Дарынды балаларға арнайы бағдарламалар жасау

Ақтөбе облысы, Алға ауданы, №3 Алға қазақ орта мектебі

Математика пәні мұғалімі: Төребекова Жаңылсын Барсаевна

Негізгі тақырып

Оқушылардың ғылыми-шығармашылық, зерттеушілік ізденісін қалыптастыру

Негізгі қағида

Балаға өз бетімен зерттеуге мүмкіндік берілген сайын, ол одан әрі жақсы оқиды.

— Питер Клайн

Бағдар

Оқушыны талдауға, синтездеуге, логикалық ойлауға, өз бетімен қорытынды жасауға үйрету.

Білім сапасын арттыру — ортақ міндет

«Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының» басты мақсаты — оқушылардың талдау, синтездеу және логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, яғни сабақ барысында ой еңбегімен тұрақты шұғылдануын қамтамасыз ету, оқушыны ізденуге және өз бетімен қорытынды жасауға үйрету.

Білім — ел қазынасы. Халықтың білімділігі — ел байлығының ең маңызды бөлігі. Білімнің негізі мектепте қаланады: ғылымның бастауы — мектеп. Елдің келешегі бүгінгі жастардың қолында болса, жас ұрпақтың тағдыры — ұстаздың қолында. Сондықтан біздің басты мақсатымыз — білім сапасын жақсарту.

Қазіргі таңда білім беру әлеуметтік құрылымның маңызды элементіне айналды. Әр елдің өзіндік білім беру жүйесі болғанымен, ол әлемдік тәжірибемен деңгейлес болуы қажет. Қазақстандағы өзгерістердің білім беру саласында көрініс табуы — өзекті міндет, ал білім беруді дамыту тұжырымдамасы — осы жолдағы маңызды құжат.

Математиканың ерекше орны

Білім беру жүйесін жаңарту жағдайында математиканың орны айрықша. Математика — жас ұрпақты сапалы да саналы ой еңбегіне тәрбиелеудің пәрменді құралы. Қазіргі заман — математика ғылымының кең қанат жайған кезеңі, ал талапқа сай математикалық білім берудің басты шарты — математикалық мәдениет деңгейін көтеру.

«Математика» сөзі грек тілінде білім, ғылым деген мағынаны білдіреді. Ежелгі дәуірден-ақ математикалық білім ғылымилықтың жоғары дәрежесі ретінде қабылданған. Математика — барлық ғылымдардың логикалық негізі, күре тамыры.

  • Оқушының дұрыс ойлау мәдениетін қалыптастырады, дамытады, шыңдайды.
  • Математикалық тілде тілдесу қабілетін, коммуникацияны дамытады.
  • Әлемде болып жатқан құбылыстарды дұрыс қабылдап, түсінуге көмектеседі.

Дарындылық пен зерттеушілік: табиғи байланыс

Білім беруді жаңарту баланың шығармашылық дарындылығын тануға және болжауға жаңа көзқарасты талап етеді. Дарынды баланы тану — нақты бір оқушы дамуын талдаумен байланысты ұзақ үдеріс. Дарындылықты бір ғана әдіспен (мысалы, сынақ арқылы) толық анықтау мүмкін емес: оны тәрбие мен оқыту барысында біртіндеп, сатылап айқындау қажет.

Дарындылықтың табиғаты шексіз. Осы дарын мен шығармашылықты дамытудың түрлі жолдарының ішінде баланың өзіндік зерттеу тәжірибесі ең тиімді тәсілдердің бірі саналады.

Зерттеушілік — бала табиғатына тән қасиет

Білуге құштарлық, бақылауға ұмтылу, тәжірибе жасауға дайын тұру, әлем туралы жаңа мәлімет жинауға талпыныс — баланың табиғи мінез-құлқы. Педагогикалық үдерісте дарынды ашудың өзегі — оқушы мен мұғалім ынтымақтастығы.

Зерттеу білігі мен дағдысы тек ғылыммен айналысатын адамға ғана емес, әр адамның түрлі саладағы қызметіне қажет. Оқушы қоршаған ортамен таныса отырып, жаңа білімді дайын күйде алмай, өзі ашуға үйренеді.

