Әлем таныған Әуезовтің ұлылығын дәріптеу

Мақсаты мен міндеттері

Бұл ғылыми-практикалық конференция Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің өмір жолын, жазушылық қызметін және әлемдік мәдениетке қосқан үлесін жүйелі түрде танытуға арналған.

Білімділік

Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы туралы нақты мағлұмат беру, әлемдік мәдениеттегі орнын айқындап, білімді жүйелеу.

Дамытушылық

Өзіндік ізденіске баулу, ой-өрісті кеңейту, рухани дүниені байыту; пікірді ашық айту және еркін сөйлеу дағдыларын жетілдіру.

Тәрбиелік

Әуезовтің ұлылығын дәріптеу, заңғар жазушыны құрметтеуге, елді және әдебиетті сүюге тәрбиелеу.

Ұйымдастыру

Түрі: ғылыми-практикалық конференция. Әдісі: шығармашылық зерттеу. Пәнаралық байланыс: тарих, әлем әдебиеті, театр, өнер.

Көрнекіліктер

  • М. Әуезов портреті
  • Кітаптар көрмесі
  • Азаматтық шығармашылығына қатысты презентациялық слайдтар
  • «Аңыз адам» журналы, бүктемелер және қосымша материалдар

Жоспар

  1. I Бала Мұхтардан дана Мұхтарға дейін: М. Әуезов өмірінің тарихи тізбесі
  2. II Шежіре: М. Әуезовтің ататегі
  3. III Әуезов әлемі: әдеби қызметі
  4. IV Әуезовтің әдеби мұрасы: шығармашылық салалары
  5. V М. Әуезов – әлем әдебиеті мойындаған тұлға: шығармаларының аудармалары
  6. VI Естеліктер сыр шертеді: музей, жәдігерлер, пікірлер, арнаулар
  7. VII Қорытынды

Кіріспе сөз: Әуезовтің биігі

Туған халқын төрткүл дүниеге танытқан ұлы суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезов — кемел ойдың кеніші, кенен сөздің өрісі. Ол қазақ әдебиетінің көптеген жанрларына тұңғыш рет қалам тартып, бәрін игеріп, ана тіліміздің шұрайын, ел рухының шырайын танытқан қарымды қаламгер әрі дарынды ғалым болды.

Биыл Мұхтар Әуезовтің туғанына 115 жыл толады. Қазақ перзенті болып туып, адамзат перзенті болып өткен қайраткер тағдыры — шындыққа жетелейтін тағылым мектебі. Заманмен бірге тебіреніп, мәңгілікпен үндесе білудің айқын үлгісі де — осы тұлға.

ХХ ғасырдың аласапыран қоғамдық өзгерістері тұсында Әуезов халқымыздың үзіліп қала жаздаған мәдени-рухани арқауына дәнекер болды. Ұлттық сана мен әдебиеттің тұтастығын сақтауға қызмет етіп, кешегі күннен бүгінге жалғасқан рухани сабақтастықтың іргесін бекітті.

Бүгінгі басқосу Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын терең тануға, оның әлемдік әдебиеттегі орнын пайымдауға бағытталады. Оқушыларға жоспар бойынша алдын ала ізденіс тапсырмалары берілді.

I. Өмір жолының тарихи тізбесі

Бала Мұхтардан дана Мұхтарға дейінгі жол — ХХ ғасыр тарихының күрделі белестерімен астасқан тағдыр. Төмендегі деректер Әуезов өмірінің негізгі кезеңдерін жинақтайды.

