Сиқырлы пернелер аралы

7 «А», «Б» сыныптарына арналған сайыс сабақ

Сабақ презентациямен өткізіледі. Тақырыбы — «Информатика патшалығына саяхат» сайыс сабағы.

Сабақтың мақсаты

  • WordPad мәтіндік редакторымен жұмыс істеуді үйрету.
  • PAINT графикалық редакторында жұмыс жасауды меңгерту.
  • Теориялық білімді тапсырмалар орындауда тиімді қолдану, мақсатқа жүйелі түрде жету дағдысын дамыту.
  • Информатика пәніне қызығушылықты арттыру және логикалық ойлау қабілетін дамыту.

Сабақтың форматы

Сабақ «Монитор» және «Пернетақта» топтары арасында сайыс түрінде өтеді. Әр топ «кемеге» мініп, мұхит арқылы жүзіп, Информатика патшалығына жетуі керек. Жол бойы кемелер әртүрлі аралдарға тоқтап, тапсырмалар орындап, келесі кезеңге өтеді.

Кеменің жүзу бағыттары

  1. 1. Қиын сұрақтар аралы
  2. 2. Ертегілер аралы
  3. 3. Көркемсурет аралы
  4. 4. Сиқырлы пернелер аралы
  5. 5. Ғажайып қалам аралы

Соңында екі кеме де Информатика патшалығына келіп тоқтайды.

1) Қиын сұрақтар аралы

Бұл аралда әр топ берілген сұрақтарға жауап беріп, алға жылжиды.

Вирустың кері әсерін жоятын бағдарлама?

Антивирус

Ақпараттың өлшем бірлігі?

Бит, байт

Сурет салуға арналған бағдарлама?

Paint

Дүниежүзілік компьютерлер арасындағы байланыс?

Internet

Компакт-дискіні оқуға арналған құрылғы?

CD-ROM

Ақпаратты өңдеу құрылғысы?

Процессор

2) Ертегілер аралы

Бір күні сиқыршы компьютерді сиқырлап, оны «компьюктус» деген кактусқа айналдырып, дүкен сөресіне қойып қояды. Кактус кейпінде болу компьютерге мүлде ұнамайды: бұл күйде ол ақпараттық процестерді орындайтын негізгі құрал бола алмайтын еді.

Бақытына қарай, дүкенде ақылды қыз жұмыс істейтін. Ол компьюктусқа көмектескісі келді. Егер этикеткаларға дұрыс атауларды жазып, кактустың тікенектеріне ілсе, компьютер қайтадан бастапқы қалпына келеді деп ойлайды. Алайда қыз информатика пәнін әлі толық меңгермегендіктен, компьютердің қандай құрылғылардан тұратынын білмейді. Ендеше, дұрыс жауап беріп, сиқыршыны бірге жеңейік.

Компьютердің негізгі құрылғылары

Монитор, пернетақта, тышқан, жүйелік блок.

Компьютердің қосалқы құрылғылары

Модем, сканер, принтер.

3) Көркемсурет аралы

Бұл кезеңде әр кеменің капитаны компьютерде PAINT графикалық редакторында тапсырма орындайды. Орындау уақыты — 12 минут.

1-кеме тапсырмасы

Теңіздегі кеменің суретін салу.

2-кеме тапсырмасы

«Теңіз әлемі» тақырыбында сурет салу.

Кеме басшылары сурет салып жатқанда, қалған оқушылар үлестірмелі карточкалармен және жұмыс дәптерімен жұмыс жасайды.

4) Сиқырлы пернелер аралы

Бұл аралда оқушылар қораптан перне белгісі жазылған карточканы таңдап алып, сол перненің атқаратын қызметін түсіндіреді. Әр топтан 3 оқушы қатысады.

Тоқтау уақыты: 5 минут.

5) Ғажайып қалам аралы

Бұл кезеңде оқушылар өтіліп жатқан тақырып бойынша 4 жол өлең құрастырып жазады. Әр топтан 2 оқушы қатысады: алдымен өлеңін оқиды, кейін оны WordPad редакторында тереді.

1-кеме үшін

Қаріп өлшемі: 14
Қаріп түрі: KZ Arial

2-кеме үшін

Қаріп өлшемі: 16
Қаріп түрі: KZ Times New Roman

Тоқтау уақыты: 6 минут.

Марапаттау

Сайыс қорытындысы бойынша белсенді қатысқан оқушылар марапатталады.