Сөздердің байланысу тәсілдерін ата

Сабақтың тақырыбы

Сөз тіркесі білдіретін синтаксистік қатынастар. Анықтауыштық қатынас.

Сабақтың түрі

Дәстүрлі сабақ

Сабақтың әдісі

Сұрақ-жауап, түсіндіру, талдау

Көрнекілігі

Үлестірмелі кеспе қағаздар, кестелер

Пәнаралық байланыс

Әдебиет

Сабақтың мақсаты

  • а) Сөз тіркесі білдіретін синтаксистік қатынастарды және олардың түрлерін түсіндіру арқылы оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыру.

  • ә) Ана тілін және рухани құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу; тапқырлыққа баулу; адамгершілік және эстетикалық тәрбие беру.

  • б) Сабақ барысында оқушыларды сауатты әрі көркем жазуға дағдыландыру.

Сабақтың барысы

І. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, түгелдеу.
  • Оқу құралдарын тексеру.
  • Сыныптың тазалығына назар аудару.
  • Оқушылардың зейінін сабаққа шоғырландыру.

ІІ. Үй тапсырмасын пысықтау

Өткен тақырыптарды қайталау үшін сұрақтар:

  1. Жалғаулар арқылы сөздер қалай байланысады?
  2. Матасудың байланысу тәсілі қандай?
  3. Жанасу қай сөз табымен тіркесіп келеді?

ІІІ. Жаңа сабақты түсіндіру

Сөз тіркесінің бағыныңқы сыңары мен басыңқы сыңары өзара белгілі бір грамматикалық мағынаны білдіреді және соған сәйкес белгілі бір синтаксистік қатынаста жұмсалады.

Сөз тіркестерінің сыңарлары арасындағы грамматикалық мағына үш түрлі синтаксистік қатынас аясында көрінеді. Матаса және қабыса байланысқан есімді сөз тіркестерінің сыңарлары бір-бірімен анықтауыштық қатынаста қолданылады.

Сұрақтар

Басыңқы сыңардан бағыныңқы сыңарға мына сұрақтар қойылады: кімнің? ненің? қандай? нешінші?

Мысалдар: баланың кітабы, бойшаң жігіт.

Жаттығумен жұмыс

  1. 252-жаттығу. Анықтауыштық қатынастағы сөз тіркестерін тауып, сұрақ қою арқылы олардың түрлерін және байланысу тәсілдерін талдаңдар.
  2. Матаса және қабыса байланысқан есімді тіркестерге 5 мысал ойлап жазыңдар.
  3. «Көңілді көктем» тақырыбына мәтін құрастырып жазыңдар.

IV. Білімді бекіту

Оқушылардың түсінбеген сұрақтарына жауап беріледі. Төмендегі сұрақтар арқылы білімдері бекітіледі:

1) Синтаксис дегеніміз не?

Сөз тіркесі мен сөйлем туралы ғылым.

2) Сөздердің байланысу тәсілдерін атаңдар.

Орын тәртібі, интонация, жалғау арқылы, шылау арқылы.

3) Есімді және етістікті сөз тіркестері қалай жасалады?

Басыңқы сыңарының есім не етістік болуына қарай жасалады.

4) Сөз тіркесінің байланысу түрлерін атаңдар.

Қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу.

5) Қиысу қалай жасалады?

Бастауыш пен баяндауыштың жақ жағынан үйлесе байланысуы арқылы жасалады.

6) Матасу дегеніміз не?

Ілік септік пен тәуелдік жалғаудың байланысы.

7) Меңгеру қандай септіктер арқылы жасалады?

Барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктері арқылы.

8) Қабысу мен жанасуды қалай ажыратамыз?

Қабысу орын тәртібі арқылы жасалады, ал жанасу іргелес немесе алшақ түрде байланысады.

9) Анықтауыштық қатынас дегеніміз не?

Матаса және қабыса байланысқан есімді сөз тіркестерінің анықтауыштық қатынаста жұмсалуы.

V. Үйге тапсырма

Анықтауыштық қатынасқа көркем шығармадан бірнеше сөйлем жазып келіңдер.

VI. Білімді бағалау

Оқушылардың белсенділігі мен ынтасына қарай білімдері бағаланады.