  • 1897 28 қыркүйек — Семей уезі, Шыңғыс болысы, Бөріліде дүниеге келді.
  • 1908 Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, кейін орыс мектебінің дайындық курсына ауысты.
  • 1915 Қалалық училищені бітіріп, Семей мұғалімдер семинариясына түсті.
  • 1917 Маусым — «Еңлік-Кебек» драмасы алғаш рет Ойқұдықта киіз үйде сахналанды.
  • 1918 Қазан — Омбыдағы Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, атқару комитеті мүшелігіне сайланды.
  • 1919 Семинарияны бітіріп, Семей губревкомындағы қазақ бөлімінде қызмет атқарды.
  • 1921 12 тамыз — Семей губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды; қарашада Орынборға қызметке ауысты.
  • 1922 Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне еркін тыңдаушы болып түсті; «Шолпан», «Сана» журналдарында еңбектері жарияланды.
  • 1923 Ленинград мемлекеттік университетіне (тіл-әдебиет бөлімі) оқуға түсті.
  • 1924–1925 Семей мұғалімдер техникумында оқытушы болып, «Таң» журналын шығарды; кейін Ленинградқа оралып оқуын жалғастырды.
  • 1928 Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданып, Қазақ ағарту институтында сабақ берді.
  • 1930 16 қыркүйек — «ұлтшыл» деген айыппен тұтқындалды.
  • 1932 Шартты түрде босатылды.
  • 1932–1937 Алматыдағы Қазақ драма театрында әдеби бөлім меңгерушісі болды.
  • 1942 «Абай жолы» жарық көріп, сынға ұшырады.
  • 1943 Қазақ мемлекеттік университетінде профессор болып, өмірінің соңына дейін дәріс оқыды.
  • 1946 Қазақстан Ғылым академиясының толық мүшесі (академик) болып сайланды; филология ғылымдарының докторы атағы берілді.
  • 1946–1947 «Абай жолының» екінші кітабы жарық көрді.
  • 1949 «Абай жолы» үшін I дәрежелі Сталиндік сыйлық берілді.
  • 1950 «Ақын аға» (үшінші кітап) жарық көрді.
  • 1951–1954 Идеологиялық қысым қайта күшейді; 1953 жылы Мәскеуге кетуге мәжбүр болды, ММУ-де арнайы курс оқыды.
  • 1954 Алматыға оралып, «Абай жолы» роман-эпопеясын аяқтады.
  • 1955 Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
  • 1957 Жапонияда өткен атом және сутегі бомбаларына тыйым салу жөніндегі бүкіләлемдік конференцияға қатысты; 60 жылдығы кең көлемде аталып, Ленин орденімен марапатталды.
  • 1957–1961 Тіл және әдебиет институтында халық ауыз әдебиеті бөлімін басқарды.
  • 1961 27 маусым — Мәскеуде операция үстінде дүниеден өтті.

Әуезов тағдыры — қазақ болып туып, адамзаттық биікке көтерілген тұлғаның айқын өнегесі: заманмен бірге толғанып, мәңгілікпен үндесе білудің жарқын үлгісі.

II. Шежіре: ататек

Әуезовтің тегі мен шежіресі — тұлғаның рухани қалыптасуын, ортасын және дәуірлік сабақтастықты түсінудің маңызды кілті. Бұл бөлім слайд материалдары арқылы таныстырылады.

III. Әуезов әлемі: әдеби қызметінің белестері

  • 1922 — Ташкенттегі Орта Азия университетіне еркін тыңдаушы болып түсті.
  • 1923 — Ленинград мемлекеттік университетіне ауысты.
  • 1926 — Семейге арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырды.
  • 1927 — Жетісуға сапарлап, Ілияс Жансүгіровпен бірге материал жинады.
  • 1936 — Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты.
  • 1953 — Мәскеу мемлекеттік университетінде профессор болды.
  • 1955–1961 — ГДР, Үндістан, Чехословакия, Жапония, АҚШ сапарлары; Азия-Африка жазушылары конференциясын ұйымдастыруға қатысты.

IV. Әуезовтің әдеби мұрасы

а) Ұлы суреткер: әңгіме мен повесть

Мұхтар Әуезов — ауыз әдебиеті мен классикалық мұраны, Шығыс пен Батыс көркем сөз дәстүрін терең меңгеріп, қазақ әдебиетінің реалистік сапасын арттыруға, әдеби тілді байытуға орасан еңбек сіңірген қаламгер.

«Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу», «Қилы заман», «Көксерек» секілді алғашқы туындылары қазақ сөз өнерін жаңа биікке көтерді. 1920-жылдардағы «Қараш-қараш оқиғасы» — прозадағы шоқтығы биік шығармалардың бірі.

Таңдаулы әңгімелері

«Қыр суреттері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі», «Кінәмшіл бойжеткен», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық», «Бүркітші», «Кешкі дөң басында», «Сыбанның моласында», «Текшенің бауырында» және басқа да туындылар.

ә) Ұлылық үлгісі: «Абай жолы»

«Абай жолы» — Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі роман-эпопеясы. Бұл шығарма қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейге көтеріп, әлем әдебиетіне қуатты көркемдік серпін әкелді.

Эпопеяда қазақ қоғамының алуан қабаты кең қамтылып, кейіпкерлер галереясы жасалды; этнографиялық, діни және мәдени-танымдық дәстүрлер тұтас көрініс тапты. Француз жазушысы Луи Арагон роман туралы: «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» деп бағалағаны мәлім.

Еңбек ауқымы

Абайды 17 жыл зерттеп, эпопеяны 12 жыл жазды.

Әлемдік таралым

Эпопея 116 тілге аударылып, миллиондаған оқырманға жетті; «Әлем әдебиеті кітапханасы» жинағында екі том болып басылды.

Марапаттары: 1949 жылы «Абай жолы» үшін мемлекеттік сыйлық берілді; 1959 жылы төрт том толық жарық көргеннен кейін Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды.

б) Қазақ драматургиясының тарланы

Әуезов қаламынан 20-дан аса драмалық шығарма туды. Оның драматургиясында трагедия, комедия, драма жанрларының барлығы қамтылып, қазақ сахна өнерінің көркемдік өрісін кеңейтті.

«Еңлік-Кебек» (1917) — алғашқы іргелі пьесалардың бірі; «Түнгі сарын» — қазақ драматургиясында реализмнің орныққанын айғақтайтын мәнді туынды. 1934 жылы сахналанған «Хан Кене» трагедиясы азаттық идеясын терең бейнелеген тарихи шығарма ретінде ерекшеленеді.

Бірлескен шығармалары

Л. Соболев («Абай»), С. Мұқанов («Ақан – Зайра»), Ғ. Мүсірепов («Қынаптан қылыш»), Ә. Тәжібаев («Ақ қайың»), Ә. Әбішев («Намыс гвардиясы») және басқа да еңбектер.

в) Ұлт мақтанышы: ғылыми мұра, очерктер, мақалалар

Әуезовтің тұлғалық болмысы тек көркем әдебиетпен шектелмейді. Ол әдебиеттанушы, ғалым, ұстаз, қоғам қайраткері ретінде де өнімді еңбек етті. 1917 жылы жазған «Адамдық негізі — әйел» атты мақаласының өзінде елдік ойлар мен қоғамдық жауапкершілік анық көрінеді.

Ғылыми еңбектер

«Әдебиет тарихы», «Уақыт және әдебиет», «Абай Құнанбаев», «Абайтану дәрістері», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Манас» туралы зерттеулер және тағы басқа.

Очерктер

«Америка әсерлері», «Америка сапары», «Индия очерктері», «Түркістан солай туған», «Ол күнгі Алматы», «Абай ауылында» және өзге жазбалар.

Мақалалар

«Қазақтың өзгеше мінездері», «Оқу әдісі», «Ғылым тілі», «Мәдениет һәм ұлт», театр мен әдебиет туралы жазбалар және 300-ден астам публицистикалық еңбек.

«Ел боламын десең — бесігіңді түзе!» деген ой — бүгін де мәнін жоймаған азаматтық ұстаным.

г) Аудармалары

Әуезов әлемдік және орыс классикасының, сондай-ақ бауырлас халықтар әдебиетінің танымал шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем аударма мәдениетінің өрісін кеңейтті.

