Жартастан өту жаттығуы
Қарым-қатынасты нығайтуға арналған тренинг-жаттығулар
Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Т. Құлыбеков атындағы орта мектептің мектепке дейінгі шағын орталығы. Материалды әзірлеген: мектеп педагог-психологы Бекбергенова Жанар Жақсыбайқызы.
Негізгі мақсаты
Оқушылар арасында ашық диалог қалыптастыру, өзара түсіністікті арттыру және топтық бірлікті нығайту.
Форматы
Шеңбер, жұптық/топтық жұмыс, рефлексия және кері байланыс.
Жаттығулар тізімі
- 1 Сәлемдесу
- 2 Өрмекші торы
- 3 Ақ парақ
- 4 Жартастан өту
- 5 Ашулы шарлар
- 6 Сиқырлы қобдиша
1) Сәлемдесу
Танысу және жылы атмосфера құру
Нұсқау
Оқушылар өздерін таныстырып, жеке қасиеттері мен қызығушылықтарын қысқаша айтады.
Мысал
«Менің атым — Шыңғыс. Мен сурет салғанды және күреспен айналысқанды жақсы көремін».
2) Өрмекші торы
Еркін қарым-қатынас және сын мәдениеті
Мақсаты
Топ ішінде ашық сөйлесуді дамыту, бір-бірін қолдау және кері байланысты дұрыс қабылдауға үйрету.
Нұсқау
Қатысушылар шеңбер бойымен тұрады. Барлығы қатысуы тиіс.
Жіп бір қатысушыдан басталып, шеңбер бойымен жалғасады да, соңында бастапқы адамға қайта оралып, «өрмек» толық жиналады.
- 1-кезең: әр қатысушы келесі адамға тілегін, қошеметін немесе жағымды қылығын айтып, жіпті саусағына іледі.
- 2-кезең: кері бағытта, сол ізбен жүріп, адамға қажет емес қасиеттер мен орынсыз әрекеттер туралы мәдени түрде ескертпе айтылады. Жіп біртіндеп жинақталады.
Рефлексия сұрақтары
- •Айтылған тілектер мен сынды қалай қабылдаймыз?
- •Сын орынды әрі әдепті айтылды ма?
- •Ескертпені дұрыс түсініп, мінез-құлықты түзетуге дайынбыз ба?
Идеясы: «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Мақсат — бір-бірімізді ренжіту емес, дұрыс бағытқа жұмсақ түрде жетелеу.
3) Ақ парақ
Бірлік пен ортақ ойды дәлелдеу
Мақсаты
Ұжыммен ауызбірлік танытып жұмыс істеуге бағыттау, ойды құрылымды жеткізуге үйрету.
Нұсқау
Оқушылар екі топқа бөлінеді:
- 1-топ: қағазды жыртады.
- 2-топ: қағазды бірнеше жерінен теседі.
Берілген ақ параққа қарап, қандай жағдаятты, оқиғаны немесе аңызды сипаттауға болатынын ойластырып, өз ойларын дәлелмен қорғайды.
Кері байланыс
- •Қағазды жыртқанда қандай ойда болдыңыз?
- •Қағазды тескен кезде қандай сезім пайда болды?
4) Жартастан өту
Өзара әрекет пен сенімді бақылау
Мақсаты
Оқушылардың өзара қарым-қатынасын, эмоциялық реакциясын және қолдау көрсету дағдысын бақылау.
Нұсқау
Оқушылар бір қатарға тұрады — олар «жартастар».
Бір оқушы «жүргінші» болады: ол жартастардан ұстап, құламай өтуі керек.
Ереже: «Жартастарға» жүргіншіге көмектесуге болмайды.
Кері байланыс
- •«Жартастан өту» қиын болды ма?
- •Достарыңыз жартас болып, көмектеспей тұрған кезде өзіңізді қалай сезіндіңіз?
- •Егер көмектесуге мүмкіндік берілсе, қандай сезімде болар едіңіз?
5) Ашулы шарлар
Ашуды қауіпсіз түрде шығару
Мақсаты
Ішкі ашу мен агрессияны сыртқа шығарудың қауіпсіз тәсілін көрсету, өзін-өзі реттеуді дамыту.
Нұсқау
Бірнеше шар үрленеді.
- 1–2 шарды жарып жіберу.
- 1–2 шардың желін жайлап шығару.
Мақсат — екі әрекеттің де эмоцияға әсерін байқап көру.
Кері байланыс
- •Не сезіндіңіз?
- •Өзіңіз туралы қандай байқау жасадыңыз?
6) Сиқырлы қобдиша
Құндылықтарды нығайту және қолдау мәдениеті
Нұсқау
Қатысушылар шеңбер құрып отырады. Ортада «сиқырлы қобдиша» тұрады. Қобдиша ішінде қағазға жазылған адамгершілік қасиеттер болады.
Жаттығу шарты
Әр қатысушы кезекпен қобдишадан бір «сыйлықты» таңдап алып, ішіндегі қасиетті өз ойынша лайықты деп санаған адамға сыйлайды және не үшін таңдағанын қысқаша түсіндіреді.
Рефлексия
Егер қоршаған орта да сізді осы қасиетке лайық деп таныса, бір-бірімізге жеке-жеке қошемет білдірейік. Сыйлықтарыңыз құтты болсын!
Қорытынды
Бұл тренинг-жаттығулар оқушылардың өз ойын ашық айтуына, бір-бірін тыңдауына, қолдау көрсетуіне және кері байланысты мәдени түрде қабылдауына көмектеседі. Әр бөлімнің соңындағы кері байланыс сұрақтары қатысушылардың сезімі мен ой-пікірін жинақтап, тәжірибені бекітеді.
Қажет болса, толық нұсқасын жүктеу бөлімі арқылы кеңейтілген материалды қоса беруге болады.
Толық нұсқасын жүктеу