Қыз өмірдің гүлі
Қыздың ары – ұлттың ары!
Бұл сырласудың мақсаты — қазақ халқының ұлттық болмысын сақтай отырып, қыз балаға жат қылықтарды ажырата білуге үйрету; олардың денсаулығына, ұлт болашағына, рухани байлығына және тәрбиесіне келетін зиян туралы түсінік қалыптастыру; ішкі және сыртқы дүниесінің әдемі де арлы болуына шақыру.
Кіріспе: «Қыз» ұғымын қалай түсінеміз?
Психологтың ой тастау сөзі
Қыз — өмірдің гүлі, «қыз — қызғалдақ» деп бекер айтылмайды. Ендеше, «қыз» деген кім?
- Болашақ ана
- Ұрпақ жалғасы
- Сүйікті жар
- Ұлттың ұяты
- Халықтың шырайы
Ассоциация: «Қыз» сөзі нені еске салады?
Бір отбасының ғана емес, бір рулы елдің, тіпті тұтас ұлттың қалыптасуына ықпал ететін тұлға — ана екені даусыз. Ана — кез келген қоғамның күретамыры. Біз мейірім мен шапағатты ананың аялы алақаны арқылы сезінеміз.
Аналық махаббат пен ана сүті арқылы ұлттың асыл қасиеті, ата-баба өсиеті, дін, тіл, салт пен діл ұрпақ бойына дариды. Бүгінгі ана — кеше бойжеткен қыз; ертең — ардақты әже. Демек, елдің батыры мен ақыны, көсемі мен шешені, топжарғаны да — ананың жүрегінен бастау алады.
Жиналыс форматы
Ой қозғау үшін бейнеролик көрсетіліп, кейін пікірталас пен сұрақ-жауап ұйымдастырылады.
Бейнероликтен кейінгі талқылау
Психологтың сұрағы
Осы бейнероликтен қандай ой түйдіңіздер?
Бүгінгі жастар «заман талабы» деген желеумен батыстық менталитетке тым еліктеуге бейім. Қыздардың бұрымын қиып, тіпті шашын тақырлатып сән көруі немесе шашын сан түске бояуы жиілеп барады.
Екіншіден, киім үлгісі қысқарып, ашық-шашықтық көбейді. Үшіншіден, ішімдікке әуестену мен темекі тарту — кей ортада сән секілді қабылдана бастады. Қазақ қызының ажары ұятпен өрілетін еді, ал қазір көшеде құшақтасып тұрған көріністер де қалыпты жағдайға айналғандай.
Негізгі алаң
«Жаным — арымның садағасы» деген халықтың ұл-қыздары неліктен арсыздыққа жақындап барады? Бұған қоғам кінәлі ме, әлде бала тәрбиесін екінші орынға ысырып, материалдық жағдайды ғана басты көрген ата-ана кінәлі ме?
Ең қорқыныштысы — ерте жүктілік пен түсік туралы хабарға қоғамның селт етпеуі. Бұл құбылыс үйреншіктіге айналып бара жатқандай. Болашақ аналарымыз өз ертеңіне бүгінден-ақ балта шауып жатқан тұстар бар.
Сұрақтар арқылы ойлану
1) Себеп қайда?
Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін арулардың осындай күйге түсуіне не себеп? Соңғы 10–15 жылда қыздардың ашық-шашық киінуге бейімделуіне не әсер етті?
2) «Қызға қырық үйден тыйым» нені білдіреді?
Бұл — қазақ салт-дәстүріндегі тәрбиелік ұстаным. Мағынасы: қыз тәрбиесі тек бір үйдің шаруасы емес, бүтін бір ортаның, ағайын-жұрттың жауапкершілігі.
Қоғамдық ой: намыс, ұят, жауапкершілік
Ой қозғау (бейнематериал мазмұны бойынша)
«Елдің көркі болатын қыздар елдің ұятына айналып бара жатқандай» деген пікір жиі айтылады. Жаз шыға табиғат жасыл жамылғысын жамылса, кей арулар «артық киімін» тастайтындай әсер қалдырады. Ұят, әдемілік, биязылық, имандылық секілді ұғымдар әлсіреп бара жатқан жоқ па?
Ашық-шашық көріністі көріп өскен ұл балада әйел затына деген құрметтің қалыптасуы қиын. Ал бұл — жалпы қоғам мәдениетіне әсер ететін фактор.