Психологтар зерттеу тәртібін тұлғаның дамуы мен өзін-өзі дамытуында маңызды деп көрсетеді. Ізденушілік белсенділігі төмендеген сайын адамда «қолымнан ештеңе келмейді» деген үрей күшейіп, білімге ынта бәсеңдеуі мүмкін.

Бұл ойды Абайдың жетінші қара сөзіндегі тұжырым да қуаттайды: жас бала дүниеге келгенде «ішсем, жесем, ұйықтасам» дейтін және «көрсем, білсем» дейтін екі мінезбен туады. Екінші мінез — танымға ұмтылыстың бастауы.

Ізденушілікті ерте бастау: бастауыштан бастап

Оқушыны ізденушілікке баулу бастауыш сыныптан басталуы тиіс. Бұл кезеңде балалардың сөздіктерді, қызықты әдебиеттерді іздеп табуға, оқуға деген құштарлығы басым болады. Демек, зерттеу дағдысы мен білігін игерту — бүгінгі білім берудің маңызды міндеті.

Дарынды оқушы қойылған проблеманы тұтастай көріп, белгісіз нәрселерге зер салады, түсініксізді білуге ынтызар болып, түрлі сұрақтарға жауап іздейді және ой әрекетімен шұғылдануға бейім келеді.

Мектеп тәжірибесі: технологиялар және шығармашылық топтар

№3 Алға қазақ орта мектебінің негізгі мақсаты — оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау, білімді өз бетінше меңгерту, өмірге көзқарасын қалыптастыру және интеллектуалдық іс-әрекетке әзірлеу. Сонымен бірге, жаңаша оқыту жолдарын тауып, оны дамыту мен қалыптастырудың алғышарттарын іске асыру.

Шығармашылық топтардың бағыты

  • Дамыта оқыту технологиясы

    Ойлау әрекетін тереңдету, өзіндік шешімге жетелеу.

  • Интерактивті оқыту технологиясы

    Қатысым, талқылау, бірлесе әрекет ету мәдениеті.

  • Модульдік оқыту технологиясы

    Мақсатты бөлімдер арқылы жүйелі оқу траекториясы.

  • Деңгейлеп оқыту технологиясы

    Қабілетке сай тапсырма, жетістікке қадамдап жету.

Негізгі мақсат — оқу процесінде оқуға қызығуды арттыру, өздігінен білім алуға құштарлықты дамыту және оқушы мүмкіндіктерінің ашылуына қолайлы жағдай жасау.

Дарынды оқушының ізденушілік қасиетін қалыптастыру оқытудың түрлі формалары мен әдістері арқылы жүзеге асады. Солардың ішінде ең тиімді бағыттардың бірі — оқушылардың ғылыми қоғамын ұйымдастыру.

Зерттеу жұмысына баулу: нақты қадамдар

Тақырыпты таңдаудың өзегі

Тақырып таңдағанда оқушы «Мені не қызықтырады?» деген сұраққа жауап беруі керек. Мұғалім оқушыға жоба жаза алатынын, ал жақсы идеялардың көбісі жазу барысында қалыптасатынын түсіндірсе, баланың зерттеу жұмысын жазуға ынтасы артады.

Зерттеу жұмысымен айналысу, шығармашылық жоба жазу оқушының аналитикалық ойлауын дамытады, шешім қабылдай алу қабілетін қалыптастырады, ғылым мен техниканың жетістіктеріне сай армандарына жетуге және өз жолын табуына көмектеседі.

Оқушыға қажет базалық дағдылар

  • Ақпаратты өздігінен табу және іріктеу.
  • Өз көзқарасын дәлелдеп, қорытынды шығару.
  • Ақпаратты басқаларға түсінікті жеткізу, таныстыру.

