Ақсақ киік өлеңі

Интеллектуалды ойын: «Ұшқыр ой мен шешен тіл»

Бұл сабақ-сайыс оқушылардың білімін жүйелеуге, ойлау жылдамдығын арттыруға және топпен жұмыс жасау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Сабақтың мақсаты

  1. Оқушылардың білімін жинақтау және тереңдету.
  2. Қызығушылығын арттыру, шапшаңдыққа және белсенділікке баулу.
  3. Топпен жұмыс арқылы өзгенің пікірін құрметтеуге, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

Сабақ туралы

Түрі
Интеллектуалды ойын-сайыс
Көрнекілік
Жұмбақтар, өлең жолдары, үзінділер, презентация
Қатысушылар
3 топ, 5 айналым

Қызығушылықты ояту

Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз,
Баршаңызға құрметпен бас иеміз біз.

Ұйымдастыру

Ойынның тақырыбы мен мақсаты таныстырылады. Сайысқа 3 топ қатысады, ойын 5 айналымнан тұрады. Әр топтың кезектілігі асық таңдау арқылы анықталады. Ойын басталар алдында топтар өз атауы мен ұранын таныстырады.

Бәйгеге түсіп жарыспай,
Жүйріктің бағы жанар ма?
Білім мен өнер жарысып,
Тәрбие, тәлім табар мән.
Бұл бәйге — ойдың бәйгесі:
Кім жүйрік ойға — сол алда.

Бүгінгі ойын — білім мен тапқырлықтың сайысы. Осы уақытқа дейін алған білімдеріңді ортаға салыңдар.

Топтар

I топ — «Сұңқар»

Ұраны:
Білім алып бүгін алтын ұяда,
Ертең әлі шарықтаймыз қияда.

II топ — «Тұлпар»

Ұраны:
Асау тұлпар желдей ескен арынды,
Оқу менен еңбекке сал барыңды.

III топ — «Болашақ»

Ұраны:
Болашақтың ұл-қызымыз —
Көркейтеміз елді біз.

I айналым — «Ұшқыр ой»

Әр топқа қазақ тілі пәнінен сұрақтар қойылады. Жауаптар тез, нақты болуы керек. Әр топтан 6 оқушы 1 сұрақтан жауап береді.

«Сұңқар» тобына

  1. Сөздің әрі қарай бөлінбейтін, мағыналы бөлігі. (Түбір)
  2. Жалқы есімдер қалай жазылады? (Бас әріппен)
  3. Сын есімнің сұрақтары. (Қандай? Қай?)
  4. «Бесінші» сөзі қандай сұраққа жауап береді? (Нешінші?)
  5. «Әдемі» сөзіне жуық мәндес сөздерді ата. (Сұлу, көркем)
  6. Сұраулы сөйлемнің соңына қандай тыныс белгісі қойылады? (Сұрақ белгісі)

«Тұлпар» тобына

  1. Дауысты дыбыстар неше топқа бөлінеді? (2: жуан, жіңішке)
  2. Заттың қимылын, іс-әрекетін білдіретін сөз табы қалай аталады? (Етістік)
  3. Сөздің мағынасын өзгертетін қосымша қалай аталады? (Жұрнақ)
  4. «Батыр» сөзіне жуық мәндес сөздерді ата. (Ер, қаһарман)
  5. Жалпы есімдер қалай жазылады? (Кіші әріппен)
  6. Хабарлы сөйлемнің соңына қандай тыныс белгісі қойылады? (Нүкте)

«Болашақ» тобына

  1. Дауыссыз дыбыстар нешеге бөлінеді? (3: қатаң, ұяң, үнді)
  2. Сөз бен сөзді байланыстыратын қосымша қалай аталады? (Жалғау)
  3. Кейде дауысты, кейде дауыссыз болатын дыбыс. (У)
  4. Зат есім дегеніміз не? (Заттың атын білдіреді)
  5. Сан есімнің сұрақтары. (Қанша? Неше? Нешінші?)
  6. «Аласа» сөзіне қарсы мәндес сөзді ата. (Биік)

II айналым — «Құпия сандық»

Жұмбақтардың шешуін екі тілде айту керек: қазақша және орысша. Әр топ кезекпен бір жұмбақты оқып, шешуін айтады.

