Желтоқсан оқиғасының құрбандарына, желтоқсан оқиғасына байланысты жасалған слайд

Желтоқсан желі

Мақсаты

Оқушылардың бойында елжандылық сезімін қалыптастырып, туған ел мен жерге деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу; ана тілі мен тарихқа құрметпен қарауға баулу.

Көрнекілігі

Желтоқсан оқиғасына қатысты слайдтар, оқиға құрбандарына арналған материалдар.

Өту барысы

Мәтін, өлең-жыр, естелік, талқылау, рәміздер туралы бөлім және бейнебаян.

Әнұранға құрмет

«Әнұраным — жан ұраным» — айтар әнім, сөйлер сөзім. Туған жерім — сағынарым. Мәңгі бақи шырқалады Республикамның гимні.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы: тарихи шындық

1986 жылғы 17 желтоқсанда бұрынғы астанамыз — Алматы қаласында мыңдаған қазақ жастары бейбіт түрде наразылық білдіріп, алаңға шықты. Олар «Тәуелсіздік керек!», «Қазақ елінің өз көсемі сайлансын!» деген талаптарын айтты.

Алайда сол кездегі билік күш қолданып, көптеген жастарды қамауға алды. Қақаған аязда зәбір көрсетілді. Тәуелсіздік талап еткен жастарға «бұзақы», «ұлтшыл», «нашақор» деген жалған айыптар тағылды.

Бейбіт мақсат

Жастар алаңға «жаман оймен» барған жоқ. Олар тәуелсіздікке бейбіт жолмен жетуді көздеді. Желтоқсан көтерілісі қазақ халқының бостандыққа ұмтылған рухын айқындап, дүниені дүр сілкіндірді.

Ерлік есімі — ел есінде

Бұл көтерілісте тарихта аты қалған ерлер мен ержүрек қыздар болды: Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхаметжанова, Ербол Сыпатаев.

Жыр жолдары

Желтоқсан — заман толғағы байтақ даланың,
Шарпысқан сәтті үміт пен күдік наланың.
Қайрат, Ләззат пен Сәбира —
Құрбаны болған жаланың.

«Нашақор», «ұлтшыл» деп қазаққа күйе жаққан күн,
Базары кетіп бір күнде, қайғыға халық батқан күн.

Сәбира Мұхаметжанова: намыс пен қайсарлық

Сәбираның оқу орнында ата-анасын шақырып, үлкен жиналыс өткізеді. Ұзақ кінәлап, жала жауып, «қызыңыз тентек» деген ауыр сөздер айтылады. Бұл сөздер жүрегіне аяздай батады.

Ол күтпеген жерден: «Бәріне кінәлі мен, жазалаңдар мені. Оларды оқудан қумаңдар! Шеруді де мен ұйымдастырдым. Бәріне мен жауап беремін» — деп кесіп айтады. Жиналғандар үнсіз қалады.

Сәбира жиналыстан жүгіріп шығып, жатақхананың бесінші қабатынан секіріп кетеді. Оның өмірі ерте үзілді. Алайда оның өткір сөзі өзімен бірге оқыған қазақ қыздарының қудаланбауына, оқудан шығарылмауына себеп болды.

Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егемен ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, жас өркені халқымның!

Ләззат Асанова: тағдырға таңылған жала

Алматы музыка училищесінің студенті Ләззат Асановаға «өзін-өзі өлтірді» деген жалған айып тағылды. Кейін тексеру барысында Ләззаттың алаңда болғаны анықталады. Оның есімі — Желтоқсанның қасіретті шежіресі, еркіндікке ұмтылған ұрпақтың айғағы.

Қаймықпады ызғарынан, бұлтынан,
Қалтыратты империя іргесін.
Халықтардың бостандыққа ұмтылған,
Бастап берді бір көшін.

Қайрат Рысқұлбеков: рухтың үні

Желтоқсан оқиғасы Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхаметжанова, Ләззат Асанова сынды батырларымыздың бар екенін дәлелдеді.

Сол себепті Желтоқсан құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алу — азаматтық парыз.

Қайраттың сөзі

Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты құрбандық,
Атам десең, атыңдар!

Желтоқсан — тәуелсіздікке бастар жол

Өлең: «Желтоқсан»

Желтоқсанның желі, аязы, ызғары,
Қанды мұзда талай қазақ сыздады.
Ұлт қамы үшін шыққан сол күн алаңға,
Азап шекті қайсар қазақ қыздары.

