Педагогикалық әдеп

Материалды дайындаған: директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Назым Төкебаева

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы (2007 жылғы 27 шілде, №319), 51-бапта педагог қызметкердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі айқындалады. Соның ішінде педагог педагогтік әдеп нормаларын сақтауға міндетті.

Этика және педагогикалық әдеп

Этика дегеніміз не?

Этика — әдеп мәдениетін теориялық тұрғыдан талдайтын философиялық ұғым.

Педагогикалық әдеп дегеніміз не?

Педагогикалық әдеп — этика ғылымының бір бөлігі. Ол педагогикалық адамгершіліктің ерекшеліктерін зерттейді, педагогикалық еңбектегі адамгершіліктің ортақ қағидаларының жүзеге асуын қадағалайды, негізгі қызметтері мен этикалық категорияларын қарастырады.

Педагогикалық әдептіліктің көрсеткіштері

Кәсіптік жауапкершілік көрсеткіштері

  • Кәсіпке және қоғамға деген жауапты қарым-қатынас.
  • Тәртіпті болу; өзіне де, балаларға да талап қоя білу.
  • Эмоционалдық байсалдылық, әдептілік.
  • Ұжымдағы әріптестермен дұрыс, сыйластыққа негізделген қарым-қатынас.

Өзіне қоятын жоғары талап көрсеткіштері

  • Әділ болу, барлық баланың тең екенін мойындау.
  • Өз мінез-құлқына баға беру, өзін-өзі сын тұрғысынан талдау.
  • Өзін үздіксіз жетілдіру.

Әдеп қай жерде көрінеді?

Тілдесу, қарым-қатынас кезінде
Сөйлесу икемділігінде
Оқушы іс-әрекетін ұйымдастыра алуда
Өзін ұстай білу және талап қоя білуде
Ескерту жасаған сәтте
Баланың мінез-құлқына баға беруде
Мадақтау мен жазалауды орынды қолдануда
Дауыс ырғағында

Педагогикалық әдептің ерекшеліктері

  1. 1 Ұстаздың кәсіби мінез-құлқы мен іс-әрекетіндегі өлшем.
  2. 2 Ықпал ету және өзара әрекеттесуде әдістерді, түрлерді, тәсілдерді таңдау өлшемі.

Әдептілік педагогтың мінез-құлқындағы тұрақты ерекшелікке айналуы керек.

Кәсіби шеберлік пен әдептің байланысы

Педагог қызметінде пәнді терең білу мен оқытудың әдіс-тәсілдерін меңгеру маңызды. Бірақ педагогикалық мәдениет пен өмірлік ұстаным да дәл сондай мәнге ие. Теорияны қаншалықты жақсы білсе де, педагогикалық әдептің қыр-сырын меңгермейінше, ұстаздық шеберлік толық қалыптаспайды.

«Педагогика теориясын қаншама жетік білгенмен, педагогикалық әдептің қыр-сырын меңгермейінше, педагог ұстаздық шеберлікке қолы жетпейді.» — К. Д. Ушинский

Педагогикалық әдеп — мұғалімнің ең етене кәсіптік белгісі.

Педагогикалық шеберлік дегеніміз

  • Пәнді жетік білу.
  • Оқыту мен тәрбиелеу әдіс-тәсілдерін меңгеру.
  • Өмірге деген көзқарас.
  • Педагогикалық әдеп.

Негізгі белгілері

  • Кәсіптік білім.
  • Біліктілік.
  • Дағды.
  • Кәсіптік қабілет.
  • Педагогикалық әдеп.
  • Педагогикалық техника.

Педагогтың этикалық бейнесі (оқушылар көзқарасы)

Болу керек қасиеттер

  • Мейірімділік.
  • Балаларға деген шынайы махаббат.
  • Эмоционалдық байсалдылық.
  • Әділдік.
  • Балаларға зейін қою.
  • Қайырымдылық.
  • Сергектік.
  • Өмірді сүйгіштік.
  • Тіл табыса білу, бәрімен араласа білу.
  • Жігер.

