұстаздар, қонақтар! Бүгін біздің шәкірттеріміз ғылымның бастауы болған Әліппені тәмамдады. «Қош, сүйікті әліппем!» атты ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер.
(Мерекелік залға сәнді киінген 1 «Б» сынып оқушылары кіреді.)
Медеу
Өтті оқу, сан сабақ,
Бүгін үлкен салтанат.
Оқулықпен достассақ,
Әліппемен қоштаспақ.
Өсті білім бойымыз.
Хормен: Құтты болсын тойымыз!
Берік
Жақсы білім — көрімдік,
Болсын сізге, халайық!
Не үйреніп, не білдік?
Қане, ортаға салайық.
2) «Білім шаһарына саяхат» (сюжеттік бөлім)
1-жүргізуші
№9 орта мектептің 1 «Б» сыныбында «Әліппемен қоштасу» кеші өтіп жатыр. Балалардың барлығы Әліппені ортаға шақырады.
Барлығы хормен: «Әліппе, Әліппе, Әліппе!»
2-жүргізуші
Алайда Әліппе келмейді. Медеу жерден хат тауып алады. Хатта Әліппені Білім патшасы алып кеткені жазылған. Балалар Әліппені іздеуге жолға шығады.
1-жүргізуші
Балалар мақал-мәтелдер еліне кезігеді.
«Әліппеден, балалар,
Не оқыдың, не білдің?
Қане, айтшы мақалдар,
Біліміңді көрейін.»
2-жүргізуші
Балалар жұмбақтар еліне тап болады.
«Біз жұмбақтар айтамыз.
Шешуін сіз тапсаңыз,
Жолыңызды біз ашамыз.»
(Екі жұмбақ оқылады, балалар шешуін табады.)
1-жүргізуші
Балалар санамақтар еліне соғады.
«Мен санамақ боламын,
Ақыл-ойдан тұрамын.
Айтып берсең санамақ,
Қазір жолды ашамын.»
2-жүргізуші
Балалар ертегілер еліне келеді. «Қандай ертегілермен танысып едіңіздер? Қане, өнерлеріңізді тамашалайық!»
Асхат
Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріп те.
Оқимыз қазір ертегіні,
Үйреткен оны Әліппе.
«Кім неден күшті?»
1-жүргізуші
Ерте-ерте, ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен.
Қырғауыл жүні қызыл екен,
Құйрық жүні ұзын екен.
Мұзға барып қонған екен,
Жамбасы ауырып қалған екен.
Ертегі диалогы (үзінді)
Нұргүл
Мұз, мұз, сен неден күшті болдың?
Қуандық
Мен күшті болсам, күн көзінен ерімес едім.
Нұргүл
Күн, күн, сен неден күшті болдың?
Айзат
Мен күшті болсам, бетімді бұлт басар ма еді?
Нұргүл
Бұлт, бұлт, сен неден күшті болдың?
Өміржан
Мен күшті болсам, жауа-жауа жусан басын көгертпес пе едім?
Нұргүл
Жусан, жусан, сен неден күшті болдың?
Медеу
Мен күшті болсам, қошақан мені жер ме еді?
Нұргүл
Қошақан, қошақан, сен неден күшті болдың?
Асхат
Мен күшті болсам, құйрығымды қасқыр тартар ма еді?
Нұргүл
Қасқыр, қасқыр, сен неден күшті болдың?
Қайсар
Мен күшті болсам, мерген атып алар ма еді?
Нұргүл
Мерген, мерген, сен неден күшті болдың?
Берік
Мен күшті болсам, мылтығымның бауын тышқан қияр ма еді?
Нұргүл
Тышқан, тышқан, сен неден күшті болдың?
Айжамал
Мен күшті болсам, ала жаздай жинаған азығымды құмырсқа тасып кетер ме еді?
Нұргүл
Құмырсқа, құмырсқа, сен неден күшті болдың?
Альбина
Арқаммен алты батпан, желкеммен жеті батпан ауырды көтергендіктен күшті болдым.
2-жүргізуші
Құмырсқа балаларды Білім шаһарына алып келеді.
