Бүгінгі жаңа тақырыбымыз Мамытбек Қалдыбаевтың Еліктің лағы
Сабақтың тақырыбы
Мамытбек Қалдыбаевтың «Еліктің лағы» шығармасы бойынша мәтінді талдау сабағы.
Білімділік мақсат
Аңшылық кәсібі туралы мәлімет беру, елік туралы қысқаша таныстыру.
Дамытушылық мақсат
Көркем мәтінмен сауатты жұмыс істеуге үйрету, ойды еркін әрі жүйелі жеткізуге дағдыландыру.
Тәрбиелік мақсат
Қайырымды болуға ұмтылдыру, аңшылыққа қатысты қазақ халқының салт-дәстүрін таныту.
Көрнекіліктер
- Аңшылық түрлері туралы плакат
- Еліктің суреті
Қолданылатын әдіс-тәсілдер
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындық
- Сұрақ: Қазір жылдың қай мезгілі?
- Сұрақ: Көктем айларын кім атайды?
- Шуақты көктем келгенде табиғат оянады: құстар жылы жақтан ұшып келіп ұя салады, аңдар төлдейді.
- Сұрақ: Балалар, мынау қандай аң? Елік
Тақырыпқа кіріспе
Бүгінгі жаңа тақырыбымыз — Мамытбек Қалдыбаевтың «Еліктің лағы». Оқушылар сабақтың мақсаттарын өздері тұжырымдайды.
Қызығушылықты ояту: ассоциация
Тірек сөз
Құралай
Елік лағының атауы ретінде қолданылады.
Негізгі белгілер
- Әдетте 1–2, кейде 3 лақтайды
- Текесінің мүйізі болады
- Лақтарының теңбілі (дақты) келеді
Қоректенуі
Лақтары 6–8 ай енесінің сүтімен қоректенеді.
II. Мағынаны ажырату: мәтінмен жұмыс
Автор туралы
Мұғалім автор туралы қысқаша мәлімет береді.
Жиксо стратегиясы (№1 бөлім)
- Әр топ өз бөлігін оқиды
- Негізгі ойды анықтайды
- Бөлімге ат қояды
- Мазмұнын бір-біріне әңгімелейді
- Үйде өз бөлімін түсіндіріп келеді
Әр топтан спикерлер қорғайды.
Сергіту сәті
Дала гүлге оранады,
Түрлі түске боянады.
Нұрлы көктем келген кезде,
Табиғат та оянады.
Пікір айтуға жетелеу
Сұрақ: Аңшы қандай адам?
- Ұқыпты
- Ашуын ақылға жеңдіреді
- Жас лағы болғандықтан елікті атпайды
- Қайырымды, мейірімді
Негізгі түйін
Мәтіннің өзегі — табиғатқа жанашырлық, мейірім мен жауапкершілік. Аңшылық мәдениеті де адамгершілік өлшемімен бағаланады.
Энциклопедиялық мәлімет: аңшылық түрлері
Аңшылар қолданған құралы мен тәсіліне қарай аңшылық 4 түрге жіктеледі:
1) Саятшы
Қан сонарда шығады. Қыран бүркіт, ұшқыр тазы, түзу мылтық пайдаланады.
2) Мерген
Садақпен немесе мылтықпен аң атады.
3) Қақпаншы
Аңды қақпанмен аулайды. Аңның ініне, жүретін жолына қақпан құрады.
4) Моршы
Түлкі, күзен сияқты аңдардың ініне түтін салып, іннен қаша шыққанда ұстайды.
Аңшылықтың сан қырлы тәсілдері әкеден балаға жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған.
Жағдаяттық тапсырма (диалог)
Аңшы: Ассалаумағалейкум, ата.
Қарт ақын: Уағалейкумассалам, балам.
Аңшы: Денсаулығыңыз жақсы ма? Үй іші, мал-жаныңыз аман ба?
Қарт ақын: Деніміз сау, мал басы аман.
Аңшы: Ақын ата, бүгінгі олжамды сіздің қанжығаңызға байлағым келеді.
Қарт ақын: Рахмет, айналайын. Өркенің өссін.
Танымдық дерек: «Құралайдың желі»
Елік алғаш рет лақтарын ертіп шыққанда, кейде ауа райы суытып, жел тұрады. Халық арасында осы құбылысты «Құралайдың желі» деп ырымдайды.
Мағынасы
Табиғаттың тосын мінезі мен төлдеу кезеңінің нәзік уақытын аңғартып, сақтыққа шақыратын халықтық түсінік.
Ой толғау және шығармашылық жұмыс
«5 жол өлең»
Оқушыларға тақырып бойынша 5 жолдан тұратын өлең құрастыру ұсынылады.
- 1-топ: «Елік»
- 2-топ: «Аң»
- 3-топ: «Аңшы»
Рефлексияға сұрақтар
- Бүгін не білдіңдер?
- Не ұнады?
Бағалау және үй тапсырмасы
Бағалау
Бағалау парағы арқылы жүргізіледі.
Үйге тапсырма
Мамытбек Қалдыбаев туралы шағын мәнжазба (эссе) жазып келу.
Авторлық мәлімет
Павлодар қаласы, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі — Картабаева Динара Гиззатовна.