Ұстаздардың міндеті оқушымен жақын сырлас, дос болу
Шығыс Қазақстан облысы, Катон-Қарағай ауданы, Аққайнар ауылы. Чернова орта мектебінің тәрбие ісінің меңгерушісі — Ақнұр Әбенева.
Тәрбие — баршамызға ортақ жауапкершілік
Адам баласының қасиетті міндеттерінің бірі — дүниеге ұрпақ әкеліп, ата-ана, ұстаз, қоғам болып бірлесе отырып тәрбиелі, өнегелі, жан-жақты дамыған ұрпақ өсіруге мүмкіндік жасау. «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөз де баланың тәрбиесі бесіктен, тіпті одан да ертерек басталатынын еске салады.
Ерте тәрбие: уақытты өткізіп алмау
Бала тәрбиесі туралы сөз қозғалғанда, кейде алты айлық баласын тәрбиешіге әкелген ата-анаға: «Сіз балаңыздың бір жарым жыл тәрбиесін өткізіп алдыңыз, баланы іштен тәрбиелеу керек» деген еврей халқынан тараған тәмсілді мысал етіп айтып жатады. Мұндағы ой — тәрбиенің кешіктірмей, күнделікті дағдымен бірге қалыптасатыны.
Ата-ананың арманы бар, бірақ еңбек әрдайым жетісе бермейді
Баласының жақсы болғанын армандамайтын ата-ана жоқ. Баласының болашағы үшін отқа да, суға да түсетін жандар бар. Кейде баласының келешегіне алаңдаған ата-ана мекенін ауыстыруға дейін барады. Дегенмен бала тәрбиесі — қиын да күрделі процесс.
Біз баламыздың тәрбиелі, өнегелі болып өсіп, өз қатарында озат болғанын қалаймыз. Бірақ сол мақсатқа сай тәрбиелеу үшін үлкен еңбек пен күш-жігер қажет екенін біле тұра, кейде күнделікті әбігерге салынып, жүйелі тәрбиеге жеткілікті уақыт бөле бермейміз.
Кінәлау емес, үйрету
Кейбір ата-аналар өздері дер кезінде үйретпей тұрып, «Сен маған тартпағансың», «Мынаны олай істемедің», «Ананы былай істемедің», «Ештеңеге икемсізсің» деп баланы кінәлай бастайды. Мұндай сөздер баланың өзіне деген сенімін төмендетіп, әрекетке құлшынысын әлсіретуі мүмкін.
Баланың қылығы қызық, бірақ бағыт маңызды
Баланың әр қылығы қызық. Алайда қызықтаудың өзі талғамды, талдаулы болғаны дұрыс. Кейде кішкентай кезінде баланың әр сөзін немесе біреуді сабағанын «әуес» көріп, оны ересектерге айтып, одан әрі қыздыра түсетіндер бар. Осы арқылы біз байқамай-ақ баланы теріс әрекетке ынталандырып қоюымыз мүмкін.
Үлкенді сыйлау мен құрметтеуді үйретудің орнына, керісінше бағытқа бұрып алсақ, кейін сол баланың өз ата-анасына тілі тимесіне кім кепіл?
Жігерлендіру мәдениеті: кемшілік емес, қажеттілік
Бала кез келген істе өзін ынталандырып, өзгелердің қолдайтынын сезсе, сол іске бейімделіп, дағды қалыптастырады. Тәрбие үдерісіндегі жиі кездесетін кемшілік — баланың жетістігін көре білу, жігерлендіру және ынталандырудың аздығы.
Шынын айту керек: көп жағдайда мадақтаудан гөрі жекіруіміз басым түсіп жатады. Ал талап қояр алдында, ең әуелі өзіміз үлгі көрсете білуіміз қажет.
Үлгі — сөзден күшті
Баланың көзінше қырсық мінез көрсету, өзге адамдарды жамандау — тәрбиеге кері әсер ететін әрекеттер. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар баласының көзінше: «Мына мұғалім сабақ бере алмайды», «Мына мұғалім бағаны таңдап қояды» деп, не болмаса қарт ата-енесін тілдеп, ауыр сөз айтып жатады. Мұндай әңгімелер баланың бойында теріс көзқарастарды қалыптастыруға негіз болады.
Баласының тәрбиесін ойлайтын ата-ана ең алдымен өзін тәрбиелеуі орынды.
Баланы тұлға деп тану
Біз балажан халық болғанымызбен, кейде баланы тұлға ретінде танып, ақыл иесі ретінде қабылдай бермейміз. «Айтқанымды істейтін, айдағаныммен жүретін» тіршілік иесі секілді көріп, өте қатаң талап қоямыз. Сол талаптың үдесінен шыға алмаса, баланы жер қылып, жасытамыз.
Дауыс көтеру — тәрбие әдісі емес
Үлкендер мен ұстаздар үнемі жекіп, дауыс көтеріп сөйлесе, бала жасық болып өсуі ықтимал. Осындай ортада тәрбиеленген балалар көбіне екі түрлі қалыпқа түседі: біреуі — бозөкпе, жасық; екіншісі — айқайламай сөз өтпейтін, дауыс көтеруді нормаға айналдырған мінез иесі.
Алғашқылары үнемі жалтаңдап, өздігінен шешім қабылдай алмайды; кейінгілері болса, үнемі қарсы сөйлеп, жүйкені жұқартып, бетіңнен алып отыратын әдетке бейім болуы мүмкін.
Орта әсері: көрші, қоғам, мектеп
«Ұлың жақсы болсын десең, ұлы жақсымен көрші бол; қызың жақсы болсын десең, қызы жақсымен көрші бол» деген өнегелі сөз қоғамның, ортаның бала тәрбиесіне зор әсер ететінін аңғартады.
Бала мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап тәрбиешінің, ұстаздардың ықпалы күшейеді.
Ұстаздың рөлі: жақындық, сенім және сыйластық
Ұстаздың міндеті — оқушымен жақын сырлас, дос бола білу. Оқушы үшін ата-анадан кейінгі ең жақын адам ұстаз болғанымен, кейде ол ұстаздан жасқаншақтап, ұялатын кездер жиі кездеседі. Мұндай сәтте дұрыс қадам жасап, оқушыны бауырыңызға тарта білу — аса маңызды.
Оқушы іште сақтап жүрген сырын айтып, сізбен бөлісуі мүмкін. Ондайда баланы жекімей, мазақ етпей, мұқият тыңдап, көзқарасыңызды байыппен білдіріп, кеңес айта білу — сенімге жол ашады.
Ұстаздың оқушыға тұлға ретінде қарап, онымен ақылдаса отырып, бірлесе жұмыс істеуі баланы жігерлендіріп, әр қадамын сенімді етеді. Менің ойымша, өзін бағаланған және түсінілген бала тәртіп бұзушылыққа бара бермейді.
Қорытынды: тәрбие — күн тәртібінен түспейтін мәселе
Бала тәрбиесі — кезек күттірмейтін, ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мәселе. Сондықтан өзгермелі қоғамда баламызды, оқушыларымызды өзімізге жат етпей, отбасы, қоғам, ұстаз болып бірлесе отырып Қазақстанның атын шығаратын өнегелі, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелейік.
«Бала ауру, зағип болса — баладан емес, тәрбиешіден; бала тар ойлы, ақымақ болса — бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі; бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса — бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы».