Төрт ана
Ана тілі — ұлттың жаны, ұрпақтың рухани өзегі. «Тілім менің — тірлігімнің тірегі» тақырыбындағы бұл мерекелік іс-шараның мақсаты — жас ұрпақты ана тілінің қадір-қасиетін терең түсінуге шақыру, туған тілді сүюге және оны ардақтауға тәрбиелеу.
Іс-шараның құрылымы
Көрнекілік
Қабырға газеті, ақын-жазушылардың портреттері.
Әдісі
Мерекелік іс-шара, өлең оқу, ән орындау, нақыл сөздермен жұмыс.
Басталуы
Мемлекеттік Гимн орындалады.
Қатысушылар
Ұстаздар, оқушылар, жүргізуші, өлең оқитын оқушылар.
Неге ана тілі маңызды?
Бүгінде ана тілін білу мен үйренудің қажеттілігі жайлы ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 1989 жылдың 22 қыркүйегінде Қазақ КСР-нің «Тілдер туралы» заңы қабылданып, қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Ал 1997 жылдың 11 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы қабылданып, онда қазақ тілі мемлекеттік тіл екені нақты көрсетілді.
Бауыржан Момышұлы: «Тілін білмеген — түбін білмейді.»
Шынында да, тілін білмеген адам өз халқының тарихын, дәстүрін, мәдениетін өз тілінде сезініп, терең бойлай алмаса — бұл үлкен қасірет. Сондықтан әр адам ана тілін көзінің қарашығындай сақтауға, білуге тиіс. Болашағымызды баянды ететін қуатты қаруымыз — тіліміз.
Жүргізушінің ашылу сөзі
Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар!
Бүгінгі «Тілім менің — тірлігімнің тірегі» атты мерекелік іс-шараны ашық деп жариялаймын!
Тілім менің — тірлігім,
Тіл жайында толғанбайтын кім бүгін?
Тіл жайында үгіттейді кімді-кім?
Тілім менің, тілім менің — тірлігім!
Ұлылар сөзі — ұрпаққа өнеге
Тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз ешқашан бейқам болған емес. Бүгін де ана тілінің тағдырына алаңдайтын азаматтар аз емес. Ендеше, ұлылардан қалған ұлы сөздерге құлақ асайық.
«Ана тілін білмейтін адам бір қолы жоқ шолақ адам секілді.»
«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді.»
«Әрбір саналы, мәдениетті азаматқа ана тілі мен сол ана тіліндегі әдебиеттің қадірін білмеу — мәдениетсіздік.»
«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту — бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.»
Ән
«Анамның тілі»
Өлең мен ой: тілдің тірегі
Тілім менің — тірегім, дінім менің,
Тілсіз қандай болады күнім менің.
Өз халқыма жетеді өз мәнінде,
Өз тілімде оқылса жырым менің.
Мұхтар Шаханов — «Төрт ана» (үзінді)
Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала.
Әр адамда өз анасынан басқа
Жебеп жүрер, демеп жүрер арқада
Болу керек құдіретті төрт ана:
Туған жері — түп қазығы, айбыны,
Туған тілі — сатылмайтын байлығы,
Туған дәстүр, салт-санасы — тірегі
Және туған тарихы, еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасиетті болса да.
Төрт анаға әнін жолдай алмаған
Пенделердің басы қайда қалмаған?
Төрт анасын қорғамаған халықтың
Ешқашан да бақ жұлдызы жанбаған.
Ән
«Қазағым»
Тіл — құрал, тіл — аманат
Тіл — қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттың болмысын сақтайтын рухани қалқан. Әрбір ұлттың өз тілі бар, ал сол тілді қорғау — әр азаматтың міндеті. Ұлттық тілді құрметтеу арқылы біз өзімізді құрметтейміз.
Ана тілім — тірлігімнің тірегі,
Тілмен ғана кірер адам реңі.
Тілсіз қоғам — өлі мынау дүние,
Түсініксіз тылсымменен бір еді.
Ана тілім — әрекетім азығы,
Бар ғаламды танушылық қазығы,
Ой-сананың өсуінің куәсі,
Ғасырлардан кейінгіге өз үні.
Қазақ тілім — өз тілім, ана тілім, Абай мен Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені —
Болашағым, бақытым, дара тілім.
Ән
Абайдың әні: «Сегізаяқ»
Қорытынды
Тіл — ата-баба аманаты. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұлы мұралардың ең қасиеттісі — әр ұлттың тілі. Ендеше, сол мұраны жалғастыру, оның мәртебесін көтеру — баршамыздың парызымыз.
О, адамдар, қадіріне жетіңдер!
Ана тілің — анаң, сыйлап өтіңдер!
Туған тілін танымаған көрсоқыр
Болып өтер, ертең мәңгі өкінер.
Ән
«Ана тілін сүйеміз»