Қазақтың ұлттық киімдерін түсіндірген жай сөйлемдер

Ашық сабақ: қазақтың ұлттық киімдерін түсіндірген жай сөйлемдер

Ойқазық: Ұлттық киім — бай тарихи-мәдени мұра. Оны зерттеу, зерделеу, орынды қолдану және дамыту — ұрпақтың ортақ міндеті.

Сабақ типі: жаңа білімді меңгерту Пәнаралық байланыс: тарих, бейнелеу өнері, технология Әдістер: сұрақ–жауап, ізденіс, талдау, зерттеу

Сабақтың мақсаты

1) Білімділік

  • Қазақ халқының ұлттық киім түрлерімен таныстыру.
  • Тақырып бойынша сөздік қорды қалыптастыру, әңгімеге даярлау.
  • Жай сөйлемнің түрлеріне қатысты білімді бекіту.

2) Дамытушылық

  • Тақырыпты өрбітіп, ауызекі сөйлеу дағдысын дамыту.
  • Мәнерлеп оқуға үйрету.
  • Алған білімді шығармашылықта қолдануға дағдыландыру.

3) Тәрбиелік

  • Ұлттық дүниетанымды құрметтеуге, дәстүрді қадірлеуге тәрбиелеу.
  • Әдемі әрі таза киіне білу мәдениетін қалыптастыру.

Дидактикалық қамтамасыз ету

  • Слайд-суреттер, үлестірме кеспе қағаздар.
  • Деңгейлік тапсырмалар.
  • Ұлттық киімдер мен әшекей бұйымдар.
  • Оқыту технологиялары: сатылай-кешенді талдау, модульдік, проблемалық оқыту элементтері.

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Сәлемдесу. Сабаққа келген қонақтармен бірге оқушылардың назарын жинақтап, сабаққа жағымды көңіл күй қалыптастыру.

Балалар, бүгінгі сабаққа көп қонақ келіп тұр.
Білімді сынауға мүмкіндік болып тұр.
Сондықтан бүгін бәрімізге
Тек қана сәттілік тілейміз!

Кіріспе: ой қозғау

Сұрақ: Кез келген халықты қандай ұлттық ерекшелігі арқылы тануға болады? (Оқушылар жауап береді.)

Сабақтың тақырыбы мен мақсаты таныстырылады: бүгін қазақ халқының ұлттық киімдерімен танысып, жай сөйлемнің түрлерін қайталау арқылы білімді пысықтаймыз.

Тақырыпқа кіріспе: ұлттық киім туралы қысқаша түсінік

Қазақ халқы киімге ерекше мән берген: киімнің жеңіл, әсем әрі жас ерекшелігіне сай ыңғайлы болуын маңызды санаған.

Ұлттық киімдерді шартты түрде бас киім, сырт киім және аяқ киім деп топтастыруға болады.

Енді ұлттық киімдер мен әшекей бұйымдарға назар аударайық: олардың ішінен сендер қайсысын білесіңдер? Егер атауларды ажырату қиындық тудырса, жаңа сөздермен танысамыз.

Сөздік жұмысы (ұлттық киім мен әшекей атаулары)

Жұмыс түрлері: сөздерді аудармасымен оқып, қайталау; сөздік дәптерге жазу; жаттап алу; слайдтар арқылы толықтыру.

Жейде
рубашка
Ішік, тон
шуба
Қасаба
каcаба — әйелдердің бас киімі
Шапан
халат
Қамзол
камзол
Бешпент
бешмет, пиджак
Тақия
тюбетейка
Кимешек
ұлттық әйелдердің бас киімі (тұрмыстағы әйелдің бас киімі)
Кимешек — бас, кеуде, иық және арқаны жауып тұратын, бетке арналған ойығы бар бас киім. Әдетте кестемен өрнектеледі. Пішімі, кесілуі мен әшекейленуі әйелдің жасына қарай өзгеріп отырады.
Бөрік
шапка
Сәукеле
қалыңдықтың бас киімі (свадебный головной убор невесты)
Сәукеле — ұзату тойында киілетін қалыңдықтың сәнді бас киімі. Ол үйлену рәсімі кезінде киіліп, жас келіншек тарапынан бір жыл бойы мерекелерде және қонақ күткенде тағылған.
Кебіс
калоши
Мәсі
ичиги
Білезік
браслет
Шолпы
украшение для волос
Жүзік
кольцо
Бұйым
вещь
Өрнектелген
покрыт узором
Насихаттау
пропагандировать

Мәтінмен жұмыс

Мәтін: «Ұлттық киім — бай тарихи-мәдени мұра»

Ұлттық киім — бай тарихи-мәдени мұра. Қазақ халқының ұлттық киімі басқа ұлттардан өзгешеленеді. Оның себебі — қазақ халқының табиғат аясында еркін өмір сүруімен байланысты.

Қазақтың ұлттық киімдері сақ дәуірінен бастау алады. Киімнің жеңі мен етегіне ою-өрнек қолданылған. Қазақ киімдерінде көшпелі халықтарға тән сипат айқын байқалады: киім тігуге көбіне мал жүндері пайдаланылған.

Қолданылуына қарай киімдер күнделікті және сәндік болып бөлінеді. Ал жыл мезгілдеріне байланысты қыстық, маусымдық, жаздық түрлері бар. Киім тіккенде жас ерекшелігі ескеріліп, көшпелі өмір салтына сай жүріп-тұруға ыңғайлы етіп тігілген.

Грамматикалық тапсырмалар: қайталау және бекіту

Антонимдер мен синонимдер

Антонимдер:

қыстық — жаздық; күнделікті киім — сәндік киім; аяқ киім — бас киім; жүру — тұру.

