Қарлығаш - құстың сүйкімдісі

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті туралы

Қызылорда облысы, Арал қаласы, «Жазира» балабақшасы. І санатты тәрбиеші — Бәшенова Зәуреш Жылқышыбайқызы. «Балдәурен» ересек тобында ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы.

Бөлімі

Көркем әдебиет

Тақырыбы

Қ. Баянбаевтың «Қараторғай ұясы» өлеңін жаттау. Жыл құстары туралы әңгімелесу.

Мақсаты

  • Көктем мезгілінің ерекшеліктерімен таныстыру.
  • Құстардың негізгі белгілері туралы түсінік беру; құстардың табиғаттағы тіршілігін, соның ішінде жыл құстарының көктемгі тіршілігін меңгерту.
  • Құстарға қатысты халық болжамдары мен олардың пайдасы туралы білім қалыптастыру.
  • Балалардың тілін дамыту, ой-қиялын ұштау, дүниетанымын кеңейту және құстар әлеміне қызығушылығын арттыру.
  • Қалдық материалдармен жұмыс істеуге ынталандыру.
  • Табиғаттың жаршысы — құстарды қорғауға, аялауға, қамқорлық жасауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Қ. Баянбаевтың суреті
  • Құстар туралы слайд
  • Үнтаспа
  • Бос қораптар
  • Қайшы, желім

Сөздік жұмыс

Жаңа сөздер:

Пәтер, тұрағым, қонақтау.

Билингвизм:

Птенцы
балапандар
Птицы
құстар
Ұя
гнездо
Скворечник
қараторғай ұясы
Скворец
қараторғай

Негізгі ой: көктемнің келуі — табиғаттың жаңаруы, ал жыл құстары — осы жаңарудың жаршысы.

Мотивациялық-қозғаушылық

Шаттық шеңбері

Алақанды ашайық, Күннің нұрын салайық. Таза ауадан салайық, Жүрек жылуын салайық. Мейірім шоғын салайық. Жиналған осы шуақты, Достарымызға шашайық. Дос дегенің өмірдегі — тірегің, Дос дегенің кеудеңдегі жүрегің. Егер досың адал ниет жан болса, Орындалар армандаған тілегің!

Балалармен бірге достық туралы қысқа тілектер айтылады.

Ұйымдастырушы-ізденушілік

Сөздік ойыны: «Көктемде…»

Іс-әрекет басталмас бұрын балалар суреттер бойынша сөздік ойын ойнайды. Тәрбиеші «Көктемде…» деп бастап, Күн, Қар, Құстар, Ағаштар, Гүлдер, Жаңбыр суреттерін көрсетеді. Балалар әр суретке байланысты сөйлем құрастырады.

Жұмбақ

Көкте ұшады тізіліп,
Біз қараймыз қызығып.
Жауабы: құстар

Үнтаспа арқылы тыңдалым

Балалар көздерін жұмып, еркін отырып, үнтаспадан құстардың дауысын тыңдайды.

Сұрақ-жауап

  • «Балалар, қандай дыбыс естідіңдер?»
  • Көктемде жылы жақтан ұшып келетін әнші қараторғайдың дыбысы екені айтылады.

Тақырыпқа кіріспе

Бүгін көркем әдебиет сабағында ақын Қастек Баянбаевтың «Қараторғай ұясы» өлеңін жаттап, жыл құстары туралы әңгімелесеміз.

Жыл құстары дегеніміз

Көктемде ұшып келіп, ұя салып, балапан шығарып, күзде қайта ұшып кететін құстар.

Мысалдар

Аққу, тырна, көкек, қарлығаш, қараторғай және басқа да құстар.

Жыл құстарының пайдасы

Зиянды жәндіктерді жойып, егінді, орманды және бақты қорғайды.

Суретпен жұмыс

Жыл құстарының бірнеше түрі көрсетіліп, олардың тіршілігі, ұқсастықтары және дыбыстауы туралы түсіндіріледі.

Жұмбақтар мен таныстыру

Екі айыр құйрығы,
Қияқ мұрт қанаты,
Ұшқырлардың жүйрігі.
Жауабы: қарлығаш

Қарлығаш — киелі, сүйкімді әрі еңбекқор құс.

Ұясын көбіне адамдардың үйі маңына салады. Құйрығы айыр болғандықтан, оны басқа құстардан оңай ажыратуға болады.

  • «Қарлығаш қандай ертегілерде кездеседі?»
  • «Қарлығаш қалай дыбыстайды?»

Сирағы ұзын,
Тырнағы ұзын.
Балықты сүзбей,
Ұстайтын шоқып,
Тұмсығы біздей.
Жауабы: тырна

Тырна — сирағы ұзын, мойны ұзын, ірі жыл құсы.

Ұясын су жағасына, қалың шөп арасына салады.

  • «Тырна қандай ертегілерде кездеседі?»
  • «Тырна қалай дыбыстайды?»

Су бетін сызып,
Ақ құман жүр сүзіп.
Жауабы: аққу

Аққу — сұлу әрі киелі құс.

Аққуды атпайды. Аққу жалғыз жүрмейді, жалғыз өспейді.

Ұясын су жағасындағы қалың шөп арасына салады.

  • «Аққу қалай дыбыстайды?»

Қулығын асыратын,
Жұмыртқасын өзі баспай,
Басқа ұяға жасыратын,
Өзін-өзі әйгілейтін,
Қандай құс?
Жауабы: көкек

Көкек ұя салмайды және балапан баспайды — басқа құстардың ұясын пайдаланады.

  • «Көкек қалай дыбыстайды?»