Гауһар қымбат

Атадан қалған асыл сөз

Мұғалім оқушыларға: әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі, салт-дәстүрі, діні және ұлттық тіл сипаты болатынын еске салады. Біздің ұлттық тәрбиеміз де ана сүтімен, ананың әлдиімен, ананың тілімен бастау алады. Сондықтан тілді қадірлеу — парыз.

Біз билердің шешендік сөздерін, ақын-жазушылардың өлең-жырларын, білім мен тіл туралы мақал-мәтелдерді білеміз. Ендеше, соларды еске түсірейік.

Тіл мен білім туралы мақал-мәтелдер

  1. Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады.
  2. Ана тіліңді ұмытқаның — өз тіліңді құртқаның.
  3. Өнер алды — қызыл тіл.
  4. Тіл — көңілдің кілті.
  5. Білім — таусылмайтын байлық.
  6. Алтын алма, білім ал.
  7. Адамды білім сақтайды.

Халқымыздың ең құрметті өнері — сөз өнері. Соның биік бір саласы — шешендік және өнегелі сөздер. Мұғалім шешендікке байланысты сұрақтар қойып, оқушылар жауап береді.

Шешендік сұрақ-жауап

Сұрақ

Жерден ауыр не? Судан терең не? Оттан ыстық не? Көктен биік не?

Жауап (1-оқушы)

Жерден ауыр — ақыл, білім. Судан терең — оқу, ғылым. Оттан ыстық — адамдардың өмірі. Көктен биік — тәкаппардың көңілі.

Сұрақ

Дүниеде не жетім?

Жауап (2-оқушы)

Жаңбыр жаумаса, жер жетім. Басшысы болмаса, ел жетім. Ұқпасқа айтылған сөз жетім.

Сұрақ

Дүниеде не қымбат?

Жауап (3-оқушы)

Адам қымбат. Адамға — бала қымбат. Жансызда — гауһар қымбат.

Атақты билер және өнегелі сөздер

Оқушылар ана тілі сабағында танысқан атақты билерді атайды: Қаз дауысты Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би.

Қазыбек би

Алтын ұяң — Отан қымбат,
Құт-берекең — атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат,
Мейірімді апаң қымбат.
Кіндік кескен жерің қымбат,
Ұят пенен арың қымбат.

Әйтеке би

Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін.
Батыр болсаң, жауға найзаң тисін.

Төле би

Арғымақтың құйрығы —
Сатса жібек, кессе қыл.
Жақсы жігіт белгісі —
Түзде мырза, үйде құл.

Көрініс: Төле бидің алғашқы төрелігі

О, би аға, он үште отау иесі емес пе?
Кінәлімін бе келіп қалсам он беске?
Сөз сөйледім, бұйыра көрмеңіз айыпқа.
Ала көз болу ағайынға лайық па?

О, игі асқар тауымыз,
Әділ ме осы дауымыз?
Жер астында тұрғанда,
Жасырынып жауымыз.

Осы көріністе жасы үлкен аға би Төле бидің тапқырлығы мен ойшыл шешендігін мойындап, билікті соған береді. Жиналған жұрт Төленің шешіміне риза болып, келісімге келеді. Бұдан халқымыздың аталы сөзді қадірлейтінін, үлкеннің де кішінің де бір-біріне деген ізеті мен құрметін аңғарамыз.

Қорытынды өнеге

Шешендік пен асыл сөз — тәрбиенің сарқылмас қазынасы. Келешекте де ата-әжелеріңді қадірлеп, олардың айтқан өсиеттерін жадыңда сақтаңдар.

Бата-тілек

«Аста тұз тәтті, адамда дос тәтті». Ендеше асымыз дәмді болып, достығымыз жарассын!