Поэзия жыр құдіреті
Жамбыл облысы, Қордай ауданы, №6 негізгі мектеп. Бастауыш сынып мұғалімі: Бахытжанова Д. У.
Мұқағали – жыр ғұмыр
Бұл поэзия кешінің негізгі мақсаты — қазақтың біртуар тұлғасы Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы түсінік беру, ақын өлеңдерінің мазмұнын терең ұғындыру және мәнерлеп жатқа оқуға баулу. Жас буынды поэзия нәрімен сусындатып, ақын жырларына сүйіспеншілік ояту, адамгершілік пен мейірімділік құндылықтарын бойға сіңіруге тәрбиелеу көзделеді.
Кештің ашылуы
Тоғжанның арнауы
Қарасаз, қара шалғын — өлеңде өстім,
Жақсы жыр жазсам, халқым елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда, өлеңді ешкім!
Мұқағали Мақатаев қазақ поэзиясына ерекше леп, тың серпін әкелген ақын. Бүгінгі поэзия кеші — «Хантәңірінің мұзбалағы» атанған дарын иесіне арналады.
Музыкалық нөмір
«Сарыжайлауым» — орындайтын: Әмина
Ұлжанның кіріспе сөзі
Қуат алып Абайдың тіл-күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден…
Мұқағали жырлары жыл өткен сайын жарқырап, тереңдей түсіп, оқырманын іңкәр етеді. Абаймен үндес Мұқағалиды тудырған халық — шын мәнінде бақытты халық.
«Менің анкетам» — ақынның өз сөзі
Мұқағали Мақатаев өзі туралы толық деректі «Менің анкетам» өлеңінде береді. Бұл — өмірбаяндық мәліметті поэзия тілімен сөйлеткен ерекше туынды.
Өлеңнен үзінді
— Туған жерің? — Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың.
— Туған жылың? — 1931. Құрдасымын Шәмілдің.
— Шыққан тегің? — Шаруамын. Бар тірліктен бағалы оны санаймын.
— Білімің ше? — Орташа ғой. Алайда өзім жоғарыға балаймын.
— Ана тілің? — Қазақша. Қысылғанда орысша да, немісше де, тағы бар.
— Қайда істедің? — Мынау еңбек кітапшамнан танып ал.
Оқымаған, дипломсыз демесең, бір басымнан бар мамандық табылар.
— Шетелдерде болдың ба? — Болғамын жоқ. Олар маған тұрған да жоқ қол бұлғап.
Қалсам болды, өлсем болды жәйіммен, осы отырған орнымда-ақ.
— Мекен-жайың? — Мекен-жайым — жер менің.
Жерде жүрген ақын деген пендемін.
Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған — мен өмірді жырлау үшін келгемін!
І бөлім. Ақынның өмір жолы
Өмірбаян деректері (Әмина)
Мұқағали Мақатаев 1931 жылдың 9 ақпанында Алматы облысы (қазіргі Жетісу өңірі), Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ақынның шын есімі — Мұхаметқали. Алайда кішкентайынан еркелетіп «Мұқағали» деп атап кеткен. Әкесі — Сүлеймен, анасы — Нағима. Әкесі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. 1941 жылы әкесі майданға аттанғанда Мұқағали небәрі 10 жаста еді.
Мектепті бітірген соң, 1948 жылы Алматыдағы шет тілдер институтына оқуға түседі. Отбасының тұрмысы ауыр болғандықтан, оқуды еріксіз тоқтатып, ауылға оралады. Елге келіп, ауыл хатшысы қызметін атқарады.
Балалық сағыныштан туған жолдар
Ол жерде Сырымбеттей тау бар ма екен,
Жайдақтың шөбі шүйгін қаулар ма екен,
Мінеки, көп ай болды хабары жоқ,
Әкем кеп көңілімізді аулар ма екен…
Ғалымжанның дерегі
Әже тәрбиесін көп көргендіктен, Мұқағали анасы Нағиманы «Нақа» деп атаған. Ол анасы мен әжесі Тиынның тәрбиесінде өседі. 1948 жылы орта мектепті интернатта оқып бітіреді. Ақын 1976 жылдың 27 наурызында дүниеден өтті. Алматы қаласында жерленген.
Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем,
Ақ кимешек астынан сені көрем…
Әлемдегі әженің бәрі бір ме?
Әже, сен тірі екенсің әлі күнге.
Анаға арнау (Айбар)
Шеше, сен бақыттысың! Жыламағын.
…Бармың ғой, тірімін ғой, қасыңдамын,
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын!
Ақын анаға деген сүйіспеншілікті, мейірім мен үмітті жыр арқылы ұрпақ жүрегіне сіңіре білді.
Отбасы туралы (Жұлдыз)
1952 жылы Мұқағали ауылда жүріп отбасын құрады. Жұбайының есімі — Лашын. Төрт баласы болған: Майгүл, Жұлдыз, Шолпан, Айбар.
Өзін-өзі таразылау
Бүгін де, кеше де, өткенде —
Іздесең қателік көп менде.
…Сен бірақ түңілме, жек көрме,
Лайсаңда жауын, дауылдар —
Болмай ма күншуақ көктемде?
Әке аманаты (Елдияр)
Енді, міне, әке болып қалыппын.
…Көп қателік жіберіппін, амал не?
Кешір, ұлым, мойындадым, жарайды!
Қайғы мен сағыныш (Айдос)
Майгүл есімді қызы өмірден ерте өтеді. Ақын жүрегіндегі ауыр сағыныш жырға айналып, өмір туралы ойды тереңдетеді.
Ол өмірге келгенде көктем еді,
Жер гүлін, көк те нұрын төккен еді.
…Сол өмірге несіне өкпеледі?
Ал өмір оны сыртқа тепкен еді…
Музыкалық нөмір
«Сәби болғым келеді» — орындайтын: Жұлдыз
Ақын биігі
Таулар, таулар, тауларым-ай!
…Таудай болғым келеді — биік керек.
Сыршыл ақын өз биігін өмір бойы іздеді. Сол биік — туған халқы, ана тілі, атамекені еді.
ІІ бөлім. Туған жер құдіреті
Қарасазға тағзым (Айдын)
Мұқағали — лирик ақын. Адам жанының да, табиғат жүрегінің де жыршысы. Ол өзі өскен Алатауын, Қарасазын поэзияның асқақ үніне айналдырды.
Айналайын Қарасаз, қасиетіңнен, суыңның!
Сенің әрбір бұлағың — менің әрбір қан тамырым емес пе?
…Қарасазым! Айтылмаған сезім ең,
Мен іздеген бақыттың сен өзі ме ең?
«Туған жерім…» (Сейсен)
Апырым-ай, туған жер-ай!
…Кіндігімді байлаған қазығым-ай,
Сен болмасаң, бұл маңды көрмес едім.
…Туған елім көрмесем — сағынамын,
Кетсем — ізім өзіңнен табылады.
«Үш бақытым» (Айида)
Ең бірінші бақытым — халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ал екінші бақытым — тілім менің…
Бақытым бар үшінші — Отан деген…
Отан туралы толғаныс (Алихан)
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем…
Отан! Отан! Бәрінен биік екен,
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Музыкалық нөмір
«Наурыз» — орындайтын: Тоғжан
ІІІ бөлім. Поэзия — жыр құдіреті
Поэзия туралы ой
Мұқағали поэзиясы — ескірмейтін, оқырманымен бірге жасарып, жаңғырып отыратын әсем ырғақ. Бұл — тірі поэзия. Ақын поэзия құдіретін адам бойындағы асыл сезімнен іздеді; ал жақсылық пен махаббаттың түп негізі де сол сезімнің биіктігінде жатыр деп білді. Фариза Оңғарсынова айтқандай, Мұқағали — ең алдымен ақын, қазақ жырының құдіреті.
