Көңіл күй
Ақтөбе облыстық арнайы (түзетім) есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернат–колледжі
Мажикова Кенжегүл Қыстаубайқызы
Денсаулық сағаты
Сабақ тақырыбы: Қозғалыс және көңіл күй
Мақсаты
- Қозғалыс белсенділігінің адам ағзасына және көңіл күйге әсерін түсіндіру.
- Салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу.
- Есте сақтау, ойлау, сөйлеу қабілеттерін жетілдіру.
- Түзетім жұмыстарын жүйелі жүргізу.
Сабақ параметрлері
- Сөздік
- қозғалыс, әсері
- Көрнекіліктер
- презентациялар, түрлі-түсті бояулар, кубик
- Сабақтың түрі
- саяхат-сабақ
- Әдістер
- кубизм, сұрақ-жауап, саусақпен сурет салу, ароматерапия, денсаулық сақтау технологиялары
I. Ұйымдастыру
Жылы амандасу
Мейірімді жүрекпен,
Ақ пейілді тілекпен,
Амандасып алайық,
Бір жадырап қалайық!
Психологиялық бейімдеу: «Көңіл күй үйлесімі»
Оқушылар «Көңіл күйлерің қалай?» деген сұраққа жауап береді және не себепті көңілдерінің көтеріңкі екенін талқылайды (мысалы: әдемі киіндік, айнала жарық, өзімізді жақсы сезінеміз, күн сәулесі жарқырап тұр, ауа райы тамаша).
Түстер арқылы көңіл күйді сипаттау
- «Мен қазір күндей көңілдімін.»
- «Көңілім аспандай таза.»
- «Көңіл күйім қызыл гүлдей жайнап тұр.»
- «Жасыл шөптей нәзікпін.»
Дыбыстарды анық айту (кезекші дыбыстар)
[Б–П], [Д–Т]
Бала, бала — бал екен,
Ана — биік пана екен.
Дүрс-дүрс соғып жүрегі,
Тек жақсылық тілегі.
Тіл жаттығуы (сұрақ-жауап)
- Қайыржан, Тұрардан сұра: бүгін ауа райы қандай?
- Денсаулық сағаты сабағында не туралы айтамыз?
- Денсаулық үшін не қажет?
II. Негізгі бөлім
Тақырыппен жұмыс
Сабақ тақырыбы әртүрлі форматта оқытылады: жеке, топпен, қатты, ақырын, жай және сыбырлап. Бұл тәсіл оқушылардың есту зейінін, артикуляциясын және есте сақтауын қолдайды.
Сөздікпен жұмыс
Қозғалыс — қимылдау: жүру, жүзу, билеу, жаттығу жасау және т.б.
Саяхат-сабақ: «Ертегілер еліне» жаяу сапар
Оқушылардың есту қабілетін белсендіру үшін түрлі көлік дыбыстары тыңдалады: машина, пойыз, ұшақ, кеме. Одан кейін әуен ырғағымен бас киім киіп, рюкзак асынып, саяхатқа аттанады.
Табиғат атмосферасы
- Орман дыбысын тыңдау.
- Таңғы шықты сезіну, шықтың үстімен жүру.
- Көгалға отырып демалу, көгалға аунау.
- Ағаштар мен гүлдердің хош иісін сезіну.
Есту арқылы тану (сұрақ-жауап)
— Бұл ненің дауысы?
— Бұл машинаның дауысы.
— Ненің дауысы?
— Пойыздың дауысы.
— Ненің дауысы?
— Ұшақтың дауысы.
— Ненің дыбысын естіп тұрсың?
— Кеменің дыбысын естіп тұрмын.
Ертегі байланысы
Сиырдың дауысы естіледі. Оқушылар оның «Мақта қыз» ертегісінің кейіпкері екенін анықтайды. Кейіпкерлер оқушыларға тапсырмалар ұсынады (экраннан дыбысталады).
1) Сиырдың тапсырмасы: «Қозғалыс мүсіні»
«Қозғалыстың денсаулыққа пайдасын білгілерің келе ме? Қозғалыс мүсінін жасап көріңдер!» Оқушылар музыка ырғағымен түрлі қимылдар жасайды. «Тоқта!» дегенді естігенде, бір орында қатып қалады.
— Сендер не жасадыңдар?
— Біз денсаулық мүсінін жасадық.
2) Ағаштың тапсырмасы: «Жапырақтардан сөз құрау»
Жапырақтарды түсі мен көлеміне қарай жинай отырып, сөздер құрастырады, сөздерден сөйлем жасайды. Негізгі ой: «Дені саудың — жаны сау».
3) Қыздардың тапсырмасы: «Көңіл күйді сипаттау»
Суреттегі адамдардың көңіл күйіне қарап, сөйлемдер құрастырады. Тақырыптық сөздер:
- қуану
- өтініш
- ренжу
- таңдану
- ашулану
4) Тауықтың тапсырмасы: «Іздеп тап!»
Оқушылар дәндердің арасынан ұсақ заттарды тауып, оның атауын және түсін айтады. Мысалы: «Мен көк түсті түйме таптым».
5) Тышқанның ойыны: «4 сурет — 1 сөз»
Ойын арқылы негізгі ұғымдар бекітіледі: қозғалыс және көңіл күй.
Сергіту сәті: «Мысықпен бірге билейік»
Бетімізге мысық секілді бояу жағып, мысықпен бірге би қимылдарын орындаймыз. Бұл сергіту балалардың көңіл күйін көтеріп, қозғалыс белсенділігін арттырады.
III. Қорытынды
Сабақ соңында оқушылар саяхаттың әсерін қорытындылайды: мысық та бірге «саяхаттап», көңілі көтерілді. Ол денсаулық үшін не қажет екенін түсініп, Мақта қызға бүгін көрген-білгенін айтып беруге шешім қабылдайды.
Біз сабақта не істедік?
- Тыңдадық.
- Сұрақтарға жауап бердік.
- Ойнадық.
- Биледік.
- Саяхат жасадық.
Кубиктер арқылы сұрақ-жауап
Көк түстің сұрағы
Сабақта саған не ұнады?
Жасыл түстің сұрағы
Сабақта саған не қиын болды?
Сары түстің сұрағы
Сабақтан нені үйрендің?
Қызыл түстің сұрағы
Сабақта не ұнамады?
Рефлексия: «Бәрі өз қолыңда»
Алақанды бояуға малып, алдарындағы әйнекке сурет салады. Соңында бір-біріне жақсы тілек айтады.
Қорытындылау
Оқушылар мадақталады, сабақ аяқталады.