Кітап көрмесі

2-сынып Тәрбие сағаты

Кітап – жан азығы

Кітап — адам өміріндегі аса маңызды құндылық. Ол білімге бастайды, ойды тереңдетеді, мінезді тәрбиелейді және рухани әлемімізді байытады.

Мақсаты

  • Оқушыларды кітапты сүюге және қадірлеуге тәрбиелеу.
  • Кітаптың адам өміріндегі рөлін түсіндіру, қызығушылықты арттыру.
  • Оқулықты ұқыпты ұстап, күтіп сақтауға үйрету.

Көрнекілігі

Кітап көрмесі.

Дана адамдардың кітап туралы қанатты сөздері.

Негізгі ой

Кітап оқу — күнделікті әдет. Кітап оқымай білім алу да, өмірді тану да толық болмайды.

Есте сақтайық

Кітап — өмір ұстазы, ақылдың кені, рухани азық.

Кітап туралы даналық сөздер

«Кітап оқымай, өмірді білу, білім алу мүмкін емес.»
Серке Қожамқұлов
«Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге.»
Абай Құнанбаев
«Жақсы кітап оқу — ақылды адаммен сырласқанмен бірдей.»
Лев Толстой
«Кітап дегеніміз — біздің заманымыздың өмірі.»
В. Белинский

Сабақ барысы: ой қозғау және жұмбақтар

Ой қозғау сұрақтары

1) Мектепке балалар не үшін келеді?

Оқу, білім алу үшін.

2) Білім алу үшін оқушыға не керек?

Ең алдымен — кітап.

3) Кітаптың пайдасы қандай?

Ол ақыл береді, тәрбиелейді, ойды өсіреді және рухани байытады.

Жұмбақ шешейік

  • Тіл жоқ өзінде, сөзі бар ізінде.

    Жауабы: қаламсап

  • Жұқа тақтай бөлшегі, ұзындықтың өлшемі.

    Жауабы: сызғыш

  • Төрт қырлы, өзі аппақ, тақтадағы ізі аппақ.

    Жауабы: бор

  • Қабат-қабат қатталған, асыл сөзбен апталған. Парағы бар сөйлейтін, ол қазына өлмейтін.

    Жауабы: кітап

Кітаптың адам өміріндегі рөлі

Кітап адамды елін сүюге, талапты болуға, кішіпейілдікке, мейірімділікке және төзімділікке баулиды. Ол жаман әдеттен сақтандырып, дұрыс жолға шақырады. Қоғамдағы әр адам күнделікті өмірде кітапқа сүйенеді: одан ақыл-кеңес, тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алады.

Кітап — тілсіз мұғалім

Сабырмен үйретеді, ойландырады, бағыт береді.

Кітап — ақылдың кені

Бар білімнің бастауы, ғылымның қоржынын ашатын кілт.

Кітап — рухани қазына

Өткенді танытады, тәжірибе береді, дүниетанымды кеңейтеді.

Өмірден мысал: кітап оқыған адам қандай биікке көтеріледі?

Майкл Фарадей

Әлемге әйгілі ағылшын физигі Майкл Фарадей бала кезінде кедейлікке байланысты тұрақты оқи алмады. Ол кітап түптеп күн көрді, алайда өз бетімен үздіксіз ізденіп, білім жинап, ақырында дүниежүзіне танылған ғалымға айналды.

Абай Құнанбаев

Қазақтың ұлы ақыны Абай өз білімін үздіксіз ізденіс пен көп оқудың арқасында тереңдетті. Ол бірнеше тілді меңгеріп, алдыңғы қатарлы ойшылдардың еңбектерімен танысып, ұлы ақын әрі ойшыл дәрежесіне көтерілді.

«Кітапта алма ағашы, жемісін біздер теретін. Тәтті алмаға балашы, кітабыңның әр бетін».
Мұзафар Әлімбаев

Дана халқымыз: «Батыр бірді жығады, білім мыңды жығады» деп бекер айтпаған. Кітап беттерінде адамзат тіршілігінің сан қырлы құпиялары сақталған.

Кітапты сүю мәдениеті

«Кітап — рухани қазына» деп жиі айтамыз. Алайда кейде кітап оқуға құлқы төмендеп, дағды қалыптаспай жатады. Кітапқа жақындаудың ең сенімді жолы — оны сүю, әуестену, қадірлеу, қастерлеу.

Кітапқа құштарлық әр отбасында бала жүрегіне ерте сіңуі керек: ата-ананың аманаты — баланы кітаппен дос ету. Сонда кітап өмір бойғы сарқылмас рухани бұлаққа айналады.