Болмауы керек қасиеттер

  • Дөрекілік.
  • Оқушыны жеке тұлға ретінде қабылдамау, сыйламау.
  • Әділетсіздік.
  • Өзін-өзі ұстай алмау.
  • Әдепсіздік.
  • Балаларға немқұрайлы қарау.
  • Өз пәніне немқұрайлы қарау.

Педагогикалық этикада ұстаздың адамгершілік қасиеттері қоғамдық құндылыққа айналады. Бұл қасиеттерсіз мұғалімнің өзге кәсіби қасиеттері мен икемділіктерінің құндылығы төмендейді.

Зияткерлік және психологиялық қасиеттермен қатар жауапкершілік, абырой, әділеттілік, шынайылық, ар-ұят, қарапайымдылық педагогикалық беделдің негізгі құрамдас бөліктері болып саналады.

Әл-Фараби: ұстазға тән туа біткен қасиеттер

«Нағыз тәрбиеші ұстаз бойында он екі туа біткен табиғи қасиетті меңгерген дана адам болуы керек.» — Әл-Фараби

  • Өнер-білімге құштар.
  • Мүшелері мінсіз, жинақы.
  • Айтылғанның бәрін тез ұғып, терең түсінетін.
  • Естігенін, көргенін, аңғарғанын жадында жақсы сақтайтын; алғыр, аңғарымпаз.
  • Өткір сөз иесі, ойын анық жеткізе алатын.
  • Тамаққа, ішімдікке және артық сөзге қанағатшыл.
  • Жаны асқақ, ар-намысын ардақтайтын.
  • Игі істерге ынтызар.
  • Әділеттілікті сүйіп, әділетсіздік пен озбырлықты жек көретін.
  • Жақынға да, жатқа да әділ; пасықтыққа ымырасыз.
  • Қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл, ер жүрек.
  • Осы қасиеттерді үйлестіре алған адам ғана нағыз ұстаз әрі жақсы басшы бола алады.

Педагог пен оқушы қарым-қатынасындағы әдеп

Қатынас жасау өнері

  • Өз мінез-құлқы мен сезімдерін басқара білу.
  • Бақылай, қадағалай алу.
  • Назарды басқа жаққа аудара білу.
  • Тәрбиеленушінің ішкі жан дүниесін түсіну және ескеру.
  • «Жүзіне қарап оқи алу» (эмоцияны, көңіл күйді аңғару).
  • Оқушымен байланыс орната білу.

Қарым-қатынасты ұйымдастыру қағидалары

  1. 1 Қарым-қатынастың барлық түрін қолданыңыз: ақпарат алмасу, өзара әрекеттестікті ұйымдастыру, баланың тұлғалық қырын ашу, ықпал ету.
  2. 2 Шешкіңіз келетін мәселені айқын әрі нақты тұжырымдаңыз.
  3. 3 Стратегия мен әдістерді алдын ала ойластырып, баланың санасы мен мінез-құлқына ықпал ететін тәсілдерді таңдаңыз.
  4. 4 Тілдесуді «тік» емес, «көлденең» деңгейде ұйымдастырыңыз: педагог пен оқушы — серіктес.
  5. 5 Балалардың көңіл күйін түсінуге тырысып, сынып климатындағы ұсақ өзгерістерге назар аударыңыз.
  6. 6 Қатынаста бастаманы өз қолыңызға алыңыз: бастамашылық ынтымақтастыққа жол ашады.
  7. 7 Өзіңізді еркін ұстаңыз: бөгелу, бейберекет қозғалыс, орынсыз күлкіден сақтаныңыз.
  8. 8 Таптаурын қалыптан аулақ болыңыз: алдын ала «дайын сценарийге» сүйену тілдесуді жұтаңдатады.
  9. 9 Жекелеген оқушыларға қатысты келеңсіз көзқарасыңызды көрсетпеуге тырысыңыз.
  10. 10 Мақтау, қолдау, мақұлдауды орнымен қолданыңыз.
  11. 11 Оқушыны ести және тыңдай білу қажет.
  12. 12 Жиі күліңіз: жылы күлкі тілдесуге көмектеседі.

