Қазақ халық әндерімен жұмыстану

Ашық сабақ: қазақ халық әндерімен жұмыс

Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Ақжайық балалар саз мектебі. Қобыз сыныбының оқытушысы — Неткалиева Арайлым Мақсотқызы.

Сабақтың тақырыбы

Қазақ халық әндерімен жұмыс (ашық сабақ)

Әдіс-тәсілдер

  • Сұрақ-жауап
  • Әңгімелеу
  • Сөзжұмбақ шешу

Көрнекіліктер

Әдебиеттер Электрондық үнтаспалар Аспап (қобыз) Сөзжұмбақ

Сабақтың мақсаттары

1) Орындаушылық қабілетті дамыту

Қазақ халық әндерінің шығу тарихын таныта отырып, оқушыға әнді мәнерлеп орындау дағдысын қалыптастыру.

2) Тәрбиелік мақсат

Ұлттық музыкаға, ұлттық аспапқа сүйіспеншілік тәрбиелеу және елжандылық сезімді нығайту.

3) Эстетикалық талғам

Халық әндерін тыңдау арқылы оқушының сұлулыққа құштарлығын ояту.

Сабақтың құрылымы

  1. 1 Ұйымдастыру кезеңі
  2. 2 Үй тапсырмасын тексеру
  3. 3 Жаңа сабақты түсіндіру және жаңа шығарманы талдау

Мұғалімнің кіріспесі: қобыздың мәні мен орны

Қобыз — қазақтың ежелден келе жатқан киелі аспабы. Қобыз өнерінің даму жолы ғасырлар бойы үзілмей жалғасып, бүгінгі ұрпаққа асыл мұра ретінде жетті. Егемен елдің шаттық үніне қобыздың қоңыр үні үйлесіп, ұлттық мәдениетіміздің табиғи жалғасына айналып отыр.

Құрылысы мен орындау тәсілі күрделі, ал тылсым да қоңыр сазы адамның жан дүниесіне ерекше әсер етеді. Қобызда орындаудың тамыры тереңде жатыр. Орындаушылық өнердің қалыптасу кезеңінде академик А. Қ. Жұбановтың еңбегі мен рөлі айрықша. Домбырамен салыстырғанда қобызда ойнау қиындау болғандықтан, оны кез келген адам меңгере бермейді.

Тарихи дерек

1930 жылы А. Жұбановтың басшылығымен қазақтың халық аспаптар оркестрі құрылды. Осы кезеңде шеберлер Э. Романенко мен Қ. Қасымов үш ішекті прима қобыздың жаңа түрін жасады.

Жаңғыру кезеңі

1953–1954 жылдары республикаға еңбек сіңірген Д. Тезекбаевтың сызбасы негізінде шеберлер А. Першин мен А. Тұрдыбаев төрт ішекті прима қобызды жасап шығарды.

Үй тапсырмасын тексеру

Оқушының дайындығы сұрақ-жауап арқылы тексеріледі. Негізгі назар — техникалық сауат, дыбыс тазалығы және музыкалық тілдің дәлдігі.

Тексерілетін бөлімдер

  • Қобыздың құрылысы
  • Ысқыш жүргізу тәсілдері
  • Ноталардың ұзақтықтары және паузалар
  • Динамикалық белгілер

Практикалық тапсырмалар

  • Соль мажор гаммасын екі октавада орындау (деташе, легато, стаккато штрихтарымен)
  • «Концерт» ұғымын түсіндіру: бір немесе бірнеше аспап пен оркестрге арналған ірі көлемді шығарма
  • «Соната» ұғымын түсіндіру: бір немесе екі аспапқа арналған сонаталық формадағы камералық шығарма

Репертуар

А. Комаровский — «Концертино», Л. Бетховен — «Сонатино» шығармаларын жатқа орындау. Концертмейстер сүйемелдеуімен орындау барысында дұрыс санау, таза дыбыстау және динамикалық белгілерді сақтау қадағаланады.

Жаңа сабақ: қазақ халық әндерімен жұмыс

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең…» — деп Абай айтқандай, қазақ халқы әнге бай.

Аңыз бойынша ән мен әуен адамзатқа аспан әлемінен дарыған. Халық қуанышын да, қайғысын да, мұңын да ән арқылы жеткізіп, әнді өмірлік серік еткен. Халық музыкасындағы көркемдік — өзінен-өзі өсіп шыққан дала гүлі секілді: табиғи, шынайы, мәңгі.

Ұлтымыздың рухани мұрасы ХХ ғасырға дейін жазбасыз түрде дамып, ауыздан ауызға, әкеден балаға, ұстаздан шәкіртке мирас болып жетті. 1930 жылдан бастап қазақтың жазба кәсіби музыкасы қарқын алды. А. Жұбанов, Е. Брусиловский, А. Затаевич және өзге де композиторлар мен зерттеушілер халық әндерін фортепиано сүйемелдеуімен орындауға, сондай-ақ түрлі аспаптарға лайықтап өңдеуге ден қойды.

Тыңдалым және талдау: «Елік-ай»

Тыңдалым

Халық әні «Елік-ай» электрондық үнтаспадан тыңдатылады.

Орындаушы туралы

Орындаушы — БҚМУ Өнер институтының «Вокал және аспаптық өнер» кафедрасының оқытушысы, қобызшы, республикалық, облыстық және аймақтық конкурстардың лауреаты, «Қобыздың қоңыр үнімен», «Алыс арман» электрондық оқулықтарының авторы — Ж. И. Нұрымбетова.

Әнді талдау

Әннің атауы — «Елік-ай».