Халқыңа әділ бол
Тәрбие сағаты
Тақырыбы
Тәуелсіздік тұтқасы бізге аманат (тарихи-танымдық кеш)
Мақсаты
- Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке жету кезеңдерін таныту.
- Отанға, туған жерге сүйіспеншілікті күшейту.
- Патриоттық сезімді оятып, азаматтық жауапкершілікті тереңдету.
Мұғалім сөзі
Желтоқсанның 16-сы жыл сайын Қазақстан тарихындағы айрықша күн ретінде аталып өтеді. Бұл — халқымыздың ұлттық намысын қорғап, әділет үшін алаңға шыққан күні. Бірігуі қиын көрінген елдің жүрегіне батыр бабалардың рухы дарып, мыңдаған қарулы әскерге құр қолымен қарсы тұрған өр мінезі мен намысқойлығын әлемге танытқан күн.
Бұл күн — Желтоқсан оқиғасы кезінде қаза болған ұл-қыздарымызды еске алып, Құран бағыштайтын қаралы сәт. Бір минут үнсіздік жарияланады.
Кештің басталуы
Рәсім
Кеш Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталады.
Ашылуы
Кешті педагогика пәнінің оқытушысы ________________ ашады.
Жүргізушілер сөзі
I жүргізуші
Жиырма үш жыл өтті еркін бір дем алғалы,
Орындалып мың жылдық ел арманы.
Тәуелсіздік жолында қанын төккен,
Бабаларым бұл күнді көре алмады.
II жүргізуші
Жиырма үш жыл өтті қамытым алынғалы,
Азат ел боп әлемге танылғалы.
Ата салтын ұмытқан қандастарға,
Ана тілде сөйле деп жалынғалы.
I жүргізуші
Елге айналдың, Отаным, есімі ұлы,
Аштың әлем халқына есігіңді.
Зорға жеткен — ардақтап осы күнді,
Түзелсін халқым, салтың мен бесігіңді.
Құлақкесті құл емес қазақ тіпті,
Сезінетін шақ туды азаттықты.
Отаншылдық бір айбын көтерілсін,
Теңіз толқынындай ғажап күшті.
II жүргізуші
Тігілген соң Ақ орда — шаңырағым,
Тұғырыңа қонуды сан қыраның.
Отан деген оранып от құшаққа,
Кәусарыңа шөлімді қандырамын.
Сенен ғана өрбиді күш, жыр-әнім,
Қазақстан — о, менің құт тұрағым!
Жер шарына қазақтың халық атын,
Тәуелсіздік туымен ұқтырамын!
Тарихи шолу
Қазақстан тарихының кезеңдерін әр уақытта бөліп түсіндіру маңызды. Мемлекеттілігіміздің қалыптасу бастауы Қазақ хандығының іргесін қалаған Керей мен Жәнібек хандардан өрбиді.
XVII–XVIII ғасырларда жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күрес ұзақ жылдарға созылды. Ел бірлігін бекемдеуге Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай секілді тұлғалар өлшеусіз үлес қосты.
Сол жылдары ұлан-байтақ жерімізге жан-жақтан көз тігіп, тұтқиылдан шабуыл жасаушылар көбейді. Дүрліккен ел босып, “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” атанған зұлматты кезеңді бастан кешірді. Тәуелсіздік үшін елді біріктіру жолында хандар мен билер бар күшін салды.
“Елім-ай” әні
-
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Елім-ай, елім-ай.
-
Қарындастан айырылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.
Елім-ай, елім-ай.
-
Мына заман қай заман — қысқан заман,
Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман.
Елім-ай, елім-ай.
-
Шұбырғанда ізіңнен қар борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.
Елім-ай, елім-ай.
Үш жүздің бірлігі және билер тағылымы
Кешегі үш жүзді бір тудың астына жинаған Абылай хан тұсында төбе билеріміз елдің қамын, қара бала мен қара қазанның мұңын сөйлеп, бірлікке үндеді. Егемендік пен ынтымақ — Төле бидің толғауында, Қазыбек бидің қаз даусында, Әйтеке бидің шешендігінде айқын көрініс тапты.
Төле би өсиеті
Бір үйдің баласы болма, көп үйдің санасы бол.
Бір үйдің атасы болма, бір елдің данасы бол.
Бір тонның жағасы болма, көп қолдың ағасы бол.
Ақты ақ деп бағала, қараны қара деп қарала.
Өзегің талса, өзен бойын жағала.
Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.
Өзіңе — өзің кәміл бол. Халқыңа әділ бол. Жауыңа қатал бол. Досыңа адал бол.