Отбасының берік болуы дүниеге нәрестенің келуі

Отбасы жарастығы

Бұл сабақтың өзегі — баланың отбасы мен жақын туыстарын сүюін тереңдету, отбасылық қарым-қатынас құндылықтарын түсініп, күнделікті өмірде қолдануға үйрету.

Мақсаты

Балалардың отбасы, жақын туыс адамдарын сүюі және отбасылық қарым-қатынас құндылықтары туралы түсінігін кеңейту.

Міндеттері

  • Білімділік: Отбасының адам өміріндегі маңызы, туған-өскен үйдің жылылығы туралы түсінік беру.
  • Дамытушылық: Отбасындағы жарастық, сыйластық, сүйіспеншілік сезімдері мен қарым-қатынастың дамуына ықпал ету.
  • Тәрбиелік: Сыйластыққа, сүйіспеншілікке, өзара татулыққа тәрбиелеу.

Сабақ барысы: «Шаттық шеңбері»

Балалар дөңгелене тұрып, киіз үйдің құрылысын бейнелейтін қимыл-қозғалыстар арқылы бірлік пен тұтастық ұғымын сезінеді.

Дөңгелене тұрайық,
Керегені құрайық.
Уықтар боп иіліп,
Шаңыраққа киіліп,
Киіз үйді құрайық.

(Киіз үйдің суретін көрсету ұсынылады.)

Жылы сәт: Алақандарды бір-біріне жақындату арқылы жылылық сезімін байқау.

— Енді алақандарымызды бір-біріне жақындатайық. Не сезіндіңдер?

— Бұл жылылық тек алақаннан ғана емес, жақсы сөзден де, жылы лебізден де сезіледі.

Осыдан кейін балалар бір-біріне жылы тілектер айтып, жағымды атмосфера қалыптастырады.

Әңгімелесу

Егер бір үйде, ортақ мекенде тұратын адамдар күн сайын бір-біріне жылы сөз айтып жүрсе, сол шаңырақ қуаныш пен жылылыққа бөленеді.

Шаңырақ — адамдардың бірге тұратын мекені. Бұл ұғымды үй, отбасы, тіпті мемлекет мағынасында да түсіндіруге болады.

Мұндай ортада бір-біріне жақын, туыс адамдар өмір сүреді: олар сыйласады, бір-біріне жәрдемдеседі, қолдау көрсетеді.

Отбасын кімдер құрайды?

Ой қозғау сұрақтары

  • «Отбасы жарастығы», «отбасы бақыты», «отбасы қуанышы» ұғымдарын қалай түсінесің?
  • Адамдар отбасындағы сыйластыққа қалай қол жеткізе алады?
  • Қиын жағдайдың шешімін табу үшін ата-анаңмен еркін сырласып, ақылдаса аласың ба?
  • Ата-анаңды қуанышқа бөлеген кездеріңді айтып бер.

Мәтінмен жұмыс

Шығарма

«Мен оны пір тұтамын» — Ж. Солтиева

Оқу тәсілі

Үзілістермен оқыту (оқып тоқтау, талқылау, қорытындылау)

Талқылау бағыттары

  • Мұраттың отбасына түскен қиындықтарды жеңуіне не себеп болды?
  • Жақын адамға адал жар, берік отбасы болу үшін адамға қандай қасиеттер қажет?
  • Кейіпкерге хат жазу: қолдау көрсету, кеңес айту, жақсы тілек білдіру.
  • Болжам жасау: оқиғаның жалғасы қалай өрбуі мүмкін?

Қорытынды ой

«Жақсылыққа — жақсылық» қағидасы отбасындағы қарым-қатынастың да өзегі: ықылас пен мейірім қайтып оралады, ал жылы сөз татулықты күшейтеді.

Жаңа ақпарат: берік отбасының тіректері

Отбасының берік болуы сыйластық, сүйіспеншілік, кешірім, сенім, төзім және адамгершілік сияқты қасиеттерге байланысты.

Отбасының қуанышын арттыратын үлкен оқиғаның бірі — дүниеге нәрестенің келуі. Әрбір ата-ана өз болашағын, отбасының жалғасын көріп, ұрпақтың өмірге келуін асыға күтеді.

Иә, Алла, көрдім бе, көрмедім бе?!
Иә, тәңірім, бердің бе, бермедің бе?!
Шырылдаған үніңнен айналайын,
Шыныменен өмірге келгенің бе?!

Қызым болсаң — қырымда құралайсың,
Ұлым болсаң — ұлы бір мұрадайсың.
Естисің бе, есі жоқ, ей, дүние,
Менен неге сүйінші сұрамайсың?!

М. Мақатаев