Сүйеніп күлкі тоқтыққа, Тартыпты өнер жоқтыққа

Абай Құнанбаев

Сегіз аяқ
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған.
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған —
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл.

Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бәһра1 ала алмас.
Қиналма бекер, тіл мен жақ,
Көңілсіз құлақ – ойға олақ.

Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ,
Күлкішіл кердең наданның.
Көп айтса көнді,
Жұрт айтса болды —
Әдеті надан адамның.
Бойда қайрат, ойда көз
Болмаған соң, айтпа сөз.

Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде.
Жігерлен, сілкін,
Қайраттан, беркін
Деп насихат бергенде,
Ұятсыз, арсыз салтынан,
Қалғып кетер артынан.

Аулаққа шықпай,
Сыбырлап бұқпай,
Мейірленбес еш сөзге.
Пайдасыз тақыл —
Байлаусыз ақыл,
Атадан бала ойы өзге.
Санасыз, ойсыз, жарым ес,
Өз ойында ар емес.

Тасыса өсек,
Ысқыртса кесек,
Құмардан әбден шыққаны.
Күпілдек мақтан.
Табытын қаққан2 —
Аңдығаны, баққаны.
Ынсап, ұят, терең ой
Ойлаған жан жоқ, жауып қой.

Болмасын кекшіл,
Болсайшы көпшіл,
Жан аямай кәсіп қыл.
Орынсыз ыржаң,
Болымсыз қылжаң
Бола ма дәулет, нәсіп бұл?
Еңбек қылсаң ерінбей —
Тояды қарның тіленбей.

Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң қуан сол кезде.
Біріңді қазақ, бірің дос
Көрмесең, істің бәрі бос.

Малыңды жауға,
Басыңды дауға
Қор қылма, қорға, татулас.
Өтірік, ұрлық,
Үкімет зорлық
Құрысын, көзің ашылмас.
Ұятың, арың оянсын,
Бұл сөзімді ойлансын.

Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын.
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып, құрып барасың.
Өтірік шағым толды ғой,
Өкінер уақытың болды ғой.

Жұмыссыз сандал,
Еріксіз малды ал
Деген кім бар сендерге?
Қулықты көргіш,
Сұмдықты білгіш
Табылар кісі жөн дерге.
Үш - төрт жылғы әдетің
Өзіңе болар жендетің.

Ауырмай тәнім,
Ауырды жаным,
Қаңғыртты, қысты басымды.
Тарылды көкірек,
Қысылды жүрек,
Ағызды сығып жасымды.
Сүйеніп күлкі тоқтыққа,
Тартыпты өнер жоқтыққа.

Толық нұсқасын жүктеу



Ұқсас жұмыстар

Бастауыш сыныпта абай шыгармаларын оқыту
Абай Құнанбайұлының өмірбаяны
Бастауыш мектеп оқушыларын әдебиеттік оқу сабақтарында Абай шығармалырын оқыту арқылы тәрбиелеу
Ұлылардың ұлысы - Абай ақын
Майлықожа Сұлтанқожаұлы
Абай Құнанбайұлының ағартушылық идеялары
Аңызға құрылған хикаяттардың оқиғалар желісі
Құтты біліктің зерттелуі
Ілияс Жансүгіров прозасындағы образдық бейнелердің көркемдігі
Қара өлең ұйқасы
Агробизнес және агроөнеркәсіп интеграциясының арасындағы байланыс
Индустриялық-инновациялық стратегияның басты бағыты – бәсекеге қабiлеттi өнеркәсiптi дамыту
Отандық өнеркәсіп кәсіпорындарын қайта құрылымдаудағы машина жасау өнеркәсібінің маңызы
Қазақстанның аграрлық өнеркәсіп кешені және машина жасау өнеркәсібі
Тіл, сөз өнер туралы мақал-мәтелдер
кционерлік қоғам және олардың құрылтайшы пайдасы
Агроөнеркәсіп кешені туралы
Қазақ халқының қол өнері.
Қазақстан опера өнерінің негізін салушы сахна жұлдыздары
ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПКЕ БЕТБҰРЫС