Психологтың ескертуі
Қыз абыройының төмендеуі, алданған не зорланған қыздардың көбеюі, тастанды балалардың тағдыры — бәрі де немқұрайлылық пен жауапсыздықтың салдары болуы мүмкін.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Ұят пен иман өзара байланысты: біреуі жоғалса, екіншісі де бірге кетеді» делінеді. Ұят әлсіресе, иман да әлсірейді; ал иман әлсіресе, болашақ бұлыңғыр тартады.
Сауалнама қорытындысы
1) «Қыз бала» ұғымы
Қыз баланы көбіне сыпайы, нәзік, әдемі, әдепті, ақылды, ұқыпты, тәрбиелі, жақын дос әрі болашақ ана ретінде елестетеміз.
2) Ұнайтын қасиеттер
Инабаттылық, сыпайылық, ізеттілік, ақылдылық, әдептілік, мейірімділік, сабыр, ұстамдылық.
3) Достық қарым-қатынас
Әдепті, инабатты, тәртіпті, ар-ұяты жоғары, өнерлі, қарапайым, сабырлы, өмірге көзқарасы жақсы, білімге құштар қыздармен араласу құнды деп танылған.
4) «Қызым — үйде, қылығы — түзде»
Үйде әдепті көрінгенімен, басқа ортада ерсі қылық танытып, жағымсыз әрекеттерімен көзге түсетін жағдайлар айтылады. Бұл екіжүзділікке, өзін-өзі бақылаудың әлсіреуіне меңзейді.
5) Мектептегі байқалатын кері тұстар
Дөрекі сөйлеу, анайы сөздер, сөзге килігу, қырсықтық, мұғалімді сыйламау, мектеп формасын сақтамау, өсек айту, дарақылық секілді мінез-құлықтар аталған.
Бұл — ауыр айтылса да, ойлануға тиіс шындық. Кері пікірді жоққа шығару емес, себеп-салдарын түсіну маңызды.
Тәрбиелік ойлар: талғам, әдеп, өзін-өзі бақылау
Әзіл арқылы астар айту
Көйлек киіп бір қыз жүр, Ашық-шашық борбайға, Жырық-қарыс етегі. Суық тисе тоңбай ма? Жалтыраған жанбасы, Ұят қайда, ар қайда? Бұлтың-бұлтың етеді, Ұрсу керек мұндайда?
Ашық-шашық киіну адамды көрікті етпейді; керісінше, сырт көзге «тәрбие берген ата-ана, бағыттаған ұстаз бар ма?» деген ой салуы мүмкін. Ерсі бояну да көп жағдайда жағымсыз әсер қалдырады.
Қоғамдық орындарда қатты күлу, даурығып сөйлеу, айғайға басу — ұятсыздықты емес, өзімшілдік пен өркөкіректікті білдіреді. Сөйлеу мен киінудегі талғам — мәдениеттің айнасы.
Үлкеннің сынына «ақылым өзімдікі» деп қарсы шығудан бұрын: «Қалай айтылды? Неге айтты?» деп өзіңе талдау жасау маңызды. «Сын түзелмей, мін түзелмейді».
Әрбір қыз бала өзінен кейінгіге үлгі болуы керек. Қызды «қырық үйден тыйған» халық тәрбиені ортақ міндет санаған: бойжеткенді сырт көздің қауіп-қатерінен сақтап, биязылық пен ибалылыққа баулыған.
Рефлексия: болашақ бұлыңғыр болмас үшін
Нені істеу керек?
- Өзіңді сыйлау, ар-ұятты биік қою
- Талғамды киіну, мәдениетті сөйлеу
- Білімге құштарлық пен мақсатты күшейту
Нені істемеу керек?
- Жат қылыққа еліктеу, арзан сәннің соңынан кету
- Ішімдік пен темекіге жақындау
- Түнгі қаңғыбас жүріс, күмәнді ортаға еру
Ойландыру сұрақтары
- Бүгінгі сырласудан өзіңе не алдың?
- Қай тақырып сені әлі де толғандырады?
- Қыз тәрбиесінде отбасы мен ортаның рөлі қандай?
Ш. Уәлиханов: адамды түзейтін жетекшілер
Ш. Уәлихановтың тәрбиелік ойы бойынша, адамды ақ жолға бастайтын жетекшілер бар:
- 1.Адамның басшысы — ақыл.
