Барлық ана, барлық бала

Мазмұнды сюжеттік ойын: «Дәрігер»

Бұл мазмұнды сюжеттік ойын балалардың қоршаған орта туралы түсінігін кеңейтіп, ойын арқылы тәрбиелеуге бағытталған. Ойын барысында балалар ақ халатты абзал жандардың еңбегін құрметтеуді, дәрігердің сезімталдығы, кішіпейілділігі мен қамқорлығы сияқты жақсы қасиеттерді түсініп, соған ұмтылуды үйренеді.

Мақсаты

  • Баланың сөздік қорын молайту.
  • Бір-біріне жағымды қарым-қатынас қалыптастыру.
  • Ой-қиялын дамыту, рольдік әрекетті күшейту.
  • Дәрігер еңбегіне сүйіспеншілік пен құрметті арттыру.

Құндылықтар

  • Қамқорлық пен жанашырлық.
  • Әдептілік және кішіпейілділік.
  • Денсаулыққа жауапкершілікпен қарау.
  • Бірлесіп әрекет ету, өзара көмек.

Құрал-жабдықтар

  • Ақ халат, медициналық ойыншықтар, құралдар жиынтығы.
  • Қуыршақ, дәріхана макеті.
  • Слайд көрсетуге арналған материалдар.

Кіріспе: амандасу және «Шаттық шеңбер»

Тәрбиеші

Балалар, бізге бүгін көп қонақтар келіпті. Қане, амандасайық.

Балалар

Сәлеметсіздер ме?

«Шаттық шеңбер»

Аспанымыз ашық болсын,

Еліміз тыныш болсын.

Деніміз сау болсын,

Достарымыз аман болсын!

Әңгіме: мазмұнды ойындарды еске түсіру

Тәрбиеші

Балалар, сендер қандай мазмұнды сюжеттік ойындарды білесіңдер? (Слайд арқылы еске түсіріп, жауаптарын тыңдайды.)

Тәрбиеші

Дұрыс айтасыңдар. Ендеше, бүгін қандай ойын ойнағыларың келеді?

Балалар

«Дәрігер» ойынын ойнағымыз келеді.

Денсаулық туралы қысқа түсіндіру

Сұрақ-жауап

Тәрбиеші: Балалар, біз ауырсақ қайда барамыз?

Балалар: Дәрігерге.

Тәрбиеші: Дәрігер қайда жұмыс істейді?

Балалар: Ауруханада, емханада.

Негізгі ой

Ауырмау үшін тағамды уақытында ішіп-жеп, дәруменге бай көкөністер мен жемістерді көбірек тұтыну керек. Ал дәрігерге қаралуға барғанда қорықпай, ауырған жерімізді дер кезінде емдеткен дұрыс.

Тақпақтар: дәрігер туралы балалардың ойы

Яна

Іш ауырса, тіс ауырса,

Мама дәрі береді.

Барлық ана, барлық бала

Оны жақсы көреді.

Гауһар

Әжеме тіс саламын,

Көзіне әйнек тағамын.

Сондықтан да өскенде

Мен дәрігер боламын.

Айару

Ақ халатты киемін,

Аппақ болып жүремін.

Аппақ болып жүргенді

Өзім жақсы көремін.

Рөлдік ойын: «Аурухана»

Балалар рөлдерге бөлініп, емханадағы жағдайды сахналайды: дәрігер, медбике, ана және дәріханашы. Бұл бөлімде сыпайы сөйлесу, нақты сұрақ қою, тыңдау және көмектесу дағдылары бекітіледі.

Қатысушылар

  • Бас дәрігер: Яна
  • Медбике: Айару
  • Дәріханашы: Райана
  • Ана: Арай

Ескерту

Ойын тәрбиелік мақсатта ұйымдастырылады. Дәрі-дәрмекті қолдану тек ересектердің бақылауымен және дәрігер кеңесімен жүзеге асатыны балаларға түсіндіріледі.

Диалог үлгісі: қабылдау және дәріхана

Емханадағы қабылдау

Ана: Сәлеметсіз бе, дәрігер?

Дәрігер: Сәлеметсіз бе?

Ана: Менің балам түні бойы мазасызданып шықты. Қарап жіберіңізші.

Дәрігер: Қашаннан бері ауырады?

Ана: Кешеден бері.

Дәрігер: Ендеше қызуын өлшейін. Қызуы жоқ. Енді аузыңды аш — тамағыңды қарайын.

Дәрігер: Тамақ қызармаған. Енді өкпесін тыңдайын.

Дәрігер: Салқын тиген сияқты, өкпесінде аздап сырыл бар. Ем қабылдау керек.

Дәрігер: Мына дәріні дәріханадан алып, балаңызға беріңіз.

Ана: Рахмет, дәрігер. Сау болыңыз.

Дәріханадағы әңгіме

Ана: Сәлеметсіз бе?

Дәріханашы: Сәлеметсіз бе?

Ана: Маған мына дәріні беріңізші.

Дәріханашы: Рецептіңіз бар ма? Бұл дәріні күніне екі рет беріңіз.

Ана: Рахмет. Сау болыңыз.

Дәріханашы: Сау болыңыз.

Тосын сый: қуыршақ Айшаның өтініші

Оқиға

Осы кезде есік қағылып, ішке қуыршақ Айша кіреді. Қолында дәрігердің сөмкесі бар. Ол балалардан дәрігер сөмкесіндегі заттарды ажыратуға көмектесуді өтінеді.

Дидактикалық ойын: «Не артық?»

Шарты: балалар дәрігер құралдарының ішінен артық затты тауып, алып тастауы керек. Айша балаларға алғысын айтып, қоштасады.

Қорытынды тілек

Қонақтармен қоштасып, «Сау болыңыздар!» дейміз. Әрқашан ауырмай, деніміз сау болсын!

Автор туралы мәлімет

Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын №33 «Көркемай» балабақшасы.

Екінші сәбилер тобының тәрбиешісі: Махымғалиева Анария Төрешқызы.