Қазіргі білім мен тәрбиенің басты бағыты — жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру, «Мен» менталитетін орнықтыру, өзін-өзі тану және өзін-өзі дамыту. Тұлғаға дұрыс бағыт беру, белсенділігін ояту, өзін-өзі тәрбиелеу әрекеттеріне ықпал ету — ұстаз алдындағы жауапты міндет.

Мұғалімнің рөлі: үйлестіру және қолдау

Бұл үдерістегі мұғалімнің рөлін төмендегі бағыттармен жүйелеуге болады:

  • Диагностикалық жұмыстар арқылы психологпен бірлесе отырып ғылымға бейімді, дарынды балаларды анықтау.
  • Тәрбие жұмыстары арқылы оқушылардың ғылымға жағымды көзқарасын қалыптастыру.
  • Танымдық белсенділікті дамыту жолдарын іздеу және қолдау.

Оқушылардың ғылыми қоғамы мұғалімдермен бірлесе отырып, балалардың ынтасы мен қабілетін ескеріп, таңдаған бағыттарына жол ашуы тиіс: зерттеу тақырыптарын анықтау, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу, қажет жағдайда ғалымдармен байланыс орнату.

Практикалық тәсіл: «Мен — зерттеушімін» дәптері

Оқушыларды ғылыми ізденіске баулу мақсатында «Мен — зерттеушімін», «Мен — жобалаушымын» атты арнайы дәптер арнатуға болады. Онда оқушылар ғылым әлеміне енудің жолдарын, ұлы ғалымдардың еңбегі мен өмірінен деректерді, өз идеялары мен бақылауларын жазады. Бұл дәптердің құндылығы — теориялық та, практикалық та көмек бере алатынында.

«Мен — зерттеушімін» тақырыбында дөңгелек үстел, әңгіме-сұхбат өткізу оқушылардың ғылым туралы түсінігін кеңейтіп, ғылыми жұмыстардың түрлерімен таныстырады.

Ұйымдастыру: сыныптан тыс және командалық жұмыс

Оқушылар бойында дарындылық пен ізденімпаздық қасиеттерін қалыптастыруда сыныптан тыс, жеке және ұжымдық жұмыстардың маңызы зор. Пәндік апталықтар, үйірмелер, факультативтік сабақтар — шығармашылық ойлауды дамытудың тиімді алаңы.

Барлық жұмыстарда оқушының қалауы, таңдауы және ұсыныстары ескерілуі қажет. Пәндік сайыстар мен шығармашылық кештер ізденіс қабілетін ұштап, нәтижеге жетуге ықпал етеді. Мектеп оқушылары халықаралық интеллектуалдық ойын-сайыстарына да қатысып, жақсы жетістіктер көрсете білді.

Мұғалімге қойылатын талаптар

  1. 1 Дарынды баланы анықтауда психологпен бірлескен жұмыс жүргізу.
  2. 2 Ата-анамен педагог ретінде сауатты әрі сенімді тіл табыса білу.
  3. 3 Дарынды балаларға арналған арнайы бағдарламалар әзірлеу.
  4. 4 Жаңа, тың тапсырмалар беріп, орындалуына нақты талап қою.
  5. 5 Сабақта жаңа технология элементтерін тиімді қолдану.
  6. 6 Тапсырманың орындалу нәтижесін жүйелі қадағалау.

Қорытынды ой

«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ұлағатты сөзге сүйене отырып, бар мүмкіндікті пайдалану, баланың қабілеті мен дарынын ашу және әрбір оқушының өз мүмкіндігін танытуына жағдай жасау — мұғалімнің басты міндеттерінің бірі.

Оқушыны ізденушілікке баули отырып, ғылым мен техниканың жетістіктеріне сай армандарына жетуге, өз жолын дәл табуға және ғылымға бет бұруына көмектесуіміз қажет. Жаңа ғасырға қадам басқан жас жеткіншек қазіргі өмірге бейім болуы, әр тетігіне үңіліп, кез келген тығырықтан шығар жол табуға даяр болуы тиіс.

Дарынды әрі қабілетті оқушыларды ғылымға баулып, ғылым арқылы егемендігімізді нығайтуға үлес қосайық, құрметті әріптестер!