Жұмақ мекен - туған жер Сабақтың мақсаты
Сабақ тақырыбы: «Жұмақ мекен — туған жер»
Бұл сабақ туған жерге деген сүйіспеншілікті тереңдетуге, ұлттық рух пен патриоттық сезімді оятуға бағытталады. Негізгі назар Отан ұғымын ашуға және Маңғыстаудың табиғаты мен тұлғаларын танытуға аударылады.
Білімділік
Отан, туған жер — Маңғыстау туралы түсінікті кеңейту; оқушы бойында ұлттық рух пен патриоттық сезімді қалыптастыру; туған жерін сүйетін саналы азамат тәрбиелеу.
Дамытушылық
Сөйлеу мәдениетін, сыни ойлау мен зерттеу дағдыларын дамыту; өз ойын еркін әрі дәл жеткізуге үйрету.
Тәрбиелік
Отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру; туған жерге жауапкершілікпен қарауға баулу.
Әдіс-тәсілдер және көрнекіліктер
Сабақ әдісі
- Әдеби монтаж
- Топтық жұмыс
Көрнекіліктер
- «Маңғыстау маңғаздары» материалдары
- Маңғыстау атласы
- С. Назарбекұлының 3 томдық жинағы
- Интерактив тақта
- «Маңғыстау табиғаты» бейнеролигі
Сабақ құрылымы: «Сыр сандық» тапсырмалары
Сабақ кезеңдері оқушыны ойландыру, сөйлету және зерттеуге бағытталған тапсырмалар арқылы құрылады: психологиялық даярлық, топқа бөлу, «сыр сандықтағы» тапсырмаларды орындау.
1-кезең: «Отан» ұғымын ашу
Тапсырма: әріптерден сөз құрастыру
Оқушыларға О, А, Н, Т әріптерінен сөздер құрастыру ұсынылады. Негізгі түйін — «Отан» сөзіне тоқталу.
Ой қозғау: «Отан деген не?»
Оқушылар Қазақстан, Отан туралы ой-пікірлерін ортаға салады. Мұғалім жауаптарды жинақтап, ұғымның мағынасын нақтылайды.
Аружанның жауабы
Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен —
Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,
Ол бірақ өз үйіңнен басталады.
Мирасдың жауабы
Отан деген — атамекен,
Отан деген — туған жер.
Отан — ана,
Отан — үлкен Қазақстан — туған ел.
Картамен жұмыс және мақал-мәтелдер
Тақтадағы картаны пайдаланып, оқушылар туған жер мен Отан туралы мақал-мәтелдер құрастырады, мағынасын түсіндіреді.
2-кезең: Туған өлке — Маңғыстау
Әңгімелеу: «Менің туған жерім»
Оқушылар өз туған өлкесі туралы ойын айтады. Мысалы: «Мен Ақтауда тудым. Менің туған жерім — Маңғыстау. Жұмақ мекен туған жерім — маңғаз Маңғыстау, ақ маржан қала Ақтау! Туған жер бәрінен де ыстық. Тулаған теңізі — нағыз керемет!»
Бейнематериал
Экран арқылы Маңғыстау туралы бейнефильм көрсетіліп, табиғат көріністері мен тарихи-мәдени кеңістігі туралы пікір алмасу ұйымдастырылады.
Шығармашылық тапсырма: табиғатты бейнелеу
Оқушыларға туған жер табиғатын өз көзімен көргендей етіп суреттеу немесе бейнелеу тапсырмасы беріледі (сурет, мәтін, қысқа сипаттама).
3-кезең: Өлкеміздің тұлғалары
Өлеңнен үзінді
Оқушылар С. Адайдың Маңғыстау туралы өлеңінен үзінді оқиды:
Нейляның оқуы
Көк күмбез зерен — аспаның,
Көгілдір мәрмәр тастарың.
Көңілде жүрген дастаным,
Маңғыстау — жұмақ мекенім,
Маңғыстау — мәңгі дастаным.
Әбіш Кекілбаев туралы
Әбіш Кекілбаев 1939 жылы 6 желтоқсанда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде дүниеге келген. Ол — аудармашы, қоғам қайраткері, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Еліміз оның еңбегін жоғары бағалайды.
С. Назарбекұлы туралы (Ділдәнің әңгімесі)
«Менің атам С. Назарбекұлы қазір 72 жаста. Ол — қоғам қайраткері, драматург, сәулетші. Маңғыстауда Абыл ақынға, Досан батырға күмбездер тұрғызды. Атырауда “Хан ордасы — Сарайшықты”, Шыңғыстауда “Абай — Шәкәрім” кесенесін салдырған. Маңғыстау драма театрында “Ақбөбек”, “Ант” қойылымдары сахналанды. Атам барлық немерелерінің атын өзі қойды. Менің де атымды Ділдә деп атам қойған. Мен атамды мақтан етемін және атам сияқты халқымa адал қызмет еткім келеді.»
4-кезең: Қорытынды ой
Туған жерге серт
Маңғыстауым! Туған өлкем — сен едің,
Өз елімде еркін өсіп келемін.
Ата-баба аманатын арқалап,
Туған жерді көркейтсем мен деп едім!