Математика еліне саяхат

Білім беру саласы және тақырып

Білім беру бөлімі
Таным
Бөлім
ҚМҰҚ
Тақырып
«Математика еліне саяхат»

Мақсаттар

  • Балалардың жылдам санау, цифрларды атау және сандарды ретімен қою дағдыларын бекіту.
  • Уақытты бағдарлау білімдерін (таңертең, күндіз, кеш, түн) тереңдету және апта күндерін атай білуге үйрету.
  • Геометриялық пішіндер туралы білімдерін кеңейту, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
  • Заттарды көлемі бойынша салыстыруға жаттықтыру, логикалық ойлауын және танымын дамыту.
  • Ойлау арқылы сөйлеу дағдыларын жетілдіру және математикаға қызығушылығын арттыру.
  • Топпен жұмыс істеуге, өз ойын дәлелдеуге, достыққа және ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер, сөздік жұмыс, қос тілділік

Әдіс-тәсілдер

  • Түсіндіру
  • Көрсету
  • Сұрақ-жауап
  • Дидактикалық және логикалық ойындар

Сөздік жұмыс

Нүкте Сандар Апта күндері

Қос тілділік

Сандар
цифры
Нүкте
точка

Іс-әрекет кезеңдері

I кезең — Мотивациялық-қозғаушылық

Педагог балаларға сабақтың ерекше өтетінін айтып, қонақтармен амандасуға шақырады. Балалардың көңіл-күйін көтеріп, бүгінгі ашық сабаққа белсенді қатысуға ынталандырады.

Амандасу өлеңі

Күннің көзі ашылып, Көкке шуақ шашылсын. Құтты қонақ келіпті, Төрімізге еніпті. Сәлеметсіздер ме, апайлар!

Тақпақ

Мен талапты баламын, Дайын дәптер, қаламым. Есептерді шығарып, «Бестік» баға аламын.

Содан кейін педагог балаларды математика сабағындағы саяхатқа шақырады және бірге санап, қозғалыс арқылы серпін береді.

Қозғалысқа арналған санау

Бір, екі, үш, төрт, бес — Аяқты басамыз тез-тез.

Балалардың әрекеті

  • Қонақтармен амандасады.
  • Шеңберге тұрып, өлең жолдарын бірге айтады.
  • Тақпақты хормен қайталайды.
  • Саяхатқа шығуға келіседі.

II кезең — Ұйымдастырушылық-ізденістік

Кіріспе өлең

Ал тыңдаңдар, тыңдаңдар, Асығыстық қылмаңдар. Асықпайық дегенде, Көп ойланып тұрмаңдар. Алу, қосу, теңдік деп, Ұзын, қысқа жолақша, Жуан менен жіңішке — Көппен бірге аз екен. Балалар да мәз екен: Үшбұрыш пен шаршы көп, Төртбұрыш пен дөңгелек.

Педагог өлең мазмұны бойынша сұрақтар қояды: өлең не туралы, сандар мен пішіндерді қандай ғылым зерттейді? Балалар «Математика» деп жауап береді.

Сюжеттік тәсіл

Балаларды «сиқырлы қарындаш» математика еліне алып барады: көзді жұмып, бірге санап (1, 2, 3) саяхат басталады.

Миға шабуыл: жылдам сұрақтар

  • Бір жылда неше мезгіл бар?
  • Бір жылда неше ай бар?
  • Қазір жылдың қай мезгілі?
  • Қазір қай ай?
  • Бір аптада неше күн бар?
  • Апта күндерін ата.
  • Бүгін аптаның нешінші күні?
  • Балабақшаға аптасына неше күн келеміз?
  • Қай күндері балабақшаға келеміз, қай күндері демаламыз?

Сандардың тапсырмалары (1–10)

1-тапсырма: Сан санау

Поезд ішіндегі жануарларды санау: 1-ші, 2-ші, алдыңда/артында, үлкен-кіші, биік-аласа ұғымдарын қолдану.

2-тапсырма: Шатасқан сандар

  • 1-ден 10-ға дейінгі сандарды дұрыс ретімен орналастыру.
  • Тура және кері санау: 1→10, 10→1.
  • 3-тен бастап санау.
  • 6-дан кейінгі сандарды жалғастырып санау.

3-тапсырма: «Көрші санды ата» ойыны

4, 6, 9 сандарының көршілерін табу (алдыңғы және кейінгі сан).