Синонимдер:

пайдалану — тұтыну.

Дефис туралы сұрақ

Ажыратып жазылған сөздердің арасына неге дефис қойылған? (Ою-өрнек, жүріп-тұру т.б. мысалдар арқылы түсіндіру.)

Синтаксистік талдау: сатылай-кешенді үлгі

Талдау сызбасы

  1. Айтылу сазы мен мазмұнына қарай: лепті, хабарлы, сұраулы, бұйрықты.
  2. Құрылысына қарай: жай сөйлем; құрмалас сөйлем (мезгіл, себеп, қарсылық, шарт, салыстырмалы, түсіндірме, талғау, амал, мақсат мәнді т.б.).
  3. Сөйлем мүшелері: бастауыш, баяндауыш, толықтауыш, анықтауыш, пысықтауыш.
  4. Жай сөйлемнің түрлері: жалаң/жайылма; толымды/толымсыз; жақты/жақсыз; атаулы.
  5. Сөз тіркестері: еркін (есімді, етістікті), тұрақты.
  6. Байланысу түрлері: қиысу, меңгеру, матасу, қабысу, жанасу.
  7. Байланысу тәсілдері: интонация, жалғаулар, септеулік шылаулар, орын тәртібі.

Мысал 1: «Қазақ халқының ұлттық киімі басқа ұлттардан өзгешеленеді.»

Мағынасына қарай: хабарлы сөйлем.

Құрылысына қарай: жай сөйлем.

Жай сөйлем түрі: жақты, жайылма, толымды.

Сөйлем мүшелері

  • Баяндауыш: өзгешеленеді (дара).
  • Бастауыш: киімі (дара).
  • Анықтауыш: қазақ халқының (күрделі), ұлттық (дара).
  • Жанама толықтауыш: басқа ұлттардан (күрделі).

Сөз тіркестері және байланысуы

  • «ұлттық киімі» — қабысу.
  • «қазақ халқының ұлттық киімі» — матасу.
  • «басқа ұлттардан өзгешеленеді» — меңгеру.

Байланысу тәсілдері: орын тәртібі, жалғаулар арқылы.

Мысал 2: «Көшпелі қазақтар киімдерін жүріп-тұруға ыңғайлы етіп тіккен.»

Мағынасына қарай: хабарлы сөйлем.

Құрылысына қарай: жай сөйлем.

Жай сөйлем түрі: жақты, жайылма, толымды.

Сөйлем мүшелері

  • Баяндауыш: тіккен (дара).
  • Бастауыш: қазақтар (дара).
  • Анықтауыш: көшпелі (дара).
  • Тура толықтауыш: киімдерін (дара).
  • Қимыл-сын пысықтауыш: ыңғайлы етіп (күрделі).
  • Жанама толықтауыш: жүріп-тұруға (күрделі).

Сөз тіркестері және байланысуы

  • «көшпелі қазақтар» — қабысу.
  • «киімдерін тіккен» — меңгеру.
  • «жүріп-тұруға ыңғайлы» — меңгеру.
  • «ыңғайлы етіп тіккен» — қабысу.

Байланысу тәсілдері: жалғаулар, орын тәртібі.

Сергіту сәті

Тапсырма: бөріктің сызбасын қолды тақтадан үзбей, бормен сызықты екі рет қайталамай, кім сызып бере алады?

Қорытынды бөлім

Сипаттау тапсырмасы

Ұлттық киім киген бойжеткен қыздың, ер жігіттің және қарияның киімдерін суреттеп беріңдер (бас киім, сырт киім, аяқ киім, әшекейлерін атап өту).

Ойтүрткі сұрақтар

Қазіргі кезде ұлттық киімдерді киюге бола ма?

Сен киер ме едің? Неліктен?

Қалай ойлайсыңдар? (Жауаптарды қазіргі сән үлгісіндегі ұлттық нақыштағы киімдердің слайдтарымен толықтыру.)

«Қазақтың сәнді киімдерінің шеруі»

Слайдтар көрсету, «Қыз сыны» әні (сабақ мазмұнын эстетикалық тұрғыда бекіту).

Кестелік тапсырма (кеспе қағаз)

Оқушыларға толтыру үшін төмендегі бөлімдері бар кесте таратылады:

Бас киімдер

Мысалдарды жазыңдар.

Сыртқы және іштік киімдер

Мысалдарды жазыңдар.

Аяқ киімдер

Мысалдарды жазыңдар.

Әшекей бұйымдар

Мысалдарды жазыңдар.

Үй жұмысы

І топ

  1. «Қазақ халқының ұлттық киімдері» тақырыбында әңгімелеп беру.
  2. «Ұлттық киімдер дүкенінде» тақырыбына диалог құрастыру.
  3. Сөздікті жаттау.

ІІ топ (Пропащева Е., Щербакова, Сафронов Д.)

  1. Сөздікті жаттау.
  2. «Олар киім тігуге мал жүндерін пайдаланды.» сөйлеміне талдау жасау.
  3. Мәтінді жүгіртіп оқып, сұрақтарға жауап беру.

Рефлексия

Оқушылар сабақтың басында, ортасында және соңында өз көңіл күйі мен қатысу деңгейін төмендегі сөздер арқылы белгілейді:

  • 1 — іздену (поиск)
  • 2 — шаттану, қуану (радоваться, веселиться)
  • 3 — немқұрайлы қарау (безразлично қарау, өз шаруасымен шұғылдану)
  • 4 — талпыну, оқу (стремиться, проявить интерес, учиться)
  • 5 — тағатсыздық, шыдамсыздық (нетерпеливость)
  • 6 — жабығу, қиналу (печалиться, затрудняться)