Тауып айтылған сөз

Сабақтың тақырыбы

Қазақтың салт-дәстүрінен туған мақал-мәтелдер.

Оқу мақсаттары

О3: мәтіндегі омоним, антоним, синоним сөздерді, сондай-ақ тура және ауыспалы мағыналы сөздерді тану.

Дағдылар

  • Білу, түсіну: сөздердің лексикалық мағынасын ұғыну.
  • Қолдану: тура және ауыспалы мағынаны танып, орынды қолдану.

Сабақтың мақсаттары

Оқушылардың барлығы

Мәтіндегі омоним, антоним, синоним сөздерді түсінеді.

Оқушылардың көпшілігі

Мәтіндегі тура және ауыспалы мағыналы сөздерді ажыратады.

Оқушылардың кейбірі

Сөздердің лексикалық мағынасын терең түсіндіріп, дәлелдей алады.

Күтілетін нәтиже және жетістік критерийлері

Күтілетін нәтиже

  • Сөз мағынасын анық түсінеді.
  • Сөздің мағыналық ерекшелігін танып, қолданыста орынды пайдаланады.

Жетістік критерийлері

Оқушы оқу мақсатына жетті деп есептеледі, егер ол мәтіннен омоним, антоним, синоним сөздерді анықтап, тура және ауыспалы мағынаның қолданылу ерекшелігін түсіндіріп, оны әртүрлі жағдаятта дұрыс қолдана алса.

Тілдік мақсаттар

Тұрақты тіркестер мен мақал-мәтел үлгілері

«Жақсы сөз — жарым ырыс.»
«Атадан жақсы ұл туса, есіктегі басын төрге сүйрер.»
«Қуыс үйден құр шықпа.»
«Сыйға — сый, сыраға — бал.»

Диалог және жазылымға қажетті байланыстырғыштар

Себебі, сол себепті, сондықтан, бірақ, әйтпесе жалғаулық шылауларын орынды қолдану.

Ұлттық құндылықтар және пәнаралық байланыс

Ұлттық құндылықтар

  • Топта ынтымақтаса білу.
  • Ашықтық, адалдық пен шынайылықты дамыту.
  • Еркін пікір білдіру мәдениетін қалыптастыру.
  • Дәстүр мен салтты қадірлеу.

Пәнаралық байланыс

  • Қазақ әдебиеті: салт-дәстүрге қатысты мақал-мәтелдерді қолдану.
  • Психология: өз көзқарасын еркін білдіру.
  • Тіл білімі: тілдік нормаларды сақтай отырып сөйлеу.
  • Қазақстан тарихы: халықтың салт-дәстүрлері туралы таным.
  • АКТ: сайт материалдары мен интерактивті тақтаны пайдалану.

Алдыңғы білім

Оқушылар қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері туралы базалық түсінікке сүйенеді. Қоса алғанда, О4 бойынша сұрақ қоя білу және жауаптарды бағалау дағдылары қолданылады.

Сабақ барысы

Бастапқы кезең (5 минут)

Ұйымдастыру және қызығушылықты ояту

Оқушылардың белсенді оқу әрекетін арттыру мақсатында «Миға шабуыл» әдісі қолданылады: studystack.com (picmatch-2427836) арқылы салт-дәстүрге байланысты мақал-мәтелдер ұсынылып, олардың сыңарын табу арқылы сабақтың тақырыбы ашылады.

Таныстырылым: сабақтың тақырыбы, мақсаттары және жетістік критерийлері. (МЖ — мұғалім жасаған слайд)

Орта кезең (3 минут)

Блум таксономиясы: түсіну және қолдану

Түсіну

Қазақтың ұлттық дәстүрлерін дәріптейтін мақалдардың бір бөлігі таратылып, оқушылар олардың мағынасын ашады және екінші сыңарын табады.

Қолдану

«Бұл мақалдарды қай кезде қолданамыз және неліктен мақалға жатады?» деген сұраққа жұппен 1 сөйлем арқылы түсіндірме жазылады.

Дифференциация

  • A деңгейі: жинақтау және бағалау сұрақтарына жауап береді.
  • B деңгейі: талдау және қолдану деңгейіндегі сұрақтарға жауап береді.
  • C деңгейі: білу және түсіну деңгейіндегі сұрақтарға жауап береді.

Топтық жұмыс: мақал сыңарын табу және мағынасын ашу

Сынып топқа бөлінеді: оқушылар берілген мақал-мәтелдердің сыңарын тауып бірігеді, мағынасын ашып, халықтың салт-дәстүрімен байланысын түсіндіреді.

«Қыдырып жеген жанбастан, шақырулы жеген жауырын артық.»
«Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер.»
«Үйдің жылы-суығын қыс түскенде білерсің.»
«Ағайынның алыс-жақынын іс түскенде білерсің.»
«Алыстағы ағайыннан ауылы бірге көрші артық.»
«Атадан жақсы ұл туса, есіктегі басын төрге сүйрер.»
«Атадан жаман ұл туса, төрдегі басын жерге сүйрер.»

Тапсырма 1: тура және ауыспалы мағынаны ажырату

Тәрбиелік мәні, дәлел және мысал

Берілген мақалдардың тәрбиелік мәнін ашып, негізгі ойды көркем тілмен жеткізіңіз. Мақал ішіндегі сөздердің тура және ауыспалы мағынада қолданылуын дәлелмен көрсетіңіз.

Тура мағынаға мысалдар

ағайын, көрші, ата, ұл, үй, жыл, суық, ауыл, іс, қыс, шақыру, қыдыру.

Ауыспалы мағынаға мысалдар

жақсы, жаман, «шайқап сөйлеу», «ағайынның алыс-жақыны», «басын төрге сүйреу», «басын жерге сүйреу», «қыдырып жеген жанбастан, шақырулы жеген жауырын артық».