Аударған авторлары мен шығармалары қатарында Крылов мысалдары, А. Пушкин, Низами, Гете, Дж. Лондон, Н. Гоголь, Л. Толстой, У. Шекспир, И. Тургенев, А. Чехов және басқалар бар.

V. Әлем әдебиеті мойындаған тұлға

Мұхтар Әуезов есімі әлемдік әдеби кеңістікте классиктермен қатар аталады. ХХ ғасырдағы таңдаулы басылымдарда оның шығармаларының айрықша орын алуы — заңды құбылыс.

«Абай жолы» эпопеясы 116 тілге аударылды. Сонымен бірге Әуезовтің бірқатар шығармалары ағылшын, араб, неміс, француз, испан, қытай, корей, түрік, парсы, поляк және басқа көптеген тілдерге тәржімеленді. Бұл деректер оның тек қазақ әдебиетінің ғана емес, әлемдік әдебиеттің де ірі тұлғасы екенін дәлелдейді.

VI. Естеліктер сыр шертеді

а) Мұражай және жәдігерлер

1961 жылы үкімет қаулысымен жазушы тұрған үй мұражайға айналды. Қалпына келтіру жұмыстарынан кейін 1963 жылы келушілерге есігін ашты. 1993 жылға дейін мұражайды жазушының қызы Ләйлә Мұхтарқызы басқарды. Бұл үйде Әуезов 1951–1961 жылдары тұрған.

1997 жылы Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Сол мерейтой қарсаңында жазушы өмірі мен шығармашылығына арналған жаңа экспозиция залы ашылды.

ә) Ұлы адамдардың лебіздері

«Мұхаңды құрметтеу — елдің тәуелсіздігін құрметтеу, өз еліңді сүю, Отаныңды қорғау».
Н. Ә. Назарбаев
«Әуезов Қазақстан үшін екінші Абай, біз үшін Шығыстың Шолоховы еді».
Н. Погодин
«Біз үшін Абай қандай болса, Мұхаң да — сондай даналық мектебі. Ол мектептен дәріс алу — әр қазақтың абыройлы борышы».
Дінмұхамед Қонаев
«Өз биігің — Мұхтар Әуезов сияқты асқар шыңың болу керек».
Шыңғыс Айтматов
«Мұқаң — әрі жазушы, әрі ғалым, әрі ұстаз, әрі қоғам және мемлекет қайраткері. Ол осының бәрін қатар ұстай білген, үйлесімнің үлгісі болатын».
Зейнолла Қабдолов

б) Ақындар арнаулары

Әуезовке арналған жырлар — халық ықыласының көрінісі. Қаламгерге Қасым Аманжолов («Мұхтар аға!»), Сырбай Мәуленов («Мұқаңа»), Расул Ғамзатов («Мұхтар аға»), Әбдіраштың Жарасқаны («Тарих заңы»), Мұхтар Шаханов («Менің есімімді неге Мұхтар қойған?») секілді ақындар жүрекжарды өлеңдерін арнаған.

VII. Қорытынды

Әуезов әлемі — кең де терең құбылыс. Оны екі ауыз сөзбен түйіндеу мүмкін емес. Әр дәуір, әр ұрпақ бұл мұраны қайта танып, қайта талдап отыруға тиіс.

Француздар Бальзакты, орыстар Толстойды, немістер Гетені қалай зерттеп, зерделесе, қазақ қоғамы да Әуезовті дәл солай танып-білуге ұмтылғанда ғана ұлттың өзін-өзі тануы, бағалауы, қадірлеуі күшейе түседі. Өйткені Әуезов әлемін қазақ өмірінен бөліп қарауға болмайды.

Әуезов құдіретінің өзегі — елге деген шексіз махаббат пен сенім. Осы ақиқатты сезіну бүгінгі тәуелсіз мемлекет іргесін нығайтып жатқан ұрпаққа қажымас қайрат, жасымас жігер қосады.