Ұлы Отан соғысы туралы кітаптар, батырлар суреттері
Жеңіс туы желбіре!
Бұл мерекелік тәрбие сағаты балаларды адамгершілікке, Отанды сүюге және оны қорғауға баулуға арналған. Мақсатымыз — олардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық тәрбие беру, Ұлы Отан соғысы туралы түсінігін кеңейту және қазақстандықтардың ерлік істерімен таныстыра отырып, ой-өрісін дамыту. Сонымен қатар, балаларды үлкендерді сыйлауға, қадірлеуге тәрбиелеу көзделеді.
Музыкалық сүйемелдеу
- Ән: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні
- Хор: «Әрқашан күн сөнбесін»
- Би: «Катюша» (орыс биі)
- Ән: «Бұл шақта»
Көрнекіліктер
- Ұлы Отан соғысы туралы кітаптар
- Батырлар туралы суреттер мен фотоматериалдар
Тәрбиешінің кіріспе сөзі
Соғыс жылдарында Кеңес Одағы құрамында Қазақстан да жан аямай шайқасты. Даңқты Қарулы Күштердің және еңбек армиясының қатарында миллиондаған қазақстандық болды. Ат ауыздығымен су ішкен, ер етегімен су кешкен сұрапыл кезеңде ерлермен бірге қолына қару алып, Отанын қорғаған батыр қыздарымыз — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәмбетова — өшпес ерлік көрсетіп, қаһармандықпен қаза тапты.
Бауыржан Момышұлы — Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, Халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы.
9 мамыр — Жеңіс күні
Жеңіс күні — бүкіл әлем бойынша аталып өтетін үлкен мереке. Бұл күн әсіресе соғыстың ауыртпалығын көтеріп, Отан үшін от кешкен, майдан даласында қайсарлықпен шайқасқан ардагерлер үшін айрықша мәнге ие.
Естен шықпас есімдер
Біздің бейбіт өміріміз үшін жанын қиған ата-әжелеріміздің есімін ешқашан ұмытпау — әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.
Құттықтау
Құрметті ата-аналар, балабақша ұжымы және балалар! Бүгін — 9 мамыр, Жеңіс күні құтты болсын. Күндіз күлкі, түнде ұйқымыз тыныш болсын!
Мерекелік бағдарлама
Сөз — «Балбөбек» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Кайрова Сәуле Сатыбалдықызына беріледі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалады.
Хор — «Әрқашан күн сөнбесін».
Балалар — Отан, туған жер туралы тақпақтар.
Отан туралы тақпақтар
Санжар
Отан үшін жанымызды береміз,
Отан үшін барлығына көнеміз.
Отаның да, ананың да алдында,
Осы өмірде парызды өтеп кетеміз.
Кәусар
Сарқылмайтын қуатым,
Тірегімсің сен, Отан.
Мәңгі соғып тұратын,
Жүрегімсің сен, Отан.
Жанель
Туған жерде толамыз,
Ертең жігіт боламыз.
Отан — ортақ үйіміз,
Көңілді ән мен күйіміз.
Әмина
Отан — сенің ата-анаң,
Отан — досың, бауырың.
Отан — өлкең, астанаң,
Отан — аудан, ауылың.
Аяна
Бақытты боп жүргенім —
Сенің арқаң, Ұлы Отан.
Елім менің — тірегім,
Құшағыңды гүл атам.
Дархан
Асыр салып, таласып,
Біз — туған ел баласы.
Қандай байтақ Отаным,
Жан-жағыңа қарашы.
Ержан
Отаным — кең көсілген,
Төсінде ырыс өсірген.
Қаптаған нан, алтын дән —
Бәрі менің несібем.
Соғыс сабағы және үміт
Иә, сұрапыл соғыс ешкімді аямады: ана жарынан айырылды, бала әкесінен айырылды. Бірақ үміт оты ешқашан өшкен жоқ — баласы әкесін күте берді. Ақыры әлем халқы бостандыққа қол жеткізді. Отан ұғымы терең сезілді. Қаһарман ерлік пен тынымсыз еңбек жеңіске жеткізді, басқыншылық тізе бүкті. Бірлік, ерлік және халықтар достығы нығая түсті.
Арылтып жаудан жеріңді,
Табанға жаншып өлімді.
Жеңіспен желпіп өмірді,
Оралды ерлер көңілді.
Десеңдер бұл қай күні —
Тоғызыншы мамыр күні!
Жеңіс туралы тақпақтар
Дария
Жеңіс, жеңіс — естіледі жалынды,
Жеңіс, жеңіс — қоңыраулар қағылды.
Күн парақтар қып-қызыл боп ашылды,
Жеңіс келген тоғызыншы мамырды.
Темірлан
Домбырада саусақтары жаралы,
Жеңіс, жеңіс — атам әнге салады.
Шаршағанда, аңсағанда жас шағым,
«Жеңіс» деген сөзден ләззат алады.
Ильяс
Ағайлардан, апайлардан, інімнен,
«Жеңіс» сөзін көп естідім мен бүгін.
Сәл күбірлеп «жеңіс, жеңіс» деп едім,
Жазылғандай әжем белі бүгілген.
Мұхаммедали
Жадыраңқы бүгін қабақ ашылған,
Жаса, жеңіс — мұң-қайғыны қашырған.
Мен жеңістің көріп тұрмын алауын,
Жанарымнан алтын шуақ шашылған.
Би нөмірі
Орыс биі — «Катюша».
Ерлікке тағзым
Ұлы Отан соғысына қатысқан батырларымыздың қатарында Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәмбетова, Әлия Молдағұлова, Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигелдинов бар. Олар ел алдындағы борышын өтеп, жеріміздің тұтастығын қорғап қалды. Халықтың бақыты мен қуанышын, жас ұрпақтың болашағын сақтап қалған ерлерге тағзым етеміз.
Ардагерлердің ерлігі арқасында біз бүгін еркін өмір сүріп, шаттана күлеміз. Бұл — Ұлы Жеңістің жемісі.
Басты тілек
Әрине, соғыс болмасын! Біз соғысқа қатысып «батыр» болуды емес, бейбіт күннің батырлары болуды мақсат етейік: ел үшін аянбай еңбек етіп, білім алып, өз жеріміздің нағыз патриоты болайық.
Сұрақ-жауап
Тәрбиеші: Балалар, біздің шекараны кім қорғайды?
Балалар: Солдаттар.
Шекарада солдат тұр,
Ел бақытын қорғап тұр.
Көңілденсін ағалар,
Амандық хат жолдап тұр.
Ән: «Бұл шақта».
Қорытынды
Осымен «Ұлы Жеңіс — жасасын!» атты тәрбие сағаты аяқталды.
Атырау облысы, Исатай ауданы, Исатай ауылы
Бегимбетова Асел Болатовна