Қорытынды ой: сөз белгілі бір тіркесте қолданылғанда, оның ішкі мағынасы өзгеруі мүмкін. Осыны нақты мысалмен дәлелдеңіз. «Сөз мағынасы» ұғымына қысқаша түсінік беріледі және кері байланыс жасалады.

Бағалау критерийлері

  • Мақалдың мағынасын ашады.
  • Тура мағынада қолданылған сөздерге дәлел келтіреді.
  • Ауыспалы мағынаға нақты мысал келтіреді.

Кері байланыс үлгілері

  • Мақалдың астарлы мағынасын ашуда өзіндік стиль қалыптастыра алды.
  • Тура мағынаны дәл тауып, дұрыс түсіндірді.
  • Ауыспалы мағынаға мысал келтірді, алайда ойын нақты әрі сенімді жеткізуге қиналды.

Тапсырма 2: жұптық жұмыс (мәтінмен жұмыс)

Мақал, синоним, антоним, омоним

  • Мәтінді оқып, мазмұнын түсінеді.
  • Мәтіннен мақалдарды теріп жазып, мағынасын ашады.
  • Мақалдағы антонимдік қарама-қарсылықты түсіндіреді.
  • Асты сызылған сөздердің синонимін табады.
  • Қарамен берілген сөзге омоним келтіреді.

1-мәтін

«Сөздің көркі — мақал» деген ұғым бар. Кейбір қазақтың ойын-тойында мақал айту сайысы да өтіп тұрады. Мақалдап сөйлеу — сөзді көркемдеп, тапқырлықпен айту. Осындай сайыстар жиі ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қазақта алыстан ат арытып келген адамға, үйдің үлкені болса да, сәлем береді. Сондайда айтылатын мақалдың бірі: «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді». Бұл мақалдың астарында үлкен мән-мағына жатыр. «Сәлем — сөздің анасы» деп халық тегін айтпаған. Тауып айтылған сөз — танып айтылған сөз.

Сәлем беріп келген балаға үй иесі «Қуыс үйден құр шықпа» деп, тізеңді бүгіп, дәм ауыз тиіп кет деген ізгі ниетін білдіріп жатады.

2-мәтін

Сондықтан қазақ ондайда «Сыйлап берген су — сатып алған балдан артық» дегендей, «жайғассаң — жайғасып отырайық» деген ойын білдіріп, қонақ етеді. Келген қонаққа дәмін ала жүгірген қазақ: «Сыйға — сый, сыраға — бал» демекші, сіздің үйге барғанда ата-анаңыз көрсеткен құрметке риза болып қайттық, деп алғыс айтады.

«Аз да бітер, көп те бітер, татулыққа не жетер» демекші, татулық пен ауызбіршілікке не жетсін деп, бір-біріне ризашылық білдіріп, бата береді. Халқымыз ел ішінде татулық пен бірлікті қолдап, үлкендер оған ерекше көңіл бөліп отырған. Содан болар: «Төртеу түгел болса — алар, алтау ала болса — алдырар» деп тағы бір жақсы мақалды айта кетеді.

3-мәтін

Ұлтымыздың салт-дәстүрінде ынтымақ пен бірлікті паш ететін нақыл көп. Достықтың арқасында халық: «Бірлік түбі — тірлік» деп елді татулыққа шақырады. «Тау тауға кезікпес, адамға адам кезігер», «Адамның күні — адаммен» деген ойларды да жиі айтады.

«Биік төбеге шықсаң, көзің ашылады; жақсымен сөйлессең, көңілің ашылады» дегендей, көңіліміз марқайып қалады. Тәрбиенің бәрі ұл мен қызға отбасынан дариды: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп халық босқа айтпаған. «Жақсы сөз сүйіндіреді, жаман сөз күйіндіреді» дейді мақал. Жақсыға үйір болған адам өмірде мұқалмайды.

4-мәтін

«Баланың бесігі — кең дүниенің есігі» деген екен данышпан Төле би. «Бесік — кең дүниенің есігі» деуі — бабаның терең өсиеті мен өнегесін аңғартады. Жас балаға қазақтың «әлди-әлди» деп басталатын бесік жырын айту керек.

Мағжан Жұмабаев айтқандай, «Бұл жырдың күйі де, сөзі де тәтті». Бесік жырын айту — әрбір ананың сәби алдындағы қасиетті борышы. Оны орындамау — ата-баба дәстүріне қиянат. «Ел боламын десең, әуелі бесігіңді түзе» деп қазақ бекер айтпаған.

Келешек жас буын саналы да инабатты болып өссін десек, тәрбиені бесік жырынан бастаған дұрыс.

Бағалау критерийлері

  • Мәтін мазмұнын түсінеді және мақалдарды табады.
  • Мақалдағы сөздерге синоним таба алады.
  • Омонимдерге мысал келтіреді.
  • Антонимдерді табады және қарама-қарсылықты түсіндіреді.

Ресурстар

  • Интерактивті тақта.
  • Синонимдер, антонимдер, омонимдер сөздігі.
  • Сайт материалдары.

Оқушылар топ жұмысына өзара бағалау жүргізеді.

Сабақтың соңы (3 минут)

Рефлексия

Рефлексия: оқушылар бүгінгі сабақта үйренген негізгі ұғымдарды (омоним, антоним, синоним, тура және ауыспалы мағына) қысқаша қорытындылап, өз жұмысына баға береді.

Мәлімет

Ұзақ мерзімді жоспар бөлімі

Дәстүр мен мәдениет.

Мектеп және мұғалім

Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі.
Мұғалім: Текеева Жанша Тажибаевна.