Гүлдердің бәрі ұйқыдан оянды

Сабақтың тақырыбы

Менің туған өлкем — өлеңдер мен прозада

Мақсаты

Оқушыларға табиғаттың біздің алтын ұямыз, қоршаған ортамыз, тіршілік көзіміз екенін түсіндіру. Табиғатты қорғау, аялау, ардақтау — әрқайсымыздың міндетіміз екенін ұғындыру.

Табиғат байлығы — адамзат өмірінің баға жетпес қазынасы, өмірлік қоры әрі оны болашақ ұрпаққа таза күйінде жеткізу — аманат екеніне көз жеткізу. Оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын ояту.

Міндеттері

  • Туған өлке туралы өлеңдер мен прозалар жазуға дағдыландыру, білімдерін жетілдіруге тәрбиелеу.
  • Туған өлкенің табиғатын аялауға баулу.
  • Туған жердің сырын терең түсіне білуге үйрету.
  • Табиғат туралы ой-өрісін дамыту.

Көрнекілігі

  • Ақын-жазушылардың суреттері.
  • Өлеңдер жинағы, кітаптар.
  • Суреттер, гүлдер, шарлар.

Сабақ барысы

Тәрбие сағаты туған өлкені дәріптеу арқылы табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталады.

Мұғалім

Кіріспе сөз

Осынау кең-байтақ еліміздің шалқар көлдері мен асқар таулары, кең даласы мен алтын дәнді алқабы, ақ күмістей қалалары, кенге толы өңірі мен малға толы өрісі — бәрі де болашақ ұрпаққа қалатын өсиет, аманат.

Ал сол болашақ иелері — сендер. Ендеше, бүгінгі мақсатымыз: табиғаттың алтын ұя, қоршаған орта, тіршілік көзі екенін терең түсініп, оны қорғау, аялау, ардақтауды өмірлік қағидаға айналдыру.

Оқушылар үні

Өлең мен ой

Қазақстан — туған өлкем,
Табиғатың қандай көркем.
Көрсін деп күллі әлемге,
Жалауыңды желге желпем.
Көз алдымда көгілдір тау мұнартып,
Аспанымда аққудың әні қалқып.

Құшақтап бір өзіңді, туған далам,
Жатамын көк шалғында жаным балқып.
Тасып жатқан өзендер жағасынан,
Тарайды дән жұпары бар әлемге,
Қазақтың қасиетті даласынан.

Адам мен табиғат: егіз ұғым

Өсиет пен таным

Адам мен табиғат әрқашан егіз. Табиғатты асыраушы, қамқоршы десек те болады. Ата-бабамыз: «Жер — қазына, су — алтын, мал — байлық» деп өсиет қалдырған.

Үстіміздегі киім, оқитын кітап, жазатын қағаз, мінер көлік, ауырғанда қажет дәрі, тыныс алар ауа, ішер су — бәрі де жомарт табиғаттың сыйы.

Табиғатқа сәлем

Армысың, алтын Күн!
Көгілдір көк аспан!
Бармысың, құстарым — қанатты достарым!
Суларым таза ма? Талдарым аман ба?
Бас ием тауларға, жамылған қарларға.
Жайқалған даланы — Табиғат-Ананы
Көруге сағынып келген біз балаңбыз!

Туған жерге тағзым

Сұлу дала, менің сүйген еркемсің,
Жаның жайсаң жаратылған өлкемсің.
Қандай жақсы қазақ болып туғаным,
О, туған жер, тамашасың, көркемсің!

Кең дала, көркемсің сонау жатқан,
Өзен, су, бұлақтарың мөлдір аққан.
Асқар тау, айдын шалқар көл мен өзен —
Әне, сол анам еді мені тапқан.

Түйін

Табиғатсыз қоғам жоқ, қоғамсыз табиғаттың да мәні кемиді. Сондықтан табиғатты қорғау — ортақ жауапкершілік.

«Ойласақ табиғат пен адам егіз…» — бұл ой әрқайсымыздың ісімізге айналуы тиіс.

Гүл — сұлулық пен тазалықтың символы

Өлең өрнегі

Табиғаттың өзіндей,
Ерке нәзік сезімдей.
Үлбіреген гүл-ару —
Күзетейік көз ілмей.

