Замандастар портреттері

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясы

Бейнелеу пәнінің мұғалімі: Шаймерден Азатхан Серікұлы

Ш. Уәлиханов және сурет өнері

Қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, этнолог, географ, фольклортанушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835–1865) — тек зерттеуші ғана емес, сонымен бірге дарынды суретші. Оның бай мұрасының елеулі бөлігі бейнелеу өнері саласындағы еңбектерден тұрады.

Негізгі жанрлары

  • Портрет
  • Пейзаж
  • Халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін бейнелеу

Қолданған тәсілдері

Еңбектерін көбіне суретпен толықтырып отырған. Акварель мен майлы бояуды жиі қолданған, кейде тушь, қалам, сиямен жұмыс істеген. Арнайы оқу көрмесе де, суреттерінен кәсіби шеберлерге тән өзіндік қолтаңба айқын байқалады.

Мұра көлемі және жариялануы

Бүгінде Шоқаннан бізге 150-ге жуық сурет мұра болып жеткен. Оның бірқатар туындылары ХІХ ғасырдың 60-жылдары «Всемирная иллюстрация», «Искра», «Русский художественный лист» сияқты беделді басылымдарда жарияланған.

Шоқан күнделіктері мен қолжазбаларын да суретпен көркемдеп, көрнекі кескіндемелермен толықтырған. Сонымен бірге тастағы жазулар мен көне бейнелерді қағазға дәл түсіріп, кейінгі ұрпақтың сол деректерді оқуына және зерттеуіне мүмкіндік жасаған.

Табиғи дарын және кәсіби деңгей

Бейнелеу өнері тарихында он-он бес, тіпті жиырма шақты еңбегімен-ақ әлемге танылған суретшілер бар. Ал Шоқан Уәлиханов 150 туынды қалдырды. Демек, оның суретшілігі — кәсіби көзбен талдап, талғаммен бағалап, мәдени-танымдық айналымға енгізуге лайық мұра.

Қалыптасуына әсер еткен орта

Қазақ халқының тұңғыш суретшісі саналатын Шоқан бала кезінен сурет салуға құмар болған. Кадет корпусында оқи жүріп, сурет пен сызу пәндерінен жүйелі білім алып, қабілетін шыңдай түсті. Оның өнерге бейімділігінің қалыптасуына әжесі Айғаным мен әкесі Шыңғыстың тәлім-тәрбиесі айрықша ықпал етті.

Зерттеушілік дәлдік: табиғат пен этнография

Шоқан қоршаған ортаны бейнелеуде зерттеушілік әдіске бейім болды: тас мүсіндерді, таңбалы тастардағы бейнелерді қағазға түсіріп, жүйелі зерттеуді мақсат етті. Оның суреттерінен қазақ мәдениетін тануға мүмкіндік беретін қару-жарақ, садақ, қорамсақ, кісе, селебе, желауыз, қамшы сияқты ұлттық заттардың нобайларын көреміз.

Ғалым ұлттық киімдер мен киіз үйдің құрылымын да жақсы білген. Он екі жасында салған «Жатақ» атты суреттемесінде киіз үй мен түйеші баланы нанымды бейнелейді. Бұл тырнақалды туынды болғанымен, бояу үйлесімі мен жалпы ырғақ-табиғилығы жарасым тапқан.

Есте сақтау және нобай мәдениеті

Шоқанның бір ерекшелігі — көргенін дәл есте сақтап, ойша сурет салуға дағдылануы. Мысалы, «Рауғаш және киіктің лағы» нобайында өсімдіктің құрылымы мен киіктің сымбатты тұлғасы дәлдікпен берілген.

Портрет жанры: ішкі болмысты ашу

Шоқан портретте адамның сыртқы келбетін ғана емес, ішкі жан дүниесін, мінез-құлық ерекшелігін де айқын аңғартады. Оның «Автопортреті» кәсіби деңгейде орындалған шығарма ретінде бағалануға лайық. Жалпы, графикалық мұрасының ішінде портрет жанры жетекші орын алады.

«Бұғы руының бас манабы Боранбай» портретінде кеудеден жоғары келбетке басымдық беріп, қиғаш қас, қысық көз, қыр мұрын, шоқша сақал, сирек мұрт секілді белгілерді нанымды сипаттайды. Күңгірт түстерді үйлесімді пайдалану арқылы тұлғаның кескінін айқындай түседі.

Сондай-ақ Тезек сұлтанның, Сарыбағыш руының манабы Сартайдың, Ұлы жүз сұлтаны Мамырхан Рүстемовтің портреттері ұлттық мазмұнда көркем шешім тапқан. Шоқан адамның іс-әрекет үстіндегі қалпын да қас-қағым сәтте дәл қағазға түсіре алған.