- 2.Жетекшісі — талап.
- 3.Шолушысы — ой.
- 4.Сынаушысы — халық.
- 5.Қорғаушысы — сабыр.
- 6.Қорғанышы — мінез.
- 7.Ең қымбаттысы — ар.
- 8.Таусылмайтыны — арман.
- 9.Барлығынан қымбаттысы — өмір.
Қазақ қызына қойылатын он талап
Қазақ халқы қыздарының жаза қадам баспауына, денсаулығы мен арына кір келтірмеуіне бағытталған талаптарды өсиет еткен. Бұл тыйым сөздердің мағынасын түсініп, есте ұстау қажет:
- 1.Әдепті болу.
- 2.Ар-ожданы пәк болу.
- 3.Кең пейіл, кешірімді болу.
- 4.Мейір-шапағатты болу.
- 5.Ақыл-парасатты болу.
- 6.Сабырлы, салмақты болу.
- 7.Адал болу.
- 8.Ақжарқын болу.
- 9.Өжет, батыл болу.
- 10.Ұятты, намысты болу.
Ашық сөйлесу мәдениеті
Қыз баланың жасыратын «құпиясы» емес, қорғайтын ары болуы керек. Түсінбеген жағдайды іште сақтамай, ата-анаңмен, ұстазыңмен ақылдасып, пікірлесу — адамдықтың белгісі.
Ата-анаңды, ұстазыңды сыйла. Олар сендерді қорғайды да, қолдайды да.
Қорытынды үндеу
Қыздарымызға айтар ой: көргеніңнің бәріне еліктемей, қазақ қызына тән қасиеттерді бойға сіңір. Үлкеннен өнеге алып, ұлттық дәстүрді жалғайтын ибалы, инабатты, білімді қыз болуға ұмтыл. Ата-анаға сөз келтірмей, ананың мақтанышы бол. Тәртібіңмен, өнеріңмен ұлтыңның намысын қорғайтын мектеп мақтанышы бол.
Әбіш Кекілбаевтың терең ойы: «Дүниедегі асыл атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралады емес пе?!»
Бүгінгі қыз — ертең сүйікті жар, аяулы ана. Осыны ұмытпау — басты өлшем.
Өлең-өсиет: қызға аманат
Ей, қыздар! Ұшып-қонып, жат қылыққа желікпе, Өнегелі өскен жанға елікте. Мода қуып боянғаннан түк шықпас, Ми болмаса, не тұр дейсің көрікте. Арақ пенен темекіге жуыма, Желікпеңдер ішкіліктің буына. Жын-ойнаққа үйір болсаң, опық жеп, Алданарсың алаяқтың қуына. Үйір болма мейрамхана, кафеге, Сау басыңды ұшыратар қатерге. Өмір бойы өкінішпен өтерсің, Бір ұрынсаң түзелмейтін қатеге. Көше кезіп жүрмеңдерші қаңғырып, Естіледі қыз жүрген жер жаңғырып. Отырысқа күндіз кетіп үйіңнен, Келіп жүрме қисалақтап таңға ұрып. Өзің келіп жігіттерге ұрынба, Елең етсең, атың шығар қырымға. Әзіл айтқан мас жастарға қадірің — Жауап қатпа, есің болса бұрылма. Еске алыңдар бұл өмірдің сабағын, Жетілдіріп ой-өрісін сананың. Дұрыс, теріс жағын ойлап білсін деп, Барлық қызға сабағына саламын. Қыздар! Өмір қатал — көтермейді ойынды, Ұқпайды да кейде ізгі ойыңды. Тағдыр жолың жіңішкелеу өмірде, Жаман аттан аулақ ұста бойыңды. Қыз ғұмырың үлпілдеген гүлдермен, Тербетілген ақ самалмен, күнменен. Абайлап жүр ерте үзуге тым ғұмыр, Тасбауырдан қадіріңді білмеген. Байқа, ботам, өте нәзік жаныңды, Аңқау болма, қызыққа көп салынба. Кір келтірме қыз атыңа, арыңа, Шалыс басып, түсіп кетпе жалынға. Төтеп берсін дауылдарға желкенің, Сарқылмасын бал қылықты ертеңің. Күрес, еркем, жаман аттан жасымай, Күндей нұрлы болу үшін ертеңің.