4-тапсырма: «Қай сан жоқ?»

Нүктелердің орнына жетіспейтін санды қойып, қатарды толықтыру.

Сергіту сәті

Ал, балалар, тұрайық, Алақанды ұрайық. Оңға бір бұрылып, Солға бір бұрылып, Алақанды соғайық. Алға қарай бір адым, Артқа қарай бір адым. Жоғары-төмен қарайық, Орнымызды табайық.

Көру, санау және логика

5-тапсырма: Заттарды санмен белгіле

Суреттегі заттарды санап, сәйкес цифрды көрсету (слайд арқылы 5–6 сурет).

6-тапсырма: «Ойна да ойла»

Логикалық сұрақтар арқылы тез ойлау және дұрыс жауап беруге машықтану:

  1. Қонжық екеу болса, табаны нешеу?
  2. Үш қоянда неше құлақ бар?
  3. Алада емен ағашы өсіп тұр. Еменде неше алма өседі?
  4. Жарысқа қоян, түлкі, балық қатысты. Балық нешінші болып келеді?
  5. Шеңбердің бұрышы бар ма?
  6. Иттің құйрығы нешеу?
  7. Ай көп пе, жұлдыз көп пе?
  8. Гүлдің неше сабағы бар?
  9. Не ауыр: піл ме, қоян ба?
  10. Жағаға дейін қаз тез жүзе ме, әлде әтеш пе?
  11. Жол кең болса, тротуар қандай?
  12. Аю үлкен, ал тиін қандай?
  13. Алма тәтті, ал лимон қандай?
  14. Адамда неше бас бар?
  15. Үшбұрыштың неше бұрышы бар?

Геометрия және құрастыру

7-тапсырма: Пішіндерді атау және санағыш таяқшамен жұмыс

Суреттен геометриялық пішіндерді анықтау: үшбұрыш, шаршы, тіктөртбұрыш, дөңгелек, сопақша.

  • Үш бұрышы, үш қабырғасы бар — үшбұрыш.
  • Төрт бұрышы бар, төрт қабырғасы бірдей — шаршы.
  • Төрт бұрышы бар, екі қабырғасы ұзын, екі қабырғасы қысқа — тіктөртбұрыш.

Құрастыру тапсырмалары

  • Таяқшалардан геометриялық пішіндер құрастыру.
  • 5 таяқшадан бірдей екі үшбұрыш құрастыру.

Уақыт және кеңістік

8-тапсырма: Уақытты бағдарлау (жұмбақтар)

Ұйқымыздан тұрамыз, беті-қолды жуамыз. Анамызға ереміз, бақшамызға келеміз. Бұл қай кезде?

Біз тәртіпті боламыз, сабақты да оқимыз, серуенге шығамыз. Қай кезде?

Күн батады қызарып, мамамызды күтеміз. Бұл қай кезде?

Үйлерде шам жанады, дем алады бар әлем. Әжем әлдилеп ән айтады. Бұл қай кезде?

Қорытынды сұрақ: Бір тәулік неше бөлікке бөлінеді? (Таңертең, күндіз, кеш, түн — төртеу.)

9-тапсырма: Кеңістікті бағдарлау

Ақ қағазда пішіндерді берілген бағыттар бойынша орналастыру:

  • Жоғарғы оң жаққа — үшбұрыш
  • Төменгі сол жаққа — төртбұрыш
  • Жоғарғы сол жаққа — дөңгелек
  • Төменгі оң жаққа — шаршы
  • Ортасына — сопақша

Даналық пен қорытынды

10-тапсырма: Математикалық мақал-мәтелдер

  • Бір досың болғанша, жүз досың болсын.
  • Бір тал кессең, он тал ек.
  • Сегіз қырлы, бір сырлы.
  • Бес саусақ бірдей емес.

Саяхат аяқталады: балалар «сиқырлы қарындаштың» көмегімен қайтадан топқа оралып, белсенді қатысқаны үшін жұлдызшалармен марапатталады.

III кезең — Рефлексиялық-түзетушілік

Сабақ соңында педагог сұрақ-жауап арқылы оқу іс-әрекетін қорытындылайды:

  • Саяхатқа қайда бардық?
  • Қандай тапсырмалар орындадық?
  • Қай тапсырма қиын болды?
  • Сабақта не ұнады?