Алтын балық Ойын шарты

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Білім беру саласы

Шығармашылық

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті

Сурет

Тақырыбы

Балықтар

Әдіс-тәсілдері

Көрсету, түсіндіру, сұрақ-жауап, әңгімелеу, жұмбақ, тақпақ, картоп бастырмасымен сурет салу, электронды құралды пайдалану

Мақсаты

  • Сурет салудың дәстүрлі және дәстүрден тыс әдістері арқылы балалардың бейнелеу өнеріне қызығушылығын арттыру.
  • Бояумен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру; қылқаламмен ирек, түзу, ұзын, қысқа, толқынды сызықтар сызуға үйрету.
  • Картоп бастырмасымен жұмыс істеуді меңгерту.
  • Ұқыпты әрі нәтижелі жұмыс істеуге тәрбиелеу.
  • Бейнені қағаз бетіне дұрыс орналастыруын және шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Алдын ала жүргізілген жұмыс

Тақырыбы

Аквариумдағы балықтарды бақылау

Мақсаты

Балықтардың аквариумда қалай жүзетінін, қалай қоректенетінін, түр-түсін және көлемін бақылау.

Мотивациялық-қозғаушылық кезең

Балаларға су асты патшалығына саяхат жасайтынымыз хабарланады: «Бір сәт көзімізді жұмып, су астына түсе бастайық. Су салқын. Түрлі-түсті балықтарды көріп тұрмын».

Су астында кездесетін жәндіктер мен тіршілік иелері аталады: сегізаяқ, ұлу, тасбақа, су жыланы. Теңіз түбінде өсімдіктердің су тербелісімен шайқалып, қозғалып, билеп тұрғандай көрінетіні сипатталады.

Талқылау

«Енді судың бетіне қарай жүзейік». Балалар көзін ашады. Мұғалім су түбінен не көргендері туралы сұрап, әр баланың ойын тыңдайды.

Ұйымдастырушылық кезең

Бүгінгі сурет оқу іс-әрекетінде ненің суретін салатынымызды жұмбақ арқылы табамыз.

Жұмбақ

Жер бетіне бір шықпас, Су түбінде тұншықпас. Сөйлемейді, үндемейді, Пісірсе оны кім жемейді.

Жауабы: Балық

Балалардың қосымша жұмбақтары

  • Қанаты бар, ұшпайды, жұрт айламен ұстайды.

  • Суда өседі, өнеді, сыртқа шықса өледі.

  • Күміспен апталған, теңгемен қапталған.

Бүгінгі тапсырма

Картоп бастырмасы арқылы балықтардың суретін саламыз. Балықтар туралы қысқаша әңгімелесіп, бейнетаспа арқылы олардың құрылысымен танысамыз.

Жұмыс барысы (қадам-қадамымен)

  1. 1) Сулау тәсілімен фон дайындау

    Қағаздың бетін бір шетінен бастап көк түспен бояймыз.

  2. 2) Тереңдікті көрсету

    Қағаздың төменгі бөлігі қоюлау болуы үшін көк бояуды екінші рет жағамыз. (Судың түбі терең әрі қараңғы болады.)

  3. 3) Су өсімдіктерін салу

    Жасыл түсті бояумен шөптерді толқындата сызамыз: ирек, түзу, ұзын, қысқа сызықтарды кезектестіріп қолданамыз.

  4. 4) Картоп бастырмасымен балықтарды түсіру

    Шөптердің арасына алдын ала дайындалған картоптан жасалған балық бейнелерін бастырып шығамыз. Бірнеше балық салуға болады.

  5. 5) Шығармашылық толықтыру

    Қалауы бойынша басқа да су асты жәндіктерін қосып салуға болады. Бұл бөлім баланың шығармашылығына байланысты.

Сергіту сәті

Балық суда жүзеді, Өте таза, жылы су. Бірде жазылады, Бірде жиырылады, Сөйтіп інге тығылады.

Рефлексиялық-түзетушілік кезең

Балалардың жұмыстарынан көрме ұйымдастырылады. Әр бала өз суретін таныстырып, қысқаша әңгімелейді.

Жетекші сұрақтар

  • Қанша балықтың суретін салдың?
  • Балықтардың түр-түсі мен көлемі қандай?
  • Балықтар қай бағытта жүзіп жүр?

Дидактикалық ойын: «Алтын балық»

Ойын шарты

Әр баладан көрмедегі суреттердің қайсысы ұнайтыны сұралады. Қай баланың жұмысы ұнаса, сол балаға «алтын балық» беріледі.

Қорытынды

Ойын соңында ең көп «алтын балық» жинаған баланың үйіне қуанышты хабарлама жіберіледі.

Күтілетін нәтиже

Біледі

Қоршаған ортадағы тіршілік иелерін бейнелеуді.

Игерді

Ұқыпты әрі нәтижелі жұмыс істеуді.

Меңгерді

Сурет салудың дәстүрден тыс әдісін (картоп бастырмасы).