Білім патшасы
Мен сендердің келетіндеріңді білгенмін. Барлық кедергілерден өз білімдеріңнің арқасында өттіңдер. Қайтпас қайсарлықтарыңа тәнті болдым. Әліппелеріңді қолдарыңа ала қойыңдар.
1-жүргізуші
Әліппе балалардың қасына келеді.
2-жүргізуші
Оқушылар Әліппеге арнауларын ұсынады.
3) Әдеби-музыкалық монтаж
Хор
«Әліппе әні»
Серік
Сөзімізге құлақ салыңыз,
Бір серпіліп қалыңыз.
Әліппеге арналмақ
Бүгінгі жыр-әніміз.
Альбина
Бар кітапқа бас болған,
Әліппе — ғылым анасы.
Әліппеден басталған,
Даналықтың данасы.
Оңайбай
Енді біз жаза білеміз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза болып саған жүреміз,
Сүйікті біздің Әліппе.
Нұргүл
Еркесі едім атамның,
Еркесі едім анамның,
Толдым биыл жетіге —
Мен оқушы атандым.
Қуандық
Бұл мереке сенің арқаң, анашым,
Бір мен үшін керектіні табасың.
«Балаң жақсы» деген сөзді естісең,
Күлімсіреп, қуанып бір қаласың.
Ән: «Анашым»
Гүлдана
Ең алғаш қолға алғанда Әліппені,
Қызығып қарай бердім әріптерді.
Мен үшін сыры жұмбақ бұл кітаптың,
Ұстазым кілтін маған алып берді.
Айзат
Ата-анаңнан кейінгі
Екінші адам өмірде.
Бала бол деп зейінді,
Мейір құйған көңілге —
Ол ұстазың сүйікті.
Ән: «Ұстазыма»
Қайсар және Ақбөбек
Алфавиттің А тұрады басында,
Әрқашан да Ә тұрады қасында.
Байқадың ба? Б тұрады үшінші.
Ал осының сыры неде? Түсінші.
А — ол аналар ғой ардақты,
Ә — ол әкелер ғой салмақты,
Б — ол балалар ғой әдемі.
Біздің елде үшеуі де қадірлі.
Сондықтан да, расында,
Тұрады олар алфавиттің басында.
Арсен
Таныстырған қырық екі әріпке,
Қош бол, менің қасиетті Әліппем.
Сенің арқаң оқи, жаза аламын,
Сауатты адам сапасына кіргенім.
Би
«Айгөлек» — қыздар тобы
Өміржан
Мынау менің Әліппем,
Көгілдір туым түсіндей.
Ақылшы жақын досымдай,
Қымбатты маған кісімдей.
Бірінші беттен елімнің,
Елтаңбасын таныдым.
Көк байрақты қазақтың
Ұрпағымын, сәнімін.
Батырбек
Әліппе даңғыл жол ашып,
Жаңа пәнмен жалғасты.
Әліппе сырын ұқтырған,
Рақмет ұстазға алғашқы.
Хор
«Жарқын жүзді ұстазым» әні
ІІІ. Қорытынды
1-жүргізуші
Бүгінгі мерекеміз Әліппенің мерейтойына арналады. Әліппені ортаға шақырайық!
2-жүргізуші
Әріптердің иесі Әліппеге шексіз алғысымызды білдіре отырып, оны демалыс-сауықтыру орталығына шығарып саламыз! Сондай-ақ білім әкімшілігі «Еңбегі сіңген білімгер» атағын береді.
Әліппе
Құрметті оқушылар, сендердің білімді, ынталы, алғыр екендеріңе көзім жетті. Қоштасатын уақыт та келді. Бірақ мұңаймаңдар. Сендерге сыйлық дайындап отырмын: мұра ретінде «Ана тілі» деп аталатын бауырымды қалдырамын. Төрт жыл бойы осы «Ана тілімен» бірге боласыңдар.
Қош болыңдар, балақайлар!
Айжамал
Біз енді Әліппемен қоштасамыз,
Жолына гүлмен қоса жыр шашамыз.
Білімнің бұлағынан сусындауға,
Көптеген кітаптармен достасамыз.
Мұғалім
Құрметті қонақтар! Бүгінгі ертеңгілігімізге уақыт бөліп келгендеріңіз үшін зор алғыс айтамыз. Келесі кездескенше, қош сау болыңыздар!