Кітап туралы тақпақтар

Орманшының аялы алақаны өсірген, сонау ағаш саялы қағаз үшін кесілген. Саған білім жемісін оқулығың береді, талай адам сол үшін маңдай терін төгеді.

Оқулығың — құралың, жағар білім шырағын. Онсыз алға баса алмайсың, бір адым да қырағын. Елімізде атақты ғалым ата не тапты? Бәрін, бәрін білесің, оқи берсең кітапты.

Кітап түрлері және қысқаша мәлімет

Қандай кітап түрлерін білеміз?

  • Қызыл кітап — Қазақстандағы азайып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктер туралы.
  • Ертегілер — қиялды дамытып, ізгілікке баулиды.
  • Оқулықтар — негізгі білім көзі.
  • Өмірбаяндар — ұлы тұлғалардың жолын танытады.

«Кітап» сөзінің төркіні

«Кітап» сөзі араб тіліндегі «жазу» деген мағынадан тараған. Кітап — тарих шежіресі әрі оқу-тәрбие құралы. «Оқымасаң, ой тоқырайды» деген нақыл оқымайтын адамның ойы тарылып, санасы тежелетінін меңзейді.

Кітаптың шығу тарихы (қысқаша)

  1. Алғашқы «кітап» жұмсақ балшыққа жазылып, кептіріліп, кейін күйдірілген (кірпіш тас сияқты).
  2. Бамбук өсімдігінен жасалған таяқшаларға да жазу түсірілген.
  3. Ежелгі Мысырда жазулар тасқа қашалған.
  4. Кейін жануар терісінен пергамент жасалып, мәтін соған жазылған.
  5. Еуропада кітап шығаруда қағаз XIII ғасырда кең тарай бастады.

Кітаптың тарихы мыңдаған жылдарды қамтиды. Бүгінгі қолымыздағы кітап — талай дәуірдің тәжірибесінен өткен ұлы мұра.

Көрініс: «Кітаптар мұңы»

Бұл көрініс кітапқа ұқыпсыз қараудың салдарын көрсетеді. Оқулықтардың «тілімен» айтылған шағым арқылы балаларды кітапты таза ұстап, жыртпай, шимайламай, қадірлеуге шақырады.

Диалогтан үзінді

— Ей, бауырым, тұрсаңшы! — Біз қайда келдік өзі? — Ой, мазамды алма! — Парақтарым жыртылып, желге ұшып кеткені дұрыс еді ғой... — Жалғыз сен емес, көп кітап осындай күйге түседі...

Көріністің түйіні: әр оқушы өз кітабын құрметтеп, таза ұстауға міндетті. Кітап — көптеген адамның еңбегімен келетін қымбат қазына.

Кітап туралы ой-толғаныстар

Кітап оқымай ми толмайды: көз көрмей, көңіл тынбайды.

Адам өледі, ал кітап жаңарып, жасай береді.

Кітап — ең сабырлы ұстаз: асықпай үйретеді.

Хормен:

Кітап — рухани қазынамыз.

Оқушы мен кітаптың тілдесуі

Оқушы

Ақыл-ойдың иесі, бар ғылымның жүйесі. Қуанышы көңілдің, баспалдағы өмірдің. Жан азығы серігім, ардақтамас сені кім?

Кітап

Күнде өсіп көлемім, көріктеніп келемін. Көптің тауып керегін кезінде айтып беремін. Бірақ білмес нарқымды, байқап жүрмін әркімді.

Кітап кейде ренжиді: кейбіреулер ерігіп, бетін аша салып, жолдарын сызады, парағын жыртады, таза ұстамайды.

Сұрақ

Кітапты қалай күтіп ұстау керек?

таза ұстау жыртпау сызбау кірлетпеу қаптау

Қорытынды және кеңес

Кітап — қоғамның рухани күшін дамытатын қуатты құрал, мәдениеттің қайнар бұлағы. Ол — парасат пен адамгершіліктің, биік ойдың қоймасы. Кітап арқылы өткенге көз жіберіп, қымбат мұра жинаймыз, тәжірибемізді толықтырамыз.

Өтебай Тұрманжановтың кеңесі

Кітапты шала-шарпы оқу — зиян. Шала оқысаң, оқығаның бойыңа жұқпайды. Тез оқуға ғана әдеттенсең, еңбегің зая кетеді. Сондықтан бастаған кітабыңды аяғына дейін оқы. Оқуға белгілі бір уақыт белгілеп, тұрақты дағды қалыптастыр. Кітапты тиянақты оқы.

№179 А. Хангелдин атындағы орта мектеп • Сыдықова Айғаным Сәрсенқызы