  1. Қолы менен қаламы жоқ, бірақ сурет салады көп. (Аяз — мороз)
  2. Қоймасын қыс атқарып, жерді жапты ақ мамық. (Қар — снег)
  3. Бірін-бірі қоштаған, қырық екі дос-жаран. (Әріп — буква)
  4. Жұқа тақтай бөлшегі, ұзындықтың өлшемі. (Сызғыш — линейка)
  5. Қалқиып екі құлағы, елеңдеп, қорқып тұрады. (Қоян — заяц)
  6. Жолбарыстан аумайды, тышқандарды аулайды. (Мысық — кошка)
  7. Жеп көріп ем өзім мен, жас шығарды көзімнен. (Пияз — лук)
  8. Бұлаңдаған құйрығы, бір алдарлық қулығы. (Түлкі — лиса)
  9. Әттең, даусым, тілім жоқ, құшағымда білім көп. (Кітап — книга)

III айналым — «Ойлан, тап»

Бұл кезеңде ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінділер беріледі. Әр топқа екі үзінді ұсынылады. Міндет — үзіндіні оқып, шығарманың атауын және авторын анықтау.

1-топқа үзінділер

Кей адам әдет қылған киікті атып,
Мүйізін пайда қылып шетке сатып.
Сандалған бір киікке ұшырастым,
Бір жылы бетпақ шөлде келе жатып.

Жауабы: «Ақсақ киік»С. Сейфуллин

Бұлақ басына қойған таста:
«Азықсыз аш адамға ат басындай алтыннан түк пайда жоқ», — деп жаздық.

Жауабы: «Бір кесе меруерт»Ш. Құдайбердіұлы

2-топқа үзінділер

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Жауабы: «Қыс»А. Құнанбаев

Алты айлық қыс тартқаны — аштықтың азабы. Бар сенетіні — күйеуі Мақтым. Ол ел қыдырып, тілек тілейді. Ерте кетіп, кеш келеді. Бірақ оның да табатыны жоқ...

Жауабы: «Күлпаш»Б. Майлин

3-топқа үзінділер

Өнер, білім бар жұрттар,
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша
Жылдам хабар алғызды.

Жауабы: «Өнер, білім бар жұрттар»Ы. Алтынсарин

Міне, қызық. Апасының да жүзі жылып, мейірлене қарайды. Мұхтар қуанып кетті:
— Киіміңді тазалармыз. Ең әуелі күшікті жуындырып, сүт берейік, жылынсын.

Жауабы: «Қайырымдылық»Мағзұм Сүндетов

Білген сайын келеді біле бергім,
Біле беру емес пе тілегі елдің.
Белден ассаң, алдыңда бел көрінсе,
Қызыққаннан келмей ме жүре бергің.

Осы ойды негізге алып, келесі кезеңге өтеміз.

IV айналым — «Айшықты сөздер»

Бұл айналымда тұрақты сөз тіркестері беріледі. Әр топқа 3 тіркес ұсынылады. Міндет — олардың мағынасын түсіндіру.

1-топ

  • Төбесі көкке жетті

    Мағынасы: қатты қуанды.

  • Ине шаншар жер жоқ

    Мағынасы: бос орын жоқ, өте тығыз.

  • Қой аузынан шөп алмас

    Мағынасы: жуас, момын.

2-топ

  • Қабағынан қар жауды

    Мағынасы: ашуланды.

  • Бетінен оты шықты

    Мағынасы: ұялды.

  • Ит өлген жер

    Мағынасы: өте алыс.

3-топ

  • Төбе шашы тік тұрды

    Мағынасы: қорықты.

  • Көзді ашып-жұмғанша

    Мағынасы: өте тез, лезде.

  • Таяқ сілтем жер

    Мағынасы: жақын.

V айналым — «Талапкер»

Топтарға өлең жолдары беріледі. Көп нүктенің орнына лайықты сөздерді қойып, өлең құрастыру қажет. Соңында әр топ өз нұсқасын оқиды.

Тапсырма 1

... өріп тараған,
... қараған.
Құрт пен майын жинаған,
... сыйлаған.

Тапсырма 2

... қошақан,
... қалмайды.
Сүп-сүйкімді момақан,
... аумайды.

Тапсырма 3

... бала әрқашан,
Қуантады ...
«Құлыным» деп анасы,
... баласын.

Музыкалық үзіліс

Ән: «Ертегілер»

Қорытынды

Сонымен, сайысымыз өз мәресіне жетті. Жеңімпаздарды марапаттаймыз. Бүгінгі ойынға белсенді қатысқандарың үшін оқушыларға және қонақтарға үлкен алғыс айтамыз. Ойын аяқталды.