Тілек айту

Тәрбиелік сабақ

Имандылық ұл мен қызға жарасады

Бұл сабақтың өзегі — оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа, парасаттылыққа және біліктілікке баулу. Нақыл сөздер мен көрнекі суреттеулер арқылы жүрекке жақын ұғымдар түсіндіріліп, дәстүрлі құндылықтармен байланысы ашылады.

Мақсаты

Адамгершілік, имандылық, парасат, біліктілік қасиеттерін қалыптастыру.

Көрнекілігі

Нақыл сөздер, суреттеу материалдары.

Нәтижесі

Ізет, әділет, мейірім сияқты мінез дағдыларының нығаюы.

Сабақ барысы (жоспар)

  1. 1 Мұғалімнің кіріспе сөзі.
  2. 2 Бата ұғымының түп-төркініне түсінік.
  3. 3 Тілек айту.
  4. 4 Тыйым сөздер.
  5. 5 Қорытынды.

Иман ұғымы: сенімнен — адамгершілікке

Мұғалім түсіндіреді: «Иман» сөзі араб тілінде «сенім» деген мағына береді. Дінге сеніммен байланысты бұл ұғым халық түсінігінде әдептілікпен, яғни адамгершілікпен ұштасып, әлеуметтік мәдениеттің өлшеміне айналған.

Өмір заңдылықтарына айқын сеніммен қарап, адамгершілік міндеттері мен мақсаттарын бұлжытпай орындайтын ақ ниетті, адал жүректі, көпшіл жанды иманды адам дейміз.

Иманды адамның болмысы

  • Айналасына жақсылық ойлайды, жанашырлық танытады.
  • Әр адамға әдеппен, ізетпен, инабаттылықпен қарайды.
  • Қамқорлық жасауға әрдайым дайын тұрады.

Халық даналығы

Иманның айқын белгісі — әділет пен шыншылдық. «Тура биде туған жоқ, туысты биде иман жоқ» деген тәмсіл осыны меңзейді.

Қонақжайлылық, кеңпейілділік, көпшілдік — әлеуметтік имандылықтың көрінісі. Имандылық дәстүрін қастерлеу — кісілік борыш.

Мейірімділік — адамгершіліктің асқар шыңы

Иманы кәміл адам — мейірімді. Мейірімділік — адам бойындағы қасиетті сезім. Ата мейірімі, әке мейірімі, ана мейірімі және отбасы мүшелерінің бір-біріне деген мейір-шапағаты — әдептік әсем құбылыс.

Халқымыз ұрпағын мейірімділікке тәрбиелеп, қатыгездіктен қашырып, қаталдықтан сақтандырып отырған. «Көпті жамандаған көмусіз қалады» деп, мейірлі болуды — өз халқын сүю, бірлікшіл болу деп ұғындырған.

Негізгі түйін

Үлкеннің сөзін тыңдау, сыйласымға мән беру — мейірімділіктің берік іргетасы.

Бата: ақ ниет пен тәрбиенің тоғысы

Мұғалім кіріспеден кейін бата, тілек және батаның түрлері туралы қысқаша тоқталып, сөз кезегін жүргізушілерге береді.

Әйгерім Ажығалиева

Сабақты біз «Ақ бата» деп атадық,
Үлкендерден жүрейік деп бата алып.
Ақ батамыз бастайды екен ақ жолға,
Шалыс басып кетпесін деп шатасып.

Имандылық жарасады ұл мен қызға,
Ал, батамыз бастайды екен шың-құзға.
Инабатты, ұмытпасқа ізетті,
Айналамыз біз адами жұлдызға.

Қатипов Сұлтанбек

Бата ұғымының түп-төркінін барласақ, оның тамыры Құранның бірінші сүресі — «Фатихамен» де сабақтасып жатады. Халықтың бата-тілек сөздері жас ұрпақты әдепті, сабырлы, зерделі, арлы болып өсуге баулиды; малды-басты, дәулетті, бақытты болуын, кекшіл емес — кешірімді болуын тілейді.

Бата — қазақ арасында адамдардың бір-біріне деген ынта-ықыласын, адал ниеті мен ақ тілегін білдіретін тәрбиелік мәні зор рәсім.

Дастархан батасы

Мұхитұлы Мырзахан

Дастарханың мол болсын,
Абыройың зор болсын!
Дастарханың тоқ болсын,
Уайым-қайғы жоқ болсын!

Берейін бата асыңа,
Амандық берсін басыңа.
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа.

Бар екен деп тасыма,
Жоқ екен деп жасыма.
Еңбек етсең ерінбей,
Дәулет келер қасыңа.

Көре алмаған дұшпанның
Жолы бітсін, суалсын.
Бақытың жетсін төтелеп,
Дүние малды жетелеп.

Аузыма түскен батаның,
Жатырмын бәрін төгілтіп!
Көтердім міне білекті,
Ақтардым түгел тілекті.
Мынау тұрған балаңыз,
Батыр болсын жүректі.

Қорытынды ой

Иман — мінездің өлшемі, мейірім — жүректің нұры, бата — ұрпаққа бағыт беретін ақ тілек. Осы үштаған адамды ізгілікке жетелейді.