Асты сызылған сөздерді математикалық талдаумен өрнекте

Кіріспе

«Тілдің арқасында біреуді біреу танып, бір халық екінші бір халықты таниды», — деп Р. Ғамзатов айтқандай, тілсіз адамзат өмір сүре алмас еді. Тіл — адамға ғана берілген баға жетпес байлық.

Тіліміздің мол қазынасын кеңінен пайдалану — бүгінгі ұрпақтың міндеті. Қазақ тілі сабақтарында талдау, түсіндіру, оқыту, әңгімелеу сияқты жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Мұғалім тек оқулықтағы жаттығулармен шектелмей, әдістемелік құралдарды да қолданады. Осы арқылы оқушының тілін дамытуға, ой-өрісін кеңейтуге және теориялық ұғымдарды практикалық тұрғыда меңгертуге мүмкіндік туады.

Мұғалімге қажет маңызды құралдардың бірі — түрлендірілген тапсырма үлгілері берілген, тәрбиелеуге және дағды қалыптастыруға көмектесетін жұмыс дәптері. Бұл 8-сыныпқа арналған қазақ тілі жұмыс дәптеріндегі тапсырмалар сатылай кешенді талдауға, мақал-мәтел мәнін ашуға, тарихқа үңілуге, шешендік сөздерді түсінуге және қолдануға бағытталған.

Теориялық мәліметтер өтілгеннен кейін, сабақтың бекіту кезеңінде бұл тапсырмаларды ұсынуға болады. Жұмыс дәптері тапсырмаларды орындау барысында оқушының зейінін арттырып, тақырыпты терең меңгертуге ықпал етеді деген ниетпен құрастырылған. Құрал мұғалімдер мен оқушыларға арналған көмекші материал ретінде ұсынылады.

І. Фонетика тарауы бойынша тапсырмалар

Төмендегі тапсырмалар оқылым, жаттау, талдау және тілдік дағдыны бекітуге арналған.

1-тапсырма. Мақал-мәтел — сөз мәйегі

Мақал-мәтел

Мақал-мәтелдерді оқып, мазмұнын айтып бер. Қалаған бір сөзіңді «математикалық талдау» тәсілімен өрнекте.

  • Қонақ келсе, құт келер.
  • Асыққан жолаушы атына теріс мінеді.
  • Түйенің үлкені көпірден таяқ жейді.
  • Атты қамшымен айдама, жеммен айда.

2-тапсырма. Ата мұраң — асыл қазынаң

Бесік жыры

Бесік жырын оқы. Бесік жырының тағы қандай түрлерін білетініңді айт. Белгіленген сөзді «математикалық талдау» тәсілімен өрнекте.

Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін.

3-тапсырма. Зерделі сөзге зер сал

Талдау

«Жеті қазынаға» не жатады? Осы жеті атауға фонетикалық талдау жаса.

4-тапсырма. Ата салтыңды сақта!

Тыйым сөздер

Төменде берілген тыйым сөздерді жаттап ал. Асты сызылған сөздерді «математикалық талдау» тәсілімен өрнекте.

  • Тұзды, күлді баспа.
  • Отты, күлді шашпа.
  • Бөркіңді теріс киме.
  • Бос бесікті тербетпе.
  • Шапанды желбегей жамылма.
  • Үйде ысқырма.

5-тапсырма. Зерделі сөзге зер сал

Ой түю

Мәтінді оқып, мазмұнын аш. Өзіңе ұнаған сөздерді дәптеріңе жазып алып, жатта. Қалаған сөзіңді «математикалық талдау» тәсілімен өрнекте.

Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашар.

Б. Момышұлы

Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады.

Абай

Сөз көңілге көркемдігімен де, мағынасының қуаттылығымен де жағады.

А. Байтұрсынұлы

6-тапсырма. Мақал — сөздің мәйегі

Үндестік

Мақал-мәтелдерді жаттап ал, мағынасын түсіндір. Дәптеріңе көшіріп жаз. Буын үндестігіне бағынбайтын қосымшаны көрсет.

  • Екі тентек елге сыймас.
  • Атпен ойнаған тайдың жілігі сынады.
  • Арыстанның ойынынан түлкінің мойны үзіледі.
  • Аттан тай озады, атадан бала озады.
  • Ас — адамның арқауы.

7-тапсырма. Шешеннің судай төгілген сөзі

Шешендік сөз

Шешендік сөзді оқып, мазмұнын айтып бер. Асты сызылған сөздерге фонологиялық талдау жаса.

Алда келе жатқан Исатайға Жәңгір хан бірде: — Қара тазыдай сумаңдап алға шыға бермей, қатарда жүрсең не етеді? — депті. Сонда ханның жанындағы жарамсақ билердің сыртынан ханға шағыстырып келе жатқанын сезген Исатай батыр: — Алдыңда қыран бүркіттей қылаңдап мен келе жатқанда, артыңда қарғылы төбеттей сүмеңдеп төрт биің келе жатқанда, көктен құдай, жерден құмай алар деп қорқып келесің бе? — деген екен.

8-тапсырма. «Өтірік өлең» айтып ел қараттым...

Өтірік өлең

Өтірік өлеңдерді оқып, жатқа айтуға дағдылан. Көп нүктенің орнына қандай сөз қойылатынын тап та, сол сөзге «математикалық талдау» жаса.

Малдың бәрі семірді …
«Ерледім», — деп қуанды шопан-дағы.
Сиыр болып ешкілер мөңіреді,
Түйе болды қой өсіп қотандағы.

9-тапсырма. Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы

Буын

Өлеңді мәнерлеп оқып, жаттап ал. Асты сызылған сөздерді буын түрлеріне талда.

Бір ғылымнан басқаның
Кеселі көп асқанға.
Одан үміт кім қылар,
Жол табар деп сасқанда?
Үйтіп асқан жолығар,
Кешікпей-ақ тосқанға.

(Абай)

10-тапсырма. Табиғат — тылсым дүние

Мәтін

Қай жыл мезгілі суреттеліп тұрғанын айт. Өзіңе ұнайтын жыл мезгілі туралы әңгімеле. Қалаған сөзіңе «математикалық талдау» жаса.

Содан соң дүниені мәңгі жастыққа бөлеген маужыр мезгіл басталады. Маужыр мезгіл Алтай өңірінде бөлекше ғой. Білесіз бе, мұндайда бұл мезгіл әлдеқайда ерте түседі де, созалаңдап жатып алады. Шіркін, сары алтындай шағылысқан табиғаты қандай керемет!

(О. Бөкей)

11-тапсырма. Тарих соқпақтарынан

Даталар

Берілген даталарды есте сақта. Қосымша қандай мәлімет қоса алар едің? Асты сызылған сөздерге «математикалық талдау» жаса.

1690 жыл шамасы

Әз-Тәуке хан Қасым ханның «Қасқа жолын» және Есім ханның «Ескі жолы» заң үлгілерін жаңғыртып, «Жеті жарғы» аталған заң жүйесін енгізді.

1698 жыл

Дүрбің-Ойрат қалмақтары Шу, Талас өзендері бойына басып кіріп, Қазақ ордасын шайқалтып кетті.

1710–1711 жылдар

Қалмақтардың жаңа жорығы басталды.

12-тапсырма. Ойлан, тап!

Жұмбақ

Жұмбақтарды жаттап, шешуін тап. Шешуі болған сөзге фонологиялық талдау жаса.

  1. Ана ауылдың бурасы,
    Мына ауылдың бурасы,
    Желкілдейді шудасы.
  2. Тізіле өскен тісі бар,
    Көп істеген ісі бар.
  3. Ойдың аяқталуын күтпейді,
    Оны қойсаң, сөйлем бітпейді.

13-тапсырма. Ұлылардан ұлағат

Ұлағат

Ұлағатты сөздерді оқып, дәптеріңе көшіріп жазып, жадыңда сақта. Авторын «математикалық талдаудың белгісіздік түрімен» өрнекте.

Мен жастарға: «Алдарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары үнемі биікке шақырады. Оған жету үшін талмай ізденіңдер», — дер едім. Жастарға тоғышарлық пен бойкүйездік дертінен аулақ болып, сергек әрі сезімтал болған жарасады.

(Ғ. Мүсірепов)