Тақырып кеңдігі: табиғат, тұрмыс, аспан әлемі

Портрет — мұрасының шыңы болғанымен, Шоқан табиғат көріністерін, халықтардың тұрмыс-тіршілігін, салтын бейнелеуде де еркін еңбек еткен. «Аспан әлемі» этюдінде қазақтың көне күнтізбелік танымын тәптіштей сызып, Құс жолы, Арқар жұлдыз, Сүмбіле, Таразы, Жетіқарақшы, Темірқазық сияқты нысандардың орнын көрсетеді.

Ол көне архитектуралық ескерткіштерді, табиғат сұлулығын, «Киіз үй алдындағы қазақтар», «Кітап ұстаған қазақ» сияқты тұрмыстық көріністерді де бейнелеген. Портреттік жұмыстарында кейде ұтымды детальдар арқылы (мысалы, қара қауырсын, қандауыр пышақ сияқты белгілермен) адамның психологиялық қалпын тереңдете түседі.

Сәулет ескерткіштері және тарихи дерек құндылығы

Шоқан мұрасында сәулет құрылыстары бейнеленген суреттемелер мол. Бұл еңбектер тарихи деректемелерді нақтылайтын айғақ ретінде де құнды. Мәселен, «Семейдегі тас мешіт» және «Түп өзеніндегі қырғыз бейіттері» сияқты жұмыстар қазақ-қырғыз өлкесіндегі сәулет өнері үлгілерін дүниежүзілік сәулет дәстүрімен сабақтастыра зерттеуге мүмкіндік береді.

1856 жылы қарындашпен салған «Іле Алатауындағы бекет» суретінде кеңістік пен ауа райының құбылысын бейнелеу заңдылықтарын ұтымды қолданғаны байқалады.

Саяхат әсері: Құлжа мен Қашқария

Шоқанның суреттері мен графикалық еңбектерінде сюжеттік сипат та бар. 1858 жылы Қашқарияға сапарында жергілікті Қытай халықтарының мәдениетімен терең танысып, қала сыртындағы бақтар мен жазғы мекен-жайлардың көркемдігін, үйлер терезесінің ою-өрнектелуін, шатыр ернеулерінің жұлдызша бейнелермен ерекшеленетінін сипаттайды.

«Шығыс Түркістан ұйғырларының киімдері», «Түркістан әйелдерінің киімдері» атты туындылары — осы әсерлердің көркем нәтижесі.

Шоқан мұрасының мәні

Шоқан өз халқының өнерін әлемдік мәдениетпен байланыстыра зерттей отырып, ұлттық бояуды сақтауды мақсат тұтты. Оның бейнелеу өнеріне қосқан үлесі — ұлттық мұражайымыздың асыл қазынасы. Қысқа ғұмырында ол сурет, сәулет, мүсін және қолөнерге айрықша мән берген өнер зерттеушісі ретінде көрінді.

Ә. Марғұлан жіктеген 7 топ

Тарихшы Әлкей Марғұлан Шоқанның сурет жазбаларын мынадай жеті топқа бөледі:

  1. 1.Жас кезінде салған суреттері.
  2. 2.Қазақстан мен Қырғызстандағы мәдени және археологиялық ескерткіштердің суреттері.
  3. 3.Қазақ, қырғыз, ұйғыр халықтарының тұрмысы мен салтына қатысты суреттер.
  4. 4.Ыстықкөл экспедициясына қатысты суреттер.
  5. 5.Құлжа сапарынан туған суреттер.
  6. 6.Қашқар экспедициясына қатысты суреттер.
  7. 7.Замандастар портреттері.

Қорытынды ой

Түйіндей айтқанда, Шоқан Уәлиханов өзге еңбектері болмаса да, бізге жеткен суреттерінің өзімен-ақ рухани тарихымыздың төрінен орын алар еді. Оның бейнелеу өнеріндегі мұрасы этнографты, тарихшыны, сәулетшіні, суретшіні, топограф пен географты, ботаникті, музыкантты, әдебиетші мен өлкетанушыны қызықтырады. Соның ішінде Шоқанның суретшілік еңбегі әлі де терең зерттеуді қажет етеді.

Ұлттық бейнелеу өнерінде, ең алдымен, қазақтың тұңғыш суретшісі Шоқан Уәлиханов мұрасынан тағылым алып, оның туындылары толық зерделеніп, суретшілік мұрасының шынайы қуаты айқындалып, өз орнын тапса деген тілек бар.