Нәзік гүлдер — әніміз,
Жайнап өссін бағымыз.
Еңсесі биіктеп барады,
Гүлдерге оранған тауымыз.

Гүлдер деген жыр-аңыз,
Қолға ұстап шығамыз.
Сол гүлдерден сұлулық,
Тазалықты ұғамыз.

Кілемденіп құлпырып,
Жүздерінен нұр тұнып.
Өсе берсін, гүл-қыздар,
Биге қостық нұр қылып.

Көрініс: Күн, Қырмызы және Гүлдер

Күн

Қырмызы, шапақтың жылуы молайды, бүріспе! Гүлдердің бәрі ұйқыдан оянды. Сен де көрсет көркіңді!

Қырмызы

Қазір, алтын Күн!

Гүлдер

Күніміз ашық болсын! Жеріміз кең болсын! Ауамыз таза болсын! Суымыз тұнық болсын! Гүліміз жақсы өссін!

Мұғалімнің ой түйіні

Жердің көркі — жасыл сая. Табиғат жерге қандай көрік берсе, адам да өмірге сондай көрік береді. Өсімдіктер мен суларды, жан-жануарлар мен құстарды сақтау, қасиетті жерімізді таза ұстау — біздің адами борышымыз.

Табиғатты қорғау — Жер-ананы қорғау. Табиғатты қорғау — өзіңді қорғау.

Табиғатты аялау: тыйым, тәрбие, тағылым

Тыйым сөздің төркіні

Тірі нәрсе — шөп, көгал деген.
Көкті жұлма — обал болады деген.
Ата-анамыз жылан үйге кірсе,
Ақ сүт құйып, басына «жоғал» деген…

Ұяны бұзба

Ұя бұзба! — деймін мен балама,
Өсиетті қандай ғажап, жан ана!
Тал-теректі тамырынан қиятын
Тас жүректер әлі де көп арада.

Жер мен су қадірі

Қазақ халқы суды қадірлеумен қатар жерді де аса жоғары бағалаған: «Жер — ырыстың кіндігі, жер — байлықтың көзі».

Табиғаттан үйрену

Адамдар еңбектен нәр алып, әр құстан, әр аңнан үйренген: жүруге, жүзуге, жүйткуге және самғауға талпынған. Табиғат сұлулығы адам бойына әдемілік, жарасымдылық, кеңдік пен талғам сіңіреді.

Көлдегі аққудың тербелісінен би қимылдарын, бұлбұлдан ән салуды үйренуге болады. Жан-жануарлардан қамқорлықты үйренеміз. Табиғат сыйлаған қуанышты өзгеге қуаныш сыйлау арқылы жалғастырамыз.

Қорытынды

Аманат

Туған еліміздің әр тасы, әр бұтасы, тіпті құбылмалы аспаны мен көшпелі бұлты да — ата-бабамыздан қалған баға жетпес аманат. Сондықтан күн шуағына бөленген, бай әрі сұлу жерімізді аялап, елімізді ардақтайық.

Ата-мекенімізді, Отанымызды мақтан етейік!

Отан туралы жыр

Отанды біз ата мекен
Деп аялап атаймыз.
Өйткені оны мекен еткен
Бабамыз бен атамыз.

Отанды жас та, кәрі де
Туған жер деп сүйеміз.
Өйткені онда бәріміз де
Туып, өмір сүреміз.

Отанды әркім анасындай
Қастерлейді, қолдайды.
Өйткені Отан баласындай
Бізді асырап, қорғайды.

Отан — атамекен. Отан — туған жер.
Отан — ана. Отан — үлкен, Қазақстандай туған ел!

Бақытты боп жүргенім — сенің арқаң, Ұлы Отан.
Сенен бақыт тарайды баршамызға, Ұлы Отан.

Сарқылмайтын қуатым, тірегімсің сен, Отан.
Мәңгі соғып тұратын жүрегімсің сен, Отан.

Ортақ бізге бір Отан, ортақ жердің байлығы.
Бақытты елде туған соң, бақытты өмір сүреміз.

Ризамыз саған біз, Ұлы Отан — анамыз.