Талай қазақ қыздарын да тоңдыра,
Талай қазақ гүлдерін де солдыра,
Ел билеуге алып келді Колбинді,
Қазақ ұлы Қонаевтың орнына.

Егемендік — бұл елімнің елдігі,
Егемендік — барлық ұлттың теңдігі.
Егемендік — елін, жерін қорғаған,
Ербол менен Қайраттардың ерлігі.

Желтоқсаным — тәуелсіздік тірегі,
Желтоқсанды қадір тұтып тұр елі.
Есте сақтап ағалардың ерлігін,
Жүректерге сақтау керек үнемі.

Серпіп бұлтты басқан елдің бар мысын,
Туды күнім — әділетті, арлы шың.
Алыс жолдан зарықтырып, шаршатып,
Келдің бе сен, Азаттығым — армысың!

Бұл оқиғадан кейін арада бес жыл өткенде, 1991 жылдың 16 желтоқсанында қазақ елі шынайы тәуелсіздік алды. Бүгінде Қазақстан — тәуелсіз мемлекет: өз Туы, Елтаңбасы, Әнұраны бар егемен ел.

Мемлекеттік рәміздер: елдіктің айғағы

1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері қабылданды: Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Әнұран. Бұл қағида Ата заңның 9-бабында көрсетілген. Сонымен қатар 34-баптың 2-тармағында: «Әркім Республиканың мемлекеттік нышандарын құрметтеуге міндетті» — деп жазылған.

Рәмізіміз — елдігімнің белгісі,
Білу керек оны бала ең кішісі.
Рәміздерім: әнұран, ту, елтаңба —
Рәміздерді жатқа білген жөн кісі.

Мемлекеттік Ту

Туымыздың түсі — көгілдір. Ол Қазақстан халқының бірлік пен ынтымақ жолына адалдығын білдіреді. Нұрға малынған алтын күн — тыныштық пен берекенің, ал қанатын жайған қыран — еркіндік пен айбындылықтың белгісі. Сол жақтағы тік жолақ ұлттық ою-өрнекпен нақышталған.

Автор: Шәкен Ниязбеков

1938 жылы 12 қарашада Тараз қаласында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі.

Мемлекеттік Елтаңба

Елтаңбаның негізі — шаңырақ. Ол мемлекеттің түп қазығы болған отбасы бірлігін бейнелейді. Қанатты тұлпарлар — еркіндік пен өр рухтың белгісі; уақыт пен кеңістікті біріктіретін, мәңгі өмір идеясына меңзейді. Бесбұрышты жұлдыз — «жолыңыз ашық болсын» деген игі тілекті айқындайды.

Авторлар: Жандарбек Мәлібеков, Шот-Аман Уәлиханов

Ж. Мәлібеков — сәулетші, 1942 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында туған. Ш.-А. Уәлиханов — Қазақстанға еңбегі сіңген сәулетші, қоғам қайраткері, 1932 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында туған.

Мемлекеттік Әнұран

Әнұран мәтінінде ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен бабалардың ерлігі көрініс табады. Сонымен бірге туған жердің кеңдігі мен елдің байлығы дәріптеледі. Әнұран салтанатты жиындарда, мәжілістерде, ғимараттар мен ескерткіштер ашылғанда орындалады.

Авторлар: Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжмединов, Н. Ә. Назарбаев

Тәуелсіздік — биігі бұл санамның,
Тәуелсіздік — таза ауасы даламның,
Тәуелсіздік — бұл арманы бабамның,
Тәуелсіздік — бақ-дәулеті баламның!

Бірлік пен бейбітшілік — баянды тәуелсіздік кепілі

Ынтымақты елге ырыс енші. Аталардан қалған аңыз да соны меңзейді. Сондықтан бостандығымыз баянды болуы үшін Қазақстанды бірге мекендеген сан түрлі ұлт өкілдерімен арамызға сызат түсірмеу — ортақ міндет.

Қазыбек би бабамыздың сөзімен айтқанда: «Біз мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз». Бір сөзбен айтқанда, қалайтынымыз — бейбітшілік, тыныштық, бостандық және еліміздің босағасын нығайту.

Тәуелсіздік бізге жарқын болашаққа жол ашты. Біз сол жолмен алға баса береміз.

Қорытынды

«Желтоқсан желі» — ұрпақ жадында сақталуға тиіс тағылымды тарих. Тәуелсіздік таңы атқан бүгінгі күннің қадірін білу — әр азаматтың парызы.

Бағдарламада: «Желтоқсан желі» атты бейнебаян көрсетілімі.