Мұғалімге арналған бағдар қағидалар

  • Балаларға әрқашан сенім білдіру.
  • Оқушыларға оқу мақсаттары мен міндеттерін белгілеуге және нақтылауға көмектесу.
  • Оқуға деген ішкі қызығушылықты қолдау.
  • Қиындық туған кезде кеңес алуға болатын тәжірибе көзі болу.
  • Өз сезімін балалар мен әріптестер арасында ашық әрі мәдениетті түрде білдіру.
  • Әр оқушының сезімі мен толғанысын түсінуге мүмкіндік беретін эмпатиялық деңгейге ұмтылу.

Педагогикалық жағдайлар (талдауға арналған)

Жағдай 1

Бірінші сынып оқушысы Айдын сабақтан кейін мұғалімнің үстеліне сүйеніп: «Білесіз бе, мен сізден кеңес алайын деп едім…» — деп сөзін бастайды. Мұғалім ашуланып: «Сен мұғалімнің алдында қалай тұрсың?» — дейді. Содан кейін ғана: «Менен не сұрайын деп едің?» — деп сұрайды. Айдын түнеріп: «Жоқ, ештеңе» — деп жауап беріп, сыныптан шығып кетеді.

Жағдай 2

Екінші сынып оқушысы Айгүлге келген хат мұғалімнің қолына тиеді. Ұстаз хаттағы қателерді түзете бастайды да: «Төлегеннің түрі!» — деп мысқылдайды. «Төлеген» сыныптан атып шығып, кейін мектепке келмей қояды.

Педагогикалық техника: ықпал ету мәдениеті

Педагогикалық техника — педагогтың тәрбиеленушілерге ықпал етуді қамтамасыз ететін икемділіктер кешені.

Сөйлеу

Дұрыс әрі мәнерлі сөйлеу, эмоциялық реңк, интонация, сенім тудыру.

Вербалды емес құралдар

Жест, мимика, пантомимиканы орынды қолдану.

Өзін-өзі реттеу

Психикалық күйді: сезім мен көңіл күйді басқара білу.

Әлеуметтік перцепция

Өзін сырттай «көре алу», қабылдауды басқару.

Сахналық емес, сыныптық нақтылық: қимыл мен қалып

  • Сөйлесу кезінде қолды айқастырмаңыз, аудиторияға бетіңізбен бұрылып тұрыңыз.
  • Ара-қашықтық тым алшақ болмауы керек.
  • Оңға-солға емес, алға-артқа қозғалған тиімді: алға қадам — ойдың маңызын күшейтеді, артқа қадам — тыңдаушыға тыныс береді.

Мимика мен көзқарастың әсері

Мимика — беттің қимылдары арқылы сезім, ой, көңіл күйді жеткізу өнері. Көп жағдайда бет-әлпет пен көзқарас сөзден де күшті әсер етеді және ақпараттың қабылдануын жеңілдетеді.

Сыртқы келбет пен ұстаз бейнесі

  • Киім эстетикалық жағынан әсерлі, әдемі, жарасымды болуы керек.
  • Шаш үлгісі, киім, әшекей — баланың қабылдауына ықпал ететін құрал екенін ескеріп таңдалсын.
  • Жүз жайдары, қозғалыс жинақы болғаны дұрыс.
  • Өзіне сенімділік — педагог бейнесінің өзегі.

Дене қалпының «хабарламасы»

Тік дене қалпы — сенімділік, зеректік, кішіпейілділік.

Оқушыға теріс қарап сөйлеу — қызығушылықтың жоқтығы.

Қырымен тұру — теріс, негативті қатынас белгісі.

Сұрақ қойғанда алға еңкею — оң қарым-қатынас, ынта.

Қорытынды ой: шеберлікке апарар жол

Егер мұғалім ынта-ықылас танытып, табандылықпен еңбектенсе; идеялық тұрғыда орнықты, азаматтық ұстанымы айқын болса; өз пәнін терең білсе; оқытудың әдістемесін меңгеріп, бала психологиясын жете түсінсе; педагогикалық техниканы қалыптастырса; педагогикалық кәсіптің қыр-сырын игеріп, педагогикалық әдепті бойына сіңірсе — онда ол талантты, шебер ұстаз бола алады.