Ризамыз бүгінге, ризамыз бүгінге

Сабақ барысы: тыныштықтан басталатын таң

Бұл сабақтың өзегі — баланың ішкі күйін реттеу, айналасына мейіріммен қарап, күнді дұрыс әрекетпен бастау. Алдымен сынып жағымды күйге келу жаттығуын орындайды.

Ұйымдастыру кезеңі: «Нұрға бөлену»

Ыңғайланып отырыңыздар: денені тік ұстап, аяқ-қолды айқастырмай, қолды тізеге не үстелге қойыңыздар. Көзді жұмып, тынысты бірқалыпқа келтіріңіздер.

Күн нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай жылжып бара жатқанын елестетіңіз. Кеудеңіздің ортасында гүл бүршігі бар. Нұрға толған сайын ол баяу ашылып, жүрегіңізді жұмсартады.

Қол

Қолдарыңыз нұрға бөленеді: олар тек жақсы, ізгі іс жасайды және көмектеседі.

Аяқ

Аяқтарыңыз нұр шашады: олар сізді жақсылық жасайтын жерлерге бастайды.

Тіл

Тіліңіз шындықты және ізгі сөзді ғана айтады.

Құлақ пен көз

Құлақ жақсы сөз бен әсем әуенді, көз жақсылықты көреді.

Нұр басыңызды толық қамтып, санаңызға ізгі ой әкеледі. Енді сол нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға және тіпті ренжіскен адамдарға да бағыттаңыз — жүректері нұрға толсын.

Ойша айтыңыздар: «Мен нұрлымын. Нұр менің ішімде. Мен — Нұрмын».

Осы Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде бір сәт отырыңыздар. Сосын жаймен көзді ашуға болады.

Талқылау сұрақтары

  • Қандай күйде болдыңыздар?
  • Жаттығу сіздерге қалай әсер етті?
  • Ішкі тыныштыққа келе алдыңыздар ма?

Қорытынды: бір-бірімізге жақсы тілектер айтып, тыныштық күйін сақтауға тырысамыз.

Үй тапсырмасын тексеру

Оқушылар ата-анасының көмегімен әдеп туралы мақал-мәтел жаттап келген. Сыныпта бірнеше бала мақалын айтып, ортақ талқылау жүргізіледі.

Дәйексөз арқылы ой ашу

Дәйексөз

«Шуақты болса әр таңым — күлімдеп күнім батады».

Халық даналығы

Оқушылар дәйексөздің мағынасын өз түсінігімен айтады. Мұғалім ойды жинақтайды: таңертең көңіл күй әртүрлі болуы мүмкін, бірақ жылы сөйлеу адамның өзіне де, айналасына да тыныштық әкеледі.

Егер күнді шуақты көңіл күймен бастасаң, сол күймен күні бойы дұрыс әрекет жасау жеңілдейді.

Оқу

Екі топпен (қыздар/ұлдар) екі рет оқыту.

Жаттау

3 рет қайталау, кейін бірнеше оқушыдан сұрау.

Жазу

Дәптерге көшіріп жаздыру.

Әңгімелеу: мұғалімнің сыйы

«Алтын» туралы оқиға

Алтын кешке ойыннан шаршап келіп, сабағын оқымастан төсегіне жата кетті. Мұны көрген 6 жастағы інісі Бағылан: «Әпке, неге кеш келдің? Сабақты оқыған жоқсың ғой», — деді.

Алтын ақталып: «Саған не керек? Бізге үй тапсырмасын берген жоқ», — деді. Бағылан болса: «Мен анама айтамын. Ертең “екі” алсаң, әкем сені демалыста Астанаға апармайды», — деп қоймады. Бірақ Алтын құлақ аспай, ұйықтап қалды.

Таңертең анасы оятты: «Алтынжан, тұр, құлыным! Бүгін сыныбыңмен мұражайға баратын күн ғой», — деп маңдайынан иіскеді. Алтын: «Ту-у-у, апа, таң атпай сөйлеп ұйқы бермедің. Сәл ұйықтай тұрайыншы. Мен мұражайға барғым келмейді», — деді. Анасы бәрібір оятып, жуындырып, таңғы асын беріп, мектепке жіберді.

Алтын сабаққа ашулы келді: сыныптасы Маржан амандасқанда жауап қатпады. Арман «Артық қаламың бар ма?» дегенде: «Мен қаламды сен үшін сатып алдым ба?» — деп дөрекі жауап берді.

Ойлануға сұрақтар

  • Алтын не себепті дөрекілік көрсетті?
  • Алтынның әрекеті туралы не айтар едіңдер?
  • Сен таңертең сабаққа қандай көңіл күймен келесің?

Талқылаудың түйіні: егер таңертең көңіл күйімізді өзіміз бұзсақ, жақындарымыздың да көңіліне қаяу түсіреміз. Сондықтан күнді жылы сөзден, сыпайы қарым-қатынастан бастаудың маңызы зор.

Қосымша сұрақ

«Сіздерді аналарыңыз қандай сөздер айтып оятады?» (Мысалы: «Қайырлы таң, балапаным!», «Жаным, жақсы ұйықтап тұрдың ба?», «Күнім, күліп тұр ғой!»)

Шығармашылық жұмыс

Рөлдік ойын: «Ата-ана» және «Бала»

Оқушылар екі топқа бөлінеді: 1-топ — ата-аналар, 2-топ — балалар. «Ата-аналар» таңертең «балаларын» оятып, жылы сөз айтуы керек.

Бұл жаттығу ата-ананың қамқорлығын түсінуге, ал балаларға өз қателігін байқап, қарым-қатынас мәдениетін жақсартуға көмектеседі.

Суреттермен жұмыс: көңіл күйді анықтау

Әр балаға сурет беріледі. Тапсырма — суреттегі баланың көңіл күйін атау және қысқаша сипаттау.

1. Ренжулі
2. Қуанышты
3. Ашулы
4. Таңдану
5. Қызығушылық
6. Ұялу, өзін кінәлі сезіну
7. Қамсыз
8. Қорқу

Топпен ән айту

«Ризашылық әні»

Сөзі мен әні: Л. Хей

Ризамыз бүгінге, ризамыз бүгінге!

Ризамыз бүгінге, ризамыз қазірге! (2 рет)

Ризамын, ризамын, ризамын бүгінге!

Ризамын, ризамын, ризамын қазірге! (2 рет)

Қорытынды және үй тапсырмасы

Қорытынды ой: әдептілік пен шыншылдық — біздің ұстанымымыз. Жылы сөз, сыпайы әрекет, құрмет — күн сайын қайталанатын дағдыға айналсын.

Үй тапсырмасы

«Ертеменен амандас» өлеңін жаттау:

Тұрған кезде ұйқыдан,

Қуанышты оянсаң,

Амандассаң және де —

Тілегенің амандық,

Күлі әлемнің бәріне.

Соңғы тыныштық сәті

Баяу әуен қосылады. Қол мен аяқты айқастырмай, арқаны тік ұстап, терең дем аламыз. Көзді жұмамыз.

Бүгінгі сабақта өткен құндылықтар мен қасиеттерді еске түсіреміз: қиянат жасамау, жақсы мінез-құлық, ешкімге зиян келтірмеу, өзіне-өзі есеп беру, өзін-өзі дамыту.

Осы құндылықтарды жүрегімізде сақтайық. Енді көзді ашуға болады.

Сабақ аяқталды. Сау болыңдар!