Шағаланың шаңқылы

Астана қаласы, №68 орта мектебі • «Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі • ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері — Есенбаева Роза Түзелбайқызы

Тәрбие сағатының тақырыбы: «Табиғат — алтын ұямыз!»

Табиғат — бүкіл тіршілік атаулының алтын ұясы, аялы бесігі, құтты қонысы, өсіп-өнер мекені. Адам — сол табиғаттың ажырамас бөлшегі. Сондықтан табиғатпен үндес өмір сүру — әрқайсымыздың күнделікті дағдымызға айналуы тиіс.

Мақсаты

  • Оқушылардың табиғат заңдылықтары туралы білімін кеңейту арқылы табиғаттың тіршіліктің бастауы екенін, адамның табиғаттың бір бөлігі екенін түсіндіру.
  • Табиғат тазалығын сақтауға, табиғатпен өзара үндестік таба білуге үйрету; бағыт беру; ой-өрісін дамыту.
  • Ізгілікті, жауапкершілікті, ұқыпты болуға тәрбиелеу.

Міндеті

Оқушылардың табиғатпен үйлесімді өмір сүруі, табиғатты аялауы туралы түсінігін тереңдету және кеңейту.

Негізгі ой

Табиғатты қорғау — өзіңді қорғау. Табиғатқа жасалған қиянат ақырында адамға қайтып оралады.

Тәрбие сағатының жоспары

1) Кіріспе

Табиғат — тіршіліктің алтын ұясы, аялы бесігі, құтты қонысы.

2) Негізгі бөлім

  • Экология — ел амандығы.
  • «Маралдың мұңы…»
  • «Шағаланың шаңқылы…»
  • «Ананың зары…»
  • «Табиғатым — тағдырым.»
  • «Өзімізге де, өзгеге де қиянат жасамайық!»

3) Қорытынды

  • Адам — табиғаттың сенімді досы, қамқоры және қорғаушысы.
  • Табиғатты қорғау — өзіңді қорғау.
  • «Табиғатқа менің айтар тілегім…»

Тәрбие сағатының барысы

1-жүргізуші

«Отан», «атамекен», «туған жер» деген ұғымдар — мәні мағыналас, бірін-бірі толықтыратын қастерлі сөздер. Бұл сөздерді естігенде әр адамның жүрегіне жылылық ұялап, жүзінен нұр шапағаты сезіледі.

2-жүргізуші

Ел мен жер, көгілдір орман мен мөлдір көлдер, байтақ дала мен асқақ таулар — біздің басты байлығымыз. Жер, су, ауа — ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан мол қазына. Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, тіпті жалғыз дәнді де ыждағатпен сақтау, қамқор болу — біздің міндетіміз.

Экологиялық мәселе: Арал теңізі

1-жүргізуші: Әртүрлі факторлардың әсерінен Арал теңізінің айдыны тартылып, экологиялық жағдайы бұзылды. Бұл — ғаламдық деңгейдегі апат.

2-жүргізуші: Арал өңіріндегі экологиялық апат салдарынан жыл өткен сайын теңіз суы азайып, флорасы мен фаунасы жойылуда.

Көркем мәтіндер: табиғаттың үнін тыңдау

«Маралдың мұңы»

Ең соңғы аңымын — Аралдың маңыраған маралымын,

Аңыраған қалпымда айдалада қаламын.

Енді қашан Аралдың мөлдіріне қанармын?

Жас орнына қан ақты жалт-жұлт еткен жанардан.

Қай пендеге қарармын, қай кәдеге жарармын?

Құмда жатқан маралмын, мұңға батқан маралмын.

«Шағаланың шаңқылы»

Шаңқылдаған шағаламын, теңіз бойын жағаладым,

Су орнына құмға батып, қанатымды сабаладым.

Шаңқылдаған шағаламын, теңіз төсін сағаладым,

Айдынымнан айырылғанда, қандай мекен таба аламын?

Шаңқылдаған шағаламын, шаршадым ғой — демаламын,

Аралыммен мен де бірге, мәңгілікке жоғаламын.

«Ананың зары»

Ақ тілегімді омырауымнан ағызып,

Көздің жасын көкірегіме тамызып,

Айдалада, қарағым, аңыраған анамын.

Ашық аспан заманында, айдың-күннің аманында,

Қайғы жауып қабағын, қапаланған анамын.

Көрге айналып мекені, жасқа толып етегі,

Еңіреген анамын — енді маған пана кім?

Қорытынды ой

Адам — табиғаттың ең сенімді, айнымас досы, қамқоры әрі қорғаушысы. Табиғатқа жанашырлық таныту — өз болашағыңа жанашырлық таныту.

Табиғатқа тілек

Табиғат-ана, аман бол! Көлің тұнық, орманың қалың, жерің құнарлы болсын. Біздің әрбір игі ісіміз саған қорған, әрбір жауапкершілігіміз саған қамқорлық болғай.