Поэзиямен сырласу (Құралай)
Поэзия! Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім…
Ақын күн нұрын, жел лебін, гүл жұпарын, кең даланың самалын жан-тәнімен сүйді — сол сүйіспеншілік жырдың өзегіне айналды.
Іздеу мен табу (жалғасы)
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан…
Сені іздедім, іздеймін — тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?
Таңдамалы жырлар
«Бүгін менің туған күнім…» (Наргиза)
Бүгін менің туған күнім, ой-пәлі-ай,
Мына адамдар неге жатыр тойламай…
…Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін.
Өмір зымырауы (Сымбат)
Дүниенің ағын да, қарасын да
Мыңқ етпейсің қабылдап аласың да…
Ей, өмірім, зымырап барасың ба?
Достық (Сағадат)
Досым, саған сенемін — сеніп өтем!
…Достық деген — адамның көрігі екен,
Достық деген — адамның серігі екен.
Өлеңнің мінезі (Аида)
Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды жайшылықта…
Міне, осындай өлеңнің кілті деген,
Құйттай жүйең қалмайды сілкімеген.
Өлеңге тілек (Динмұхаммед)
Ей, өлең, маған тиген еншім едің,
Бой жазайын, қасыма келші менің…
Ей, өлең, қайтсем саған жан бітірем?
Мұқағали мұрасы және бағалануы
«Тұлпар» сыйлығы
«Жазушы» баспасының ұжымы қайта құру және демократия талаптарын ескере отырып, республикалық «Тұлпар» сыйлығының ережесін бекітті. Бұл сыйлық екі жылда бір рет көркем проза, поэзия және әдеби сын саласындағы үздік шығармаларға беріледі. 1991 жылы тұңғыш рет «Тұлпар» сыйлығы Мұқағали Мақатаевтың «Жылайды жүрек» атты өлеңдер мен дастандар кітабына берілді.
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер «жан еді» дер өр тұлғалы.
Біреулер «тұлпар еді» дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.
Лашын Әзімжанова (ақынның зайыбы)
Мұқағалидың тілі бай, халықтың тілі еді. Ол халқын қалай сүйсе, халық та оны солай сүйді.
Фариза Оңғарсынова
Мұқағали — біздің заманымыздың поэзия әлеміндегі құбылыс. Құбылысты бірден танымау — өнердің өз заңдылығы.
Нұрғиса Тілендиев
1975 жылдың күзі. Мұқағали үйде отырып жазып жүрген. Мен оған: «Неге өлеңіңді халықтың аузынан түспейтін әнге айналдырмасқа?» — деп қолқа салдым. Сөйтіп, көптеген әндер тез әрі сәтті туды: «Сарыжайлау», «Сәлем берем Жетісуға», «Сөнбейді, әже, шырағың», «Есіңе мені алғайсың», «Болмасын соғыс, болмасын», «Кел, еркем, Алатауыма», «Домбыра-досым» және басқалары.
Ақынның ұстанымы
Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін
Шекпен жауып өзіне қайтарамын.
Мұқағали үшін өлең — халықтың жүрек соғысы. Сондықтан оның жыры оқырманмен бірге өмір сүріп, уақытпен бірге жасай береді.
Қорытынды
Ақиық ақынға арналған өлеңдер, эсселер, естеліктер әлі де жазыла бермек. Мұқағали айтқандай, мәселе — өлеңнің көшетіні ме, өшетіні ме. Ал ақын жырлары — тіршілік тамырындай мәңгілік. Жүрегі бар адамның сезімін селт еткізер осы жырлар болашақ ұрпақтың жүрегінде сақталады.
Мұқағали — өлмейтұғын ғұмыр жыр,
Уақыт жылжып, жырларыңмен сағындыр.
Сырлы әуен жүректерге нұр құйсын,
Рухыңмен поэзия құдіретті бағындыр.
Бар ғұмырың әсем сазға айналып,
Естілгендей сазсырнайдың үнінен.
Сырға толы, жырға толы жырыңмен
Поэзия формуласы атандың.