Балаларды құстарды қоректендіріп тұруға үйрету

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: «Экология негіздері»

Оқу орны: Екібастұз қаласы, №23 «Балауса» мектепке дейінгі мекеме

Топ: Естияр

Тәрбиеші: Абдинова Ү. Д.

Түрі: Ашық сабақ

Типі: Дамыта оқыту (Тәй-тәй бағдарламасы)

Тақырыбы: Табиғат тіршілігі — құстар

Мақсаты

Қазақстандағы құстардың көптүрлілігі туралы жалпы түсінік беру. Балалардың құстардың пайдасы және оларға қамқорлық жасау туралы білімін тереңдету.

Қолданылған әдіс-тәсілдер

  • Сұрақ-жауап, топпен жұмыс
  • Көрнекілік, сөздік әдістер
  • Ойын әдісі
  • ТРИЗ («Жақсы–жаман»)

Міндеттері

Білімділік

  • «Құстар адамға не береді? Құстарсыз адамға не болар еді?» деген сұрақтарға ойландыру.
  • Құстарды сыртқы белгілері арқылы тануға үйрету (бояуы, өлшемі, мінез-құлқы, дыбысы).

Дамытушылық

  • Ойлау қабілетін дамыту.
  • Өз бетінше жұмыс істеуге машықтандыру.
  • Жауапкершілік сезімін ояту.

Тәрбиелік

  • Құстарды қоректендіруге және қорғауға үйрету.
  • Табиғатқа сүйіспеншілікті арттыру.
  • Экологиялық мәдениет пен сауаттылық қалыптастыру.

Көрнекіліктер

Табиғатқа байланысты суреттер, ағаштар мен құстар бейнелері, Қазақстан картасы, қағаз бен қарындаш, қатты қағаз, мақал-мәтелдер.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сәлемдесу

Сәлем бердім мен күнге,

Сәлем бердім мен саған.

Сәлем бердік апайға,

Қонақтарға, құстарға.

Психологиялық дайындық: «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ».

Сұрақтар арқылы әңгіме

  • Табиғат деген не?
  • Табиғат нешеге бөлінеді?
  • Өлі табиғатқа не жатады?
  • Тірі табиғатқа не жатады?

Экологиялық жағдаят: «Дымбілмес келді»

Осы сәтте топқа Дымбілмес келеді. Қолында рогатка мен сіріңке бар. Ол: «Қарным ашты, қазір алау жағып тамақ дайындайық», — дейді.

Талқылау

  • Тәрбиеші: «Балалар, орманда алау жағуға бола ма?»
  • Балалар: «Жоқ. Ағаштар жанып кетеді, құстарға зиян келеді».

Дымбілмес: «Онда құстарды атып ойнайық», — дейді. Балалар оған экологиялық мәдениетті түсіндіреді: от жағуға, қоқыс шашуға, суды ластауға, құстарды атуға болмайды. Дымбілмес кешірім сұрап, кетіп қалады.

Құстар туралы әңгіме

Осы кезде құстардың сайраған үні естіледі. Балалар дыбыстың құстардың ән салған дауысы екенін анықтайды.

Нақты дерек

Қазақстанда құстардың шамамен 489 түрі мекендейді. Олар далалы, шөлді, орманды, таулы және сулы аймақтарда тіршілік етеді.

Табиғатқа пайдасы

Құстардың көпшілігі ағаштарды зиянкестерден тазартып, табиғи тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.

Таныс құстарды атау

Қараторғай, тоқылдақ, көгершін, сауысқан, сарышымшық.

Тақпақтар

1-тақпақ

Балалық қып қызбайық,

Құс ұясын бұзбайық.

Құстар — біздің досымыз,

Құстарда да ана бар,

Құстарда да бала бар.

2-тақпақ

Орманға бара жатқандар,

Аңшылық дәмін татқандар,

Өтінем түгел бәріңнен,

Көктегі құсты атпаңдар!

Қызыл кітап және қорғау

Қазақстанның Қызыл кітабына 50-ден астам құс түрі енгізілген. Олар — жойылып бара жатқан немесе сирек кездесетін құстар. Оларды жоюға мемлекет тарапынан тыйым салынған.

Жұмбақ

Су бетін сызып, ақ құман жүр жүзіп. (Аққу)

Құстарға қамқорлық

  • Ұя жасау
  • Жемсауыт жасау, жем шашу
  • Құстарды атпау, үркітпеу

Құстар немен қоректенеді?

Жем, бидай, дән, сондай-ақ зиянды жәндіктермен қоректенеді.

Жұмбақтар

1-жұмбақ

Қонып алып жарға, қарқылдайды. (Қарға)

2-жұмбақ

Өзі сақ, өзі ұзын, шықылықтап тынбайды. Құйрығы ұзын, бұтақтан бұтаққа ауысады. (Сауысқан)

3-сұрақ

Адамдардың досы қандай құс? (Көгершін)

Ойын: «Құстарға байланысты сөздер»

Тәрбиеші сөз тіркесін бастайды, балалар жалғастырады: «Құс ұшады…» (қонады, қанат қағады, самғайды, су ішеді, жем шоқиды және т.б.).

Сергіту сәті

Қане, қанат қағайық,

Мойнымызды созайық.

1, 2, 3 — құс аспанға ұш!

1, 2, 3 — құс аспаннан түс!

Құстар жем жейді, құстар су ішеді.

1, 2, 3 — құс аспанға ұш!

Топтық жұмыс: 3 орталық

Балалар фишка алып, қоңырау соғылғанда өз орындарын табады. Әр орталықта шамамен 7 минут жұмыс істеп, белгі бойынша орын ауыстырады.

1) Ғылым орталығы

  • Картадан Қазақстанды және жылы жақты көрсету.
  • Құстарды атап, салыстыру (ұқсастығы мен айырмашылығы: көгершін, сауысқан, аққу).
  • Құстың жемі, жемсауыты, ұясы, қауырсынымен танысу (неден және қалай жасауға болады?).
  • Суретпен жұмыс (ТРИЗ бойынша «Жақсы–жаман»).

2) Өнер орталығы

  • Құстардың суретін салу.

3) Манипулятивтік орталық

  • Магнитті тақтада құстарды құрастыру.

Жұмыс соңында барлық балалар ортаға жиналып, әр орталықтың нәтижесін таныстырады.

Қорытынды

Сабақ соңында балалар «Ақ